Теріскей топырағынан талай талантты да талапты спортшы қанат қаққаны жасырын емес. Оған дәлел – ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген саңлақтарымыз. Бүгіндері облысымызда ондаған спорт мектебі жұмыс істейді. Әрқайсысы өз шәкірттерімен мақтанады. Александр Винокуров, Жанат Жақиянов, Алтынбек Аусағитов, Алексей Луценко, Аманғали Бекболатов – жергілікті спорт мектептерінің түлектері. “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған спорт мектебі сегіз бірдей спорт түрі бойынша болашақ чемпиондарды тәрбиелеп келеді.
Петропавлдағы “Жеңіс” спорт мектебінің тарихы сонау 1979 жылдан бастау алады. Құрылғанына биыл 45 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында басшысы жеті рет ауысқан екен. Әрқайсысының спорт мектебінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі орасан.
– Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде мекенжайы да бірнеше рет өзгерді. Бірде қаланың қақ ортасында орналасса, кей жылдары облыс орталығының шеткері аймақтарына көшірілді. Көпшіліктің қуанышына орай, 1982 жылы қазіргі Жамбыл көшесіндегі ғимарат тұрғызылды. Содан бері осы залда жаттығып келеміз, – дейді “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған спорт мектебінің директоры Сабыржан Әбілтаев.
Қырық бес жылдың ішінде облыстың басты спорт мектептерінің біріне айналған шаңырақтан талай чемпион шықты. Мықтылары ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда биік белестерді бағындырды. Тәрбиеленушілері дүниежүзілік аренада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгендіктен 2006 жылы спорт мектебіне “олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебі” статусы берілді.
– Алғашында мұнда тек командалық спорт түрлері бойынша үйірмелер жұмыс істеді. Кейін жаңа бағытта жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта бізде 8 спорт түрі бойынша 900-ге жуық бала жаттығады. Шәкірттерге спорт үйірмелеріне қатысу тегін. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатындықтан материалдық-техникалық базамыз да нығайып келеді. Ұжымда 87 қызметкер бар. Олардың 40-ы – бапкер, 5-і – жоғары санатты маман, 6-ы – бірінші санатты жаттықтырушы. Қалғандары 2-ші санатты бапкерлер, – деген Сабыржан Амангелдіұлы төрт спорт зал бар екенін, әрқайсысында кез келген спорт түрі бойынша республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болатынын айтты.
Спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдер баскетбол, футбол, волейболдан бөлек, жеңіл атлетика, семсерлесу, конькимен жүгіру, бокс және грек-рим күресімен шұғылданады. Ел абыройын халықаралық турнирлерде асқақтатып жүрген Аманғали Бекболатов та кезінде осында жаттыққан. Ұлттық құрама балуаны Данияр Кәленовтің де жеңісті жолы осында басталғанын атап өткен жөн.
– Спорт мектебінен әр жылдары әйгілі шәкірттер шықты. “Қызылжар” клубының ойыншысы Сергей Скорых бізде жаттыққан. Сондай-ақ қазіргі команда сапында өнер көрсетіп жүрген Тимур Мульдинов та – біздің шәкіртіміз. Жеңіл атлетикадан ұлттық құрамаға алынып, ел намысын қорғаған Маргарита Мұқашева, Татьяна Юрченколарды да атап өтпесек болмайды. Грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жүлдегері Ақан Баймағамбетов те осында жаттыққан, – дейді Сабыржан Әбілтаев.
45 жылдың ішінде “Жеңіс” мектебінің 70 тәрбиеленушісі ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен. Осы уақыт аралығында 120 спорт шебері мен 500-ден астам спорт шеберлігіне үміткерді даярлаған екен.
– Өткен жылы мектебіміз 5 спорт шеберін, 49 спорт шеберлігіне үміткерді, бірінші санатты 42 және екінші санатты 35 спортшыны даярлады. Барлығы да халықаралық турнирлерге қатысты. Биылғы мақсат – нәтижені еселей түсу, – дейді Сабыржан Әбілтаев.
Спорт мектебінің ұжымы болашаққа нық қадам басып келеді, алда бұдан да биік белестерді бағындыруды көздеп отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.