Өткен жылғы қолайсыз ауа райы диқандарды қыспаққа алғаны белгілі. Жаз бойғы құрғақшылық, күзде толассыз себелеген жауын шаруаларды шығынға батырды. Сол кезде үкімет ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккендерге қолдау шаралары болатындығын айтқан- тұғын. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” 4-ші, 5-ші сыныпты және сыныпсыз бидайды тікелей сатып алуды бастады. Астықты тапсырып, төлемдерін алып үлгерген серіктестіктердің бірі – “Әлти Гарант” пен “Токуши Grain”.
– 4-сыныпты бидайдың тоннасын 105 мың теңгеден тапсырдық. Көктем келе жатыр, оған тыңайтқыштар, қосалқы бөшектер аламыз. Нарықта 4-сыныптағы бидайға 80 мың теңге беріп жатса, 105 мың теңге – шаруашылықтарға үлкен көмек. 800 тонна тапсырдық, – дейді “Токуши Grain” ЖШС-ның басшысы Жомарт Омаров.
Тәжірибелі кәсіпкер Жомарт Омаров ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мемлекеттік қолдау маңызды екенін атап өтті. Себебі шаруалар қиналған кезде “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” зор қолдау көрсеткенін жеткізді.
Бүгінгі таңда 4-сыныпты бидайдың тоннасын 105 мың, 5-сыныптыны 70-90 мың теңге аралығында алып жатыр. Сыныпсыз дәнді дақылдың құны сапасына қарай өзгереді. Облыс бойынша квота – 95 мың тонна. Бидай корпорацияның 21 элеваторында сатып алынады.
– Қазіргі уақытта 4-сыныпты бидайды сатып алуды тоқтаттық. Себебі жоспарды орындадық. Енді 5-сыныпты және сыныпсыз астықты қабылдап жатырмыз. Өнімді өткізу үшін тиісті құжаттар керек. Алдағы уақытта бұл бидайды Қытайға саудалауды жоспарлап отырмыз. Олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ өнімді өңіріміздегі құс фабрикаларына және мал шаруашылығымен айналысатындарға сатпақшымыз, – деді “Азық-түлік келісім шарт корпорациясы” ҰК” АҚ облыстық өкілдігінің директоры Қанат Бейсенов.
“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” мамандарының айтуынша, өңірімізде несиесін қайтармаған шаруашылықтар да бар екен. Астық сапасының нашарлауына байланысты кәсіпкерлер жалпы көлемі – 19,5 млрд. теңге берешек. Мамандар форвардтық сатып алу және тауарлық несие бойынша міндеттемелерін орындау мерзімін осы жылдың қазан айына дейін ұзартпақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.