Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ҰБТ-ға дайындалуға ұсынылған оқулықтар тізімі, үлгілік тест тапсырмалары, тест спецификациялары және жоспары жарияланды.
Талапкерлерге жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндерінен Тарих институтымен бірлесіп бекітілген тізім ұсынылды. Тестілеу барысында кездесетін сұрақтар тек осы хронологиялық кестеде болады.
ҰБТ-да қазақ әдебиеті мен орыс әдебиеті пәндерінен кездесетін шығармалар тізімі (мектеп бағдарламасынан), сондай-ақ информатикадан ҰБТ сұрақтарында кездесетін немесе сұрақтың мазмұнын түсіну үшін қажет терминдер тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылды.
“Талапкерлерге тиімді болу үшін ҰБТ-ға дайындалуға арналған байқау сынақтарын іске қостық. Байқау сынағын өту кезінде үміткер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдаған пәндері бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндік алады. Менің ойымша, бұл балаларға өз дайындықтарын одан әрі жақсартуға көмектеседі”, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сонымен қатар 2024 жылғы түлектер үшін білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр. Бұл сабақтар білім беру орталықтарының “YouTube” арналарында тікелей эфирде өтеді. Оқушылар кез келген уақытта оларды қайта қарай алады.
Әсет ҚАНАФИН.