«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жеңіс” — жеңімпаздар ордасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Теріскей топырағынан талай талантты да талапты спортшы қанат қаққаны жасырын емес. Оған дәлел – ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген саңлақ­тарымыз. Бүгіндері облысымызда ондаған спорт мектебі жұмыс істейді. Әрқайсысы өз шәкірттерімен мақтанады. Александр Винокуров, Жанат Жақиянов, Алтынбек Аусағитов, Алексей Луценко, Аманғали Бекболатов – жергілікті спорт мектептерінің түлектері. “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге маман­дандырылған спорт мектебі сегіз бірдей спорт түрі бойынша болашақ чемпиондарды тәрбиелеп келеді.

Петропавлдағы “Жеңіс” спорт мектебінің тарихы сонау 1979 жылдан бастау алады. Құ­рыл­ғанына биыл 45 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында басшысы жеті рет ауысқан екен. Әрқайсысының спорт мектебі­нің қалыптасуы мен дамуына қос­қан үлесі орасан.

– Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде мекенжайы да бірнеше рет өзгерді. Бірде қаланың қақ ортасында орналасса, кей жыл­дары облыс орталығының шет­ке­рі аймақтарына көшірілді. Көпшілік­тің қуанышына орай, 1982 жылы қазіргі Жамбыл көшесіндегі ғи­марат тұрғызылды. Содан бері осы залда жаттығып келеміз, – дейді “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі балалар мен жас­өс­пірімдерге мамандандырыл­ған спорт мектебінің директоры Са­быржан Әбілтаев.

Қырық бес жылдың ішінде облыстың басты спорт мектеп­те­рінің біріне айналған шаңы­рақ­тан талай чем­пион­ шықты. Мық­тылары ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, халықаралық жа­рыстарда биік белестерді ба­ғындырды. Тәрбиеленушілері дүниежү­зілік аренада жақсы көрсет­кіш­терге қол жеткізгендіктен 2006 жылы спорт мектебіне “олим­пиадалық резервтегі мамандан­дырылған спорт мектебі” стату­сы берілді.

– Алғашында мұнда тек ко­мандалық спорт түрлері бойын­ша үйірмелер жұмыс істеді. Кейін жаңа бағытта жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта бізде 8 спорт түрі бойынша 900-ге жуық бала жаттығады. Шәкірттерге спорт үйірмелеріне қатысу те­гін. Мемлекет тарапынан қар­жыландырылатындықтан мате­риалдық-техникалық базамыз да нығайып келеді. Ұжымда 87 қызметкер бар. Олардың 40-ы – бапкер, 5-і – жоғары санатты маман, 6-ы – бірінші санатты жаттықтырушы. Қалғандары 2-ші санатты бапкерлер, – деген Сабыржан Амангелдіұлы төрт спорт зал бар екенін, әрқай­сы­сында кез келген спорт түрі бойынша республикалық дең­гей­дегі жарыстарды өткізуге бо­латынын айтты.

Спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдер баскетбол, футбол, волейболдан бөлек, же­ңіл атлетика, семсерлесу, конь­кимен жүгіру, бокс және грек-рим күресімен шұғылданады. Ел абыройын халықаралық тур­нирлерде асқақтатып жүрген Аманғали Бекболатов та кезін­де осында жаттыққан. Ұлттық құ­рама балуаны Данияр Кәленов­тің де жеңісті жолы осында бас­талғанын атап өткен жөн.

– Спорт мектебінен әр жыл­дары әйгілі шәкірттер шықты. “Қызылжар” клубының ойын­шысы Сергей Скорых бізде жат­тыққан. Сондай-ақ қазіргі ко­манда сапында өнер көрсетіп жүрг­ен Тимур Мульдинов та – біздің шәкіртіміз. Жеңіл атлети­кадан ұлттық құрамаға алынып, ел намысын қорғаған Марга­ри­та Мұқашева, Татьяна Юрчен­коларды да атап өтпесек бол­майды. Грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жүл­дегері Ақан Баймағамбетов те осында жаттыққан, – дейді Сабыржан Әбілтаев.

45 жылдың ішінде “Жеңіс” мек­тебінің 70 тәрбиеленушісі ұлт­тық құрама сапында өнер көрсеткен. Осы уақыт аралы­ғында 120 спорт шебері мен 500-ден астам спорт шеберлі­гіне үміткерді даярлаған екен.

– Өткен жылы мектебіміз 5 спорт шеберін, 49 спорт шебер­лі­гіне үміткерді, бірінші санатты 42 және екінші санатты 35 спортшыны даярлады. Барлы­ғы да халықаралық турнирлерге қатысты. Биылғы мақсат – нәти­жені еселей түсу, – дейді Са­быр­жан Әбілтаев.

Спорт мектебінің ұжымы бо­лашаққа нық қадам басып ке­леді, алда бұдан да биік бе­лес­терді бағындыруды көздеп отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp