Өңірге жұмыс сапарымен еліміздегі Еуропалық Одақ өкілдігінің жобалық үйлестірушісі Снежана Попова келді. Ол алдымен Қызылжар ауданының орталығына барды. Себебі былтыр одақтың қолдауымен Бескөл ауылында 5 жоба іске асырылды. Оның үшеуі – әлеуметтік, қалғаны – бизнес бағытында. Әрбір бастамаға 4 мың евро көлемінде қаржы бөлінді. Одақтың басты талабы – берген гранттың игілігін ел көруі тиіс.
Мәселен, Зульфия Тухватулина Еуропалық Одақтың 4 мың евро көлеміндегі грантын ұтып алып, ойындағысын жүзеге асырған. Ол әлеуметтік жоба аясында Бескөл ауылының ортасында екі демалатын орын жасаған. Ал “Сұлтанғазин” жеке кәсіпкерлігінің 2 млн. 850 мың теңге көлеміндегі гранттың арқасында саудаға шығаратын нанының көлемі артқан. Қазіргі таңда 13 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әзірге нан Бескөл ауылында ғана сатылады. Алдағы уақытта өзге ауылдарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұдан кейін делегация мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған демалыс орталығына барды. Былтыр ашылған орталықта 20-ға жуық спорт түрімен айналысуға болады. Жеке кәсіпкер Марат Нубаевтың айтуынша, орталыққа 50-ге жуық адам келіп жүр. Олар дойбы, тоғызқұмалақ сынды үстел ойындарын қызыға ойнайды. Көз жанарынан айрылған жандардың үстел теннисіне деген қызығушылығы зор.
– Біздің мақсатымыз – жергілікті қоғамдастықты жинау және өзекті мәселелерді анықтап, талқылау. Өңірдегі жобаларды жүзеге асыруға екі үкіметтік емес ұйым тартылды. Бұл – “Интегралдық Астана” және “Соңғы үміт”. Іске асырылған бастамалар көңілімнен шықты, – деді Еуропалық Одақ өкілдігінің жобалық үйлестірушісі Снежана Попова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.