Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов өңірді аралаған бірнеше күндік жұмыс сапарынан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда Солтүстік Қазақстан облысында орын алып отырған бірнеше түйінді проблемалар аталды.
Халық қалаулысы жергілікті әлеуметтік-экономикалық жағдайды сауықтыру жөніндегі, оның ішінде ауылдық жерлерден халықтың кетпеуіне ықпал ететін шұғыл шараларға көшу қажеттігіне тоқталды.
“Қазақстан халық партиясының депутаттары атынан қатал климаттық жағдайда өмір сүріп жатқан теріскей тұрғындары және қоныс аударушылар үшін толыққанды әлеуметтік жағдайлар жасауды ұсынамын. Атап айтқанда, арнайы “солтүстік” үстемеақысын, субсидиялар, жеңілдіктер, преференциялар және тағы басқа қолдау жүйесін ойластыру керек. Онсыз солтүстік өңірлердің толыққанды дамуына қол жеткізу мүмкін емес. Маңыздыларының бірі – газдандыру. Қостанай облысында елді мекендердің тек 18 пайызы ғана газдандырылған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында табиғи газ мүлдем жоқ. Бұл қадам солтүстік аймақтарды инвесторларға және жалпы өмір сүру үшін экономикалық тұрғыдан тартымды етеді”, – деді Магеррам Магеррамов.
Депутат сапалы ауызсудың тапшылығын да сөз етті. Оның айтуынша, өңірде өзендер мен көлдердің, жер асты суларының молдығына қарамастан сумен жабдықтау түйткілі толыққанды шешілер емес. Сондай-ақ селекцияға, фито және эпизоотиялық, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты байыпты шешім керек. Өңірде бруцеллез және басқа да қауіпті мал ауруларының жиілегені байқалады.
“Ветеринариялық қызметке көзқарасты түбегейлі өзгертпейінше оны дамыту өте қиын. Біз көптеген аудандар мен ауылдарды араладық, тұрғындар адам өмірі мен денсаулығына, ең алдымен, балаларға қауіп төндіретін қаңғыбас иттер мәселесін жедел шешуді өтінді”, – делінген депутаттық сауалда.
Халық қалаулысы жолдардың жай-күйін де назардан тыс қалдырмады. Жолдарды салу мен жөндеуге қатысты тәсілді өзгерту қажет. Қазір жолдарды басқару құқығын аудан, облыс, республика иеленеді. Ауыр техникалар мен салмақты жүктер салдарынан жергілікті жолдарға үлкен нұқсан келеді. Сондықтан таразы станцияларын орнату қажет. Бұл міндетті облыстық әкімдік өз есебіне алуға әзір. Жол ережелерін қадағалайтын қатаң талаптар енгізу керек. Бұл саладағы мердігер кәсіпорындардың жауапкершілігін арттырмай болмайды. Жол төсемінің қызмет ету мерзімін 2 жылдан 10 жылға дейін ұзартуға болады.
Қазақстан халық партиясы фракциясының басшысы үкіметтің барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды және депутаттық сауалдың әрбір тармағы бойынша толық жауап беруді өтінген.
Халық қалаулысы бұған дейін Петропавл халықаралық әуежайының жай-күйін және “Оңтүстіктен-Солтүстікке” мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныстандыру мәселесін де көтерген болатын.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.