Облыстық полиция департаментінің мобильді тобы соңғы төрт айда балалары бар 1117 отбасын тексерді.
Мамандар Петропавлдағы жеке үйлердің біріне дәрігерлердің ақпараты бойынша барған. Мұнда кішкентай бала тұрады, ол ақхалаттылардың көмегіне мұқтаж. Шақырса да дәрігердің қабылдауына келмепті. Мұның себебі 24 жастағы анасының алкогольді шектен тыс пайдалануына байланысты болуы мүмкін. Мобильді топ мүшелері олардың үй-жағдайларын тексерді. Отбасы бақылауға алынды, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарау туралы мәселе шешілуде.
– Учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп, тәуекел тобына жататын отбасыларды бақылауда ұстайды. Денсаулық сақтау және білім беру қызметкерлерінің ақпараты мұқият тексеріледі. Анықталған отбасылар бақылауға алынады, егер олар аз қамтылған деп танылса, тиісті органдар оларға қолдау көрсетеді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Жақында Қызылжар ауданындағы көпбалалы отбасыға полиция мен ауылдық округ әкімдігі жедел материалдық қолдау көрсетіп, ерлі-зайыптының жұмысқа орналасуына көмектесті. Бұл – мемлекеттік органдардың адамдардың әл-ауқатын көтеру бағытында қолға алған өзара іс-қимылының тағы бір мысалы.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департементі ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.