Ем іздеген, денсаулығын сауықтырғысы келген өңір тұрғындары қазір көбіне еліміздің басқа өңірлеріндегі санаторийлерді таңдап жүр. Себебі солтүстікте бірде-бір шипажай жоқ. Петропавлдағы қос мекеме – “Солнечный” профилакторийі мен “Транссиб” санаторий-профилакторийі табиғаты әсем жерде орналаспағандықтан көпшіліктің барғысы келмейді.
Біздің өңір аумағында өзінің сұлулығымен, жасыл желегімен, таза ауасымен, емдік қасиеті мол суы және лайымен қазақстандықтар ғана емес, көрші елдердің, соның ішінде ресейліктердің арасында танымал санаторий болған. Қызылжар өңірінің інжуіне айналған Шалқар-Имантау курорттық аймағында орналасқан “Нефтянник” деп аталған бұл санаторийдің құрылысы Шалқар көлінің жағалауында 1973 жылы басталып, тек алты жылдан кейін ғана пайдалануға берілген екен. 4 гектардан астам аумақты алып жатқан емдеу-сауықтыру орны соңғы жылдары қолдан-қолға өтті. Мәселен, 2000 жылы ол Көкшетау мұнай базасына қарап, атауы “Шалқар су” болып өзгертілді. 2005 жылы Ішкі істер министрлігі сатып алып, атауын “Арқа” деп өзгертіп, оны ведомстволық санаторийге айналдырды. Шипайжай 2016 жылға дейін осы министрлікке қарады. Иесі жиі ауысқандықтан сауықтыру нысанына дұрыс күтім жасалмады, осы жылдар ішінде бір рет те күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Шалқар-Имантау курорттық аймағы Қазақстанда туризм дамытылуы тиіс ТОП-10 орынның тізіміне енген. Осыған орай инвестор табылып, тоз-тозы шыққан шипажайды жаңғырту қолға алынған екен. Нысан жоспар бойынша былтыр жазда пайдалануға берілуі тиіс еді.
“Шипажайда екі жатын корпусы, лаймен емдеу, асхана, әкімшілік ғимарат, жеке қазандық пен хауыз бар. Барлық ғимарат сапалы салынған. Ұңғыма, су желісі, орталықтандырылған кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтылған.
Бір мезетте 120 адамды қабылдай алады. Емделіп, демалушыларға арналған 4 – люкс, 8 – жартылай люкс; 3 орындық – 12 бөлме; 2 орындық – 12 бөлме заманауи жиһаздармен жарақтандырылмақ. Жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта жаңадан қазандық салынды. Су желісі жаңғыртылып, екі жатын корпусқа жылу трассасы тартылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жақында асхана ғимаратына да жылу желісі тартылады”, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы сауда және туризмді дамыту бөлімінің бас маманы Айя Қасьянова.
Инвестор шипажайды қалпына келтіруге бүгінге дейін 600 млн. теңге жұмсаған. Маманның айтуынша, ашылған кезде шипажайда физиотерапия, сумен емдеу, фитотерапия, инемен емдеу сияқты бірқатар ем-дом көрсетілмек.
Өңір тұрғындары тарапынан санаторлық-курорттық емге қажеттілік бар екені белгілі. Былтыр облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы мүгедектігі бар 952 адам еліміздің өзге өңірлеріндегі шипажайларда тегін демалып, денсаулықтарын шыңдап келген.
“Былтыр санаторлық-курорттық ем алу үшін мыңға жуық адамға 200 млн. теңге қаржы жұмсалды. Олар – негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл адамдар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту қызметтері мен құралдарын бүгінде өздері таңдап ала алады. Ол үшін қызмет алушының үйінде интернеті және электронды-цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Сол сияқты шипажайды да, баратын күнінде өздері таңдап, өтініш қалдырады. Тек қандай да бір өзгеріс болып, белгіленген күні бара алмай жатса, үш күн бұрын ескертуі керек. Тұрғындар Қазақстанның кез келген өңіріндегі шипажайды таңдауға құқылы”, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектігі бар адамдарды оңалту бөлімінің бас маманы Иван Ржевский.
Маманның айтуынша, биыл бюджеттен осы мақсатқа 242 млн. теңге бөлінген. 969 адам санаторлық-курорттық ем ала алады.
Шалқар-Имантау курорттық аймағы базасында сауықтыру орнының ашылатынына қуанышты тұрғындар көп. Олардың дені санаторий ашыла салысымен сол жерге барып ем қабылдауды қалайды. Кейбірі еліміздің өзге аймақтарындағы шипажайларға жұмсалатын қаржының өз өңірімізде қалатынына дән риза.
“Қызылжардың табиғаты ерекше. Ауасы таза. Өзге облыстарда тұратын өкпе дертіне шалдыққан таныстарымның қатарында біздің өңірімізге арнайы көшіп келгендер бар. Биыл жаңа емдеу-сауықтыру орталығының ашылатынын естіп қуанып қалдық. Бізге бір шипажай аздық етеді. Болашақта олардың қатары молайса деген тілегіміз бар”, – дейді облыс орталығының тұрғыны Майра Әбушаріпова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.