Өңірімізде 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылған “Ауылдың дамуы – елдің дамуы” жобасы қорытындыланды. Еуропалық Одақ жоба аясында Айыртау, Қызылжар және Мамлют аудандарына 123 млн. теңге бағыттаған. Қоғамды және бизнесті дамыту үшін екі жүзге жуық адам оқытылыпты. Бұл жайында Петропавлда өткен қорытынды кеңесте айтылды.
– Бұл жоба жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін жақсартуға, халқымыздың рухани және экономикалық әлеуетін дамытуға көмектесті. Тұрақты даму мен демократияны қолдау үшін біз азаматтық қоғам мен жергілікті бизнесті нығайтуымыз керек, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибуллин.
“Ауылдың дамуы – елдің дамуы” жобасын Еуропалық Одақпен бірлесе жүзеге асырған Ұлттық экономика министрлігі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға да көңіл бөліп отыр. Бұл саланың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаевтың айтуынша, соңғы үш жылдағы тәжірибе мен конституциялық реформаларды ескере отырып, бұл тұжырымдамаға өзгерістер енгізілген. Оның бірі – ауыл әкімдерін сайлау.
Кеңеске қатысушыларды шағын қалалар мен елді мекендердің қалай дамып жатқаны қызықтырды. Мамлют ауданы әкімінің көмекшісі Серік Бәкеевтің айтуынша, бөлінген қаржының арқасында қала көркейіп, көшелер жөнделіп, жарықтандырылған. Орталықтағы нысандар да қалпына келтірілді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.