2010 жылы Ақтаудағы колониядан тұтқындар қашып кеткен кезде әскери борышын адал орындап, көрсеткен ерлігі үшін III дәрежелі “Айбын” орденімен наградталған Ербол Отарбаев облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің жас қызметкерлерімен кездесті.
22 маусымға қараған түні Маңғыстау облысындағы колониядан тұтқындардың қашуы Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі саналады. Ақтау қаласында мерзімді қызметін өткеріп жүрген Ербол Отарбаев оқиға кезінде небәрі 19 жаста еді. Ол батылдық танытып, 21 қарулы тұтқынға қарсы тұра алды.
Ербол Отарбаев кездесу барысында Маңғыстау облысында орын алған оқиға жайлы естеліктерімен бөлісті.
– Мен бекетте болған кезде трансформатор сынып, колонияның барлық периметрі бойынша шамдар сөніп қалды. Дәл сол кезде сотталғандардың маған қарай жүгіріп келе жатқанын көрдім. Олар күтпеген жерден оқ ата бастады. Оқтардың бірі маған да тиді. Салдарынан сол қолымның сүйегі, бір қабырғам сынды, қазіргі уақытта өкпемнің 25 пайызы жоқ. Қысылтаяң шақта оларды қалай да тоқтатуға оқталдым. Ұзақ ойланып тұруға уақыт болмады. Мен әрбір бейбіт тұрғынның өміріне жауап беретінімді түсіндім. Бұл – менің Отан алдындағы борышым. Бұл оқиға қазақстандық “Алтыншы бекет” фильміне негіз болды, – дейді ол.
Қазіргі уақытта Ербол Отарбаев Петропавл қаласындағы Әскери академияның жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультетінің тыңдаушысы. Зайыбы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.