«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРБОЛДЫҢ ЕРЛІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2010 жылы Ақтаудағы колониядан тұтқындар қашып кеткен кезде әскери борышын адал орындап, көрсеткен ерлігі үшін III дәрежелі “Айбын” орденімен наградталған Ербол Отарбаев облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің жас қызметкерлерімен кездесті.

22 маусымға қараған түні Маңғыстау облы­сындағы колониядан тұтқын­дар­дың қашуы Қазақстан тари­хындағы елеулі оқиғалардың бірі саналады. Ақтау қаласында мерзімді қызметін өткеріп жүр­ген Ербол Отарбаев оқиға ке­зінде небәрі 19 жаста еді. Ол ба­тылдық танытып, 21 қарулы тұтқынға қарсы тұра алды.

Ербол Отарбаев кездесу ба­рысында Маңғыстау облысын­да орын алған оқиға жайлы ес­теліктерімен бөлісті.

– Мен бекетте болған кезде трансформатор сынып, коло­ния­ның барлық периметрі бо­йынша шамдар сөніп қалды. Дәл сол кезде сотталғандардың маған қарай жүгіріп келе жатқа­нын көрдім. Олар күтпеген жерден оқ ата бастады. Оқтардың бірі маған да тиді. Салдарынан сол қолымның сүйегі, бір қабыр­ғам сынды, қазіргі уақытта өк­пемнің 25 пайызы жоқ. Қысыл­таяң шақта оларды қа­лай да тоқтатуға оқталдым. Ұзақ ойланып тұруға уақыт болмады. Мен әрбір бейбіт тұрғынның өмі­ріне жауап беретінімді түсіндім. Бұл – менің Отан алдындағы бо­рышым. Бұл оқиға қазақстандық “Алтыншы бекет” фильміне негіз болды, – дейді ол.

Қазіргі уақытта Ербол Отар­баев Петропавл қаласындағы Әскери академияның жоғары оқу орнынан кейінгі және қосым­ша білім беру факультетінің тың­даушысы. Зайыбы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp