«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИФТІ ӨСІРІП, ЕҢБЕКАҚЫНЫ КӨБЕЙТПЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінде кезекті қоғамдық тыңдау өтті. Бұл жолы жарық пен жылу құнын арттыру мәселесі қаралды. Алғашқысын халық үшін 22 пайызға, ал екіншісін 291 теңгеге қымбаттату көзделіп отыр. Мұның себебін жиналғандарға “Севказэнерго” акционерлік қоғамының басшылығы түсіндірді.

– Тарифті өзгертудің негізгі себебі – көмір бағасы. Қазіргі қолданыстағы құжатта шикізат құны 2 300 теңге деп көрсетілген. Ал негізінде сатып алу құны 3 мың теңгеден асып жығылады. Яғни тарифтен тыс 800 теңгеге шығынға батып отырмыз. Түптеп келгенде, бұл – бірсыпыра қаржы, – деді “Севказэнерго” АҚ-ның бас директоры Анатолий Казановский.

Онымен қоса өңірдің энергетика саласында маман тапшы. Мысалы, Петропавл №2 жылу-электр орталығында 250 жұмыс орны бос тұр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, кадр тапшылығы еселеп артуы мүмкін. Егер тариф өзгерсе, орталықтың тамырына қан жүгіреді деген сенім зор.

– Бізді толғандыратын екінші мәселе – қызметкердің жалақысы. Мамандардың орташа еңбекақысы – 181 мың теңге. Мұндай көрсеткішке көңіл толмайды. Біз табысты 189 мыңға дейін арттыруды көздеп отырмыз, – деді “Севказэнерго” АҚ-ның бас директоры Анатолий Казановский.

Соңғы рет тариф өткен жылдың шілде айында қайта қаралыпты. Бірақ ол кезде көмірдің бағасы ескерілмеген. Осының салдарынан 400 миллион теңгеден астам шығынға батқан. Мамандардың айтуынша, тарифтің көтерілуі шығынның орнын толық жаппайды.

– “Севказэнергосбыт” ЖШС үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан сатып алу бағасы 12 теңге болып бекітілді. Бұған дейін баға 11,01 теңге болатын. Яғни, өсім 99 тиынды құрады, – дейді “Севказэнергосбыт” ЖШС-ның бас директоры Мағауия Сағындықов.

Бір сөзбен айтқанда, энергиямен қамтамасыз етумен айналысатын компаниялар қызметінің тарифі және “Севказэнергосбыт” компаниясының электр энергиясын тасымалдау шығындары өсті. Ұсынылып отырған жобада жарықтың орташа бағасы ҚҚС-сыз 24,76 теңге/кВтсағ болса, қазір бір киловатт сағатына 21,13 теңге тұрады. Бірақ баға тұтынушылардың санатына қарай әртүрлі болмақ. Халық, бизнес, бюджеттік ұйымдар мен әлеуметтік маңызы бар нысандар әртүрлі тариф бойынша төлейді. Аталған мәселеге қатысты қоғам өкілдері өз пікірлерін білдірді.

Қоғамдық тыңдау барысында тараптар бір-бірін тыңдап, жоспарды ұғынды. Әлі бірнеше кездесу ұйымдастырылмақ. Онда да жан-жақты ұсыныс-тілектер ортаға салынады. Егер бастама қолдау тапса, теріскейліктер ақпаннан бастап жаңа тариф бойынша төлем жасайды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp