Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмекті қаржыландыру бойынша 2023 жылдың қорытындысын шығарды. Соның ішінде ана мен баланы қорғау саласындағы медициналық қызметтерге ерекше маңыз берілген. Қор сарапшыларының есебінше, былтыр МӘМС қаражатынан жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетуге 169 млрд. теңге бағытталған. Орташа есеппен алғанда бір әйелге 433 мың теңгеден келеді. Бұдан бөлек, ЭКҰ-ның 7 мың ем-шарасын жүзеге асыруға 8,1 млрд. теңге бөлінген.
2023 жылы жүкті әйелдерге дәрігерлердің бақылауымен 12,2 млн. қызмет көрсетілді. Бұл – зертханалық және диагностикалық зерттеулер, скринингтер және басқа да қажетті медициналық қызметтер. Осыны қаржыландыруға МӘМС бойынша жалпы 31,2 млрд. теңге қарастырылды. Олардың төрттен бір бөлігі іштегі сәбидің ауруларын ерте диагностикалау үшін перенаталды скринингтік қызметтерге бағытталды.
Фертильді жастағы 35,4 мың әйелге темір тапшылығы анемиясын емдеуге арналған препараттар берілді. Бұл мақсат үшін 57 млн. теңге жұмсалды. Айта кетерлігі, МӘМС бойынша іштегі сәбидің туа біткен ақауларының алдын алу үшін дәрі-дәрмектер алуға 87 млн. теңге қарастырылған.
100,4 млрд. теңге акушерлік бейіндегі тәулік бойы және күндізгі стационарларда 636 мың әйелді емдеуге жұмсалды. Олардың жартысына жуығына босану кезінде қызмет көрсетілді. Перинаталдық кезең аурулары бар 79 мың жаңа туған нәрестеге ем қажет болды. Ол 37,4 млрд. теңгеге МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылды.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ облыстық филиалының баспасөз хатшысы.