Қай кезде де жастардың үлгі тұтып, бой түзейтіні алдыңғы толқын екені анық. Жастарымыздың еңбекқор, білімді, табанды, іскер болып қалыптасуында аға буынның алар орны зор.
Ұрпақтар арасындағы диалогты нығайтып, еңбек ардагерлерінің өмірін үлгі ету мақсатында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен “Әділетті Қазақстан – адал азамат” атты кездесу өтті.
Ғұмырын өңірдің дамуына арнаған ардагерлердің бірі – Ерсаин Сембин. Ол Омбы ауыл шаруашылығы техникумын тамамдаған. Еңбек жолын 1973 жылы Мағжан Жұмабаев ауданында тәртіп сақшысы болып бастайды. Кейін учаскелік инспектор, аға инспектор болып еңбек еткен. Ел тыныштығын қорғауды өмірлік мақсаты еткен Ерсаин Ғаббасұлының марапаттары да аз емес. Бүгінде оның ұлы да әке жолын қуып, осы салада жұмыс істеп келеді. Жиын барысында облыстық полиция департаменті жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Ақан Сыздықов сөз алып, жылы лебізін білдірді. Денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдері де ортаға шығып, құттықтауларын айтты.
– Халқымызда “жаңбырменен жер көгерер, еңбекпенен ел көгерер” деген ұлағатты сөз бар. Осы нақылды бүгінгі күн тұрғысынан пайымдасақ, Тәуелсіз Қазақстанды еңбегімен көркейтіп, ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының мәртебесі қоғамда биік тұруы тиіс. Облыстық ардагерлер кеңесінің “Шын көңілден” атты әлеуметтік-мәдени жобасы аясында әр салада еңбек етіп, ел құрметіне бөленген абзал жандарға құрмет көрсетіп, жылы лебізімізді арнауымыз осы игі мақсатты көздейді. Олар өз еңбектерімен мақтанбайды. Алайда қоғам олар жайлы білуі керек. Әсіресе, ертеңгі қоғамды құратын жастарымыздың осындай еңбек адамдарынан өнеге алғаны жөн. Олар өз өмірлері арқылы адамгершілік пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті, – деді шараны қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.