«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақшаны дұрыс жұмсау маңызды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2023 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың қаржылық сауаттылығының негізгі көрсеткіштеріне төртінші рет зерттеу жүргізді. Сауалнама 18 жастан 63 жасқа дейінгілер арасында өтті, оған республикалық маңызы бар үш қаладан және Қазақстанның барлық облысынан үш мың адам қатысты.

Зерттеу нәтижелері халықтың қаржылық сауаттылығының меншікті қаржы қаражатын басқару, қаржылық қызметтерді пайдалана алу және қаржы жүйесі туралы хабардар болу сияқты негізгі индикаторларының серпінін көрсетеді.

Зерттеудің “Меншікті қаржы қаражатын басқару” бөлімі кірістер мен шығыстарды бөлу дағдыларының серпінді екенін көрсетеді. Респонденттердің үштен бірі – 30,2 пайызы қаржы қаражатын бөлу туралы шешімді дербес қабылдайды және ол 50-63 жас санатындағыларға тән. 30-49 жас аралығындағы респонденттердің 35,6 пайызы өз ақшасын ата-аналарына сеніп тапсырады. Әрбір бесінші респондент жұбайына/зайыбына береді, 18,2 пайызы ғана ортақ бюджет жүргізеді.

Бұл ретте, респонденттер қаржылық өмірдің неғұрлым маңызды аспектілерін атап өтті – шоттарды уақытылы төлеу (48,4 пайыз), сатып алуларға тиімділік тұрғысынан қарау (46,4 пайыз), сондай-ақ бюджетті мониторингтеу (43,9 пайыз).

Лимиттен жоғары шығыс жұмсалған жағдайда әрбір үшінші респондент қарыз алған (38,9 пайыз) және кредитті пайдаланған (35,9 пайыз), оның ішінде респонденттердің 12,5 пайызы микрокредиттерге жүгінеді, 7,5 пайызы онлайн кредит ресімдейді. Олардың төрттен бір бөлігі жеке жинақтарын пайдаланған (23,7 пайыз), тағы 13,1 пайызы депозиттен қаражаттарын алған.

Респонденттердің тәжірибесі азаматтардың 48,2 пайызы ақша жинайтынын көрсетті. Соңғы үш жылдың серпіні ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін жинақ жасай алуға қабілетті азаматтардың саны біртіндеп өскенін көрсетеді: салыстыру үшін 2020 жылы азаматтардың 30,6 пайызы, 2021 жылы 31,4 пайызы және өткен жылы 31,5 пайызы осылай жасаған.

Респонденттердің жартысына жуығы кредит алу кезінде ең тиімді шарттарға ұмтылады. Тұтынушылық кредитті ресімдеу кезіндегі пайыздық мөлшерлеме Қазақстанның барлық өңірлеріндегі респонденттердің 45,6 пайызы үшін маңызды фактор болып табылады.

Кредит беруде қаржы ұйымдары менеджерінің қарыз алу кезінде ақпарат беру мәселелеріндегі құзыреттілігі маңызды рөл атқарады. Респонденттер кредиттік менеджерлерден мұндай ақпарат алмайтынын (34,6 пайыз) немесе әрдайым алмайтынын (31,8 пайыз) көрсетті.

Қаржы туралы пайдалы мәліметке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бюджетті, инвестицияларды қадағалап отыруға және қарызды басқаруға көмектесетін қазақстандық қосымшаны және/немесе онлайн құралдарды іске қосу ұсынылады.

Дина ТІЛЕУБАЕВА,

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp