Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы жаңашылдықтарды түсіндірді. Семинарға аудандар, Петропавл қаласы әкімдері аппараттарының, мәслихаттардың персоналды басқару қызметтерінің, тексеру комиссиясының басшылары қатысты.
Департамент басшысы Дулат Тайшабай өңірлік кадр резервіне алдағы іріктеу және мемлекеттік қызметке жас кадрларды тарту туралы баяндады. Ал Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Лаура Қайыржанова мемлекеттік қызметшілерді оқыту модульдері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сөз арасында мемлекеттік органдар қызметінің бейініне және қызметшілердің функционалдық міндеттеріне сәйкес оқыту тақырыптарын таңдау қажет деген ұсынысын айтты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлнәр Жусалина мемлекеттік қызмет саласындағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдарда меритократия деңгейі 80,6 пайызды құрайды. Бұл – жоғары көрсеткіш. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың кадр қызметтері құжаттамасын “Е-қызмет” ықпалдастырылған ақпараттық жүйесіне форматқа көшіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жүйе еліміздегі мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетін арттырады. Алайда электрондық форматқа көшіру үдерісінде кемшіліктер де жоқ емес. Осы ретте бірқатар олқылықтарға баса назар аударылды.
Жергілікті атқарушы органдардағы кадрлық тұрақтылық – өзекті мәселе. Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Гүлнәр Сәрсембаеваның айтуынша, кадрлардың ауысуы 3,4 пайызды құрайды. Яғни мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлардың тұрақсыздығы байқалады. Көбіне басқа мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуына, басқа саланы таңдауына және тағы басқа себептерге байланысты жұмыс орындарын ауыстырады екен.
Семинарда өткен жылдың наурызынан бастап Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Сауда және интеграция министрлігінде, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде, Ақмола облысының әкімдігінде және Шымкент қаласында жұмыс істей бастаған мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша ережелері туралы баяндалды. Үміткер конкурстық іріктеудің әңгімелесуден басқа кезеңдерін 24/7 режімінде “online” өтеді. Бұл да – мемлекеттік қызметте еңбек еткісі келетіндерге жасалған жағдай.
Шара соңында айтылған мәселелерге қатысты ұсыныстар қабылданып, кездесуге қатысушылардың сұрақтары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.