(“Өңірлік рәміздерге ортақ идея керек”, 11 қаңтар 2024 жыл)
Қазіргі таңда еліміздің әр ауылында, ауданында және облыстардың өзіндік белгілері бар. Мұндай белгілер әлбетте мемлекеттік рәміздермен қатар қолданылмайды. Мәдени, спорттық, ғылыми және білім саласындағы шараларда және аудан, облыс өндіретін азық-түлік тауарларының белгісі ретінде қолданылады.
Мемлекеттік елтаңбамыз баяғы батырларымыздың қалқаны тәрізді, бір шеңбердің ішіне орналасқан ғой. Ендеше Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, барлық деңгейдегі рәміздер осы пішінді сақтауы тиіс сияқты. Алайда бұл талап облыстық деңгейде, әсіресе біздің өңірде сақталмай келеді. Жалпы өңірлік рәміздерде табиғи ландшафт, батырлар, ақындар, қошқар мүйіз, халық музыкалық аспаптары, екі әлемнің есігіне кірудің белгісі “екі қақпа” элементі, діни ғимараттар бейнеленген.
Жергілікті билік өздері жасап, бекітіп жатқандықтан, аудан мен ауыл жақтан небір түрлі фигураларды кездестіресіз. Ешқандай шектеуі де, шеңбері де сызылмаған еркін композициялар көп. Белгідегі ұлттық, мемлекеттік, саяси, идеологиялық бағыттарға мән беріп жатқан ешкім жоқ. Өткен жылы қоғам өкілдерінің келісімінсіз қабылданған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының өңірлік белгілері қаншама дау-дамайға әкеп соқты. Өз білгендерін жасағысы келгендер қоғамның қатты сынына ұшырады. Әр өңірдің өзіндік белгісі болуына ешкімнің қарсылығы жоқ. Алайда қоғам талқылап, ақылдасып істеген істе береке боларын бәріміз білеміз.
Өңіріміздегі кейбір нышандарға зер салып қарасақ, хайуандар, алқаптар, ескерткіштер, техника, зауыттар және тағы басқа бейнелер арқылы сол тұрғылықты жердің ерекшелігін көрсетуге тырысқан. Бұл – кеңестік кезеңнен қалған үрдіс екені анық көрініп тұр. Таңба елді танытатындай болу керек. Ал аудандардың таңбасына қарап, қайсысына тиесілі екенін ажырату қиын. Өңірлік рәміздерді жергілікті өлкетанушылармен, геральдист мамандармен ақылдаса отырып жасаса, сапасы да жоғары болар еді.
Осылардың бәрін бір жүйеге түсірмесе болмайды. Барлығын біріздендіргеннен кейін түсіндірме сөздігін де шығарса болар еді. Себебі жас толқын өңірдегі рәміздердегі әрі нышанның мән-мағынасын, жеткізгісі келетін негізгі ойын, түстің ерекшелігін білуі керек. Сондай-ақ қазақ геральдикасы мәртебелі ана тілімізде сайрап тұрса, ол да біздің мақтанышымыз емес пе?
Қазіргі таңда өңірімізде геральдика саласын зерттеп жүрген мықты мамандар да жоқ. Тіпті “геральдист” деген маман бар екенін осы күнге дейін естіген емеспіз.
Арнайы мамандар еліміздегі Геральдикалық орталық жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес құру, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, оны пайдалану мен қолданудың ережелерін түсіндіру мақсатында өңірлерге экспедиция ұйымдастыру, семинарлар өткізу мәселесін де жиі айтып жүр. “Геральдикалық зерттеулер орталығы” РММ басшылығының пікірі де сол. Бұл ұсыныстың басты мақсаты – өңірлерде таңбатану саласының мамандарын оқыту, жетілдіру. Бізге аталған саланың мамандары керек. Себебі елімізде, әсіресе, өңірімізде геральдист мамандар көбейсе, тарихи құнды жәдігерлерді зерттеп, ұлттық таңба тануға көп үлес қосар еді.
Медет АЙТЫМБЕКҰЛЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны.