Еліміздегі мектептерде кітапхана қорының толық циклдерін қамтамасыз ететін “Qazaq mura” жүйесі іске қосылды. Бірегей жоба оқушылардың кітап оқу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
“Qazaq mura” əсіресе көркем əдебиет қоры аз аймақтардағы кітапханаларға үлкен сый болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан аса кітап бар. Бірақ ондағы көркем əдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мəнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек”, – деп “Балалар кітапханасы” жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Платформа осы бастаманың аясында Ұлттық кітап палатасымен интеграцияланып іске асып отыр. Ол ауқымды кітап қорына тегін əрі шектеусіз қол жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, барлық мектептен ақпарат жинап, нақты деректі де ұсынады. Білім беру мен цифрлық инновацияларды дамытудағы жаңа қадам отандық бағдарламашылардың арқасында жүзеге асып жатыр. Платформаны əзірлеушілер тобының жетекшісі Мұқатай Мəліктің айтуынша, цифрлық кітапхана жүйесін дайындауға үш жылдан аса уақыт жұмсалған.
– Кітапхана саласын цифрландыру – қазіргі білім берудегі заманауи бағыт. Бүгінгі таңда елімізде кітапхана қоры туралы толық ақпарат жоқ. Сондықтан еліміздегі мектеп кітапханаларының жұмысын цифрландыру мен автоматтандыруға байланысты бірқатар іс-шараны іске асыру қолға алынды. Яғни кітапханашылар ғана емес, оқырмандар, баспалар жəне білім басқармасы мен министрлік өкілдері де жүйеге қосыла алады. Платформа кітапхана ақпаратына негізделген құжат айналымы жұмысын оңтайландырып, кітапхана қорын басқаруға мүмкіндік береді, – деді жоба авторы.
Жаңа жүйе кітапханашылардың жұмысын автоматтандырып қана қоймай, “Oqu” мобильдік қосымшасын ұсынады. Ол оқушыларға əлемдік классиканы түпнұсқада ғана емес, сонымен қатар қазақ тілінде де тегін оқуға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада əр оқушы кез келген кітапқа тапсырыс беріп, оның қорда бар-жоғын да тексере алады. “Qazaq mura” цифрлық кітапханасы қалалар мен ауылдардағы кітапхана инфрақұрылымының жетілмеген мəселелерін шешуге бағытталған.
Нəтижесінде, кітапхана қорының айналымындағы кітаптардың барлығының электронды нұсқасы қолжетімді болады. Бұл – өскелең ұрпақты кітап оқуға ынталандырып, мəдени мұраның сақталуына да септігін тигізбек. Бүгінде бұл жүйеге Алматының бірқатар мектебі қосылып үлгерген. Цифрландыру жобасы енді еліміздің басқа да аймақтарын қамтымақ.
Әсет ҚАНАФИН.