Қара жолдың екі жағын ала көкжиекке дейін созылған жазық дала. Осындай кең жазықта көз тоқтатар жалғыз нәрсе – қайың шоқтары ғана. Көре білген адамға теріскей даласы қыста да таңдай қақтырардай сұлу. Ашық аспан, ақ қар, жалаңаштанған ақ қайыңдар басқа дүниенің бәрін ұмыттырып, алыс ойға жетелейді. Жазда жап-жасыл болып, күзде егіннің бастары жерге тигенше салбырап тұратын егіс даласының қысқы келбеті осы. Қыс келе қар тоқтатқан болу керек, қалың жауған ақ ұлпа жал-жал болып, қатып қалған судың көбікті толқындарын еске салады. Талай шаруаны асырап, талай ауылдың тірегі болып отырған да осы дала. Бүгінде Қызылжарда көптеп салынып жатқан сүт фермалары да осындай мыңдаған гектар жерден жүздеген ірі қараға азық дайындап, пайдаға кенеліп жүр. Біз ат басын бұрған Мамлют ауданы, Калугино ауылындағы “Әйтеке би СҚ” серіктестігі – өңірдегі іргелі шаруашылықтардың бірі.
Өңірде жыл сайын ірілі-ұсақты ондаған ферма іске қосылады. Әлі салынып, алдағы уақытта қолданысқа берілетіндері қаншама?! Кешегі байманаптардың жылқылары табындап өрген далада бүгін мыңдап сиыр сауылып, тонналаған ақ зауыттарға жөнелтіліп жатыр. Білетіндер өңірдегі сүт өндірісінің мүмкіндігі бұдан да жоғары екенін айтады. “Әйтеке би СҚ” да осындай мүмкіндіктерді сәтті пайдаланып, күні кеше ғана санатқа қосылған фермалардың бірі.
Тауарлы-сүт фермасының негізгі ғимараты – қатар-қатар салынған сиыр қоралар. Қоралардың арасын жалғап тұрған өткелдер бар. Шеткілерінде сиыр ұсталса, ортаңғысында сауу залы, басқа да шаруашылық бөлмелері бар. Ортада 32 басқа арналған сауу залы, одан шеткері сүтті салқындатып, сақтайтын қондырғылар қойылған бөлме орналасқан. Жиналған сүттің бәрі осы жерден тура “Eurasian Milk” зауытына жөнелтіледі. Қараша айында ғана ашылған фермада сиырлардың бәрі сауыла бермейді. Әзірше күнделікті сауу залына 280 сиыр ғана айдалады. Сауылатындардың өзі күніне әзірше 15-16 литр сүт береді. Кешен аумағында әрқайсысы 320 басқа шақталған қоралардан бөлек әлі іске қосылмаған бұзау қора бар. Жуырда ғана шетелден әкелінген симментал тұқымды сиырлар әзірше бұзауламапты. Сиырдың бұл тұқымының ерекшелігі – әрі сүтті, әрі етті бағытқа жатады.
– Мұндағы малға сүрлем мен шөп беріледі. Жем-шөптің бәрін өз алқаптарымызда өсіреміз. Биыл 500 гектардай жерге жүгері егілді. Жалпы тұқым себетін 7 мың гектардай жер бар. Жем азық жеткілікті. Биылғы, былтырғы қордың мұртын бұзбай, осы күні 2 жыл бұрын дайындалған жемшөпті беріп жатырмыз. Осылайша ешнәрсеге алаңдамай жұмыс істейміз. Ірі қараға азықты мөлшерімен береміз. Егер жақсы жесе норманы арттырамыз, – дейді серіктестіктің басқарушысы Искак Насыров.
Фермада жұмыс істейтін 15 адамның бәрі іргедегі Калугино ауылынан. Бір жақсысы – жұмысшылардың біразы жастар мен орта жастағы адамдар. Олардың жалақысы 150 мың теңгеден басталады. Әзірге тек ветеринар маманға ғана қажеттілік бар. Жұмыс орнынан бөлек серіктестіктің ауылға жасап жатқан өзге де игілікті істері аз емес. Ауылдың жолдарын тазалау шаруашылықтың мойнында. Одан бөлек, мектептегі оқушылар да тегін тамақтанады. Айналадағы жерге тұқым сепкені үшін тұрғындарға пай беріледі. Мал ұстап, онысын кішігірім табыс көзіне айналдырып отырған Калугино ауылының тұрғындары жемді серіктестіктен алады.
– Сиыр қоралар “Петерфельд Агро” серіктестігіндегі ферманың үлгісімен салынған. Несие тек қондырғылар мен мал әкелу үшін ғана алынды. Бұл мақсат үшін мемлекеттен 500 млн. теңге қарыз алынса, қалған 1,7 млрд. теңгені серіктестік өзі құйды. Материалдардың көбі жергілікті. Мұнда бізге қажетті техниканың бәрі бар. Бүгінде кешен аумағында бір жаңа трактор, азық дайындайтын миксер, “Барсик” тазалағышы жұмыс істейді, – дейді Искак Насыров.
Ферманың жұмысы барынша оңтайландырылған. Небәрі 15 адам 600-ден астам ірі қараның жем-суын беріп, сауып, кешен жұмысын атқарып отыр. Білген адамға сиыр бағу үшін пәлендей технология мен әдіс-тәсілдерді меңгеріп те керегі жоқ. Жайлы, таза орын мен құнарлы азық болса Зеңгі баба тұқымы жыл бойы несібеден айырмайды.
Ашылғанына бірнеше ай ғана жүзі болған фермадағы малдың жартысынан көбі сауылмайды. Еуропадан әкелінген ірі қара енді ғана төлдей бастамақ. Одан бөлек кешен аумағында атқарылар жұмыстар, жетілдіре түсер тұстар әлі көп. Аумағы 3 гектар аумақта әлі салынып жатқан құрылыстар бар. Сиыр қоралардан бөлек кешен аумағындағы атқораның іші де жылқыға толмақ. Одан бөлек, жаздық қоршаулардың бағандары дайын тұр. Жұмысшыларға арналған асхана, арнайы бөлмелер, жатақхана да алдағы уақытта іске қосылуы тиіс.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.