Петропавлда жылу желісінде апат болып, бірнеше көпқабатты үй жылудан ажыратылды. Тұрғындардың айтуынша, далаға аққан ыстық су жақын маңдағы жертөлелерге де кірген.
“Севказэнерго” акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметінше, “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Н.Назарбаев, 154 және “Егемен Қазақстан”, 118 мекенжайларының маңында диаметрі 200 мм жылу құбырының жарылғандығын анықтаған.
Қазіргі уақытта апаттық бригада – 6 маман және 4 арнайы техника оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Жөндеу аяқталғанға дейін сол маңдағы тұрғын үйлер жылусыз отырмақ. Яғни 28 көпқабатты тұрғын үй, 6 жеке үй, бір балабақша және 7 кеңсе жылусыз қалды.
“Жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл апат қаланы жылумен қамтуға еш әсер етпейді. Мамандар 1,5-2 сағаттың ішінде қалпына келтіру жұмыстарын аяқтайды”, – деді “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының міндетін атқарушы Виталий Холоша.
Оқиға орнына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те барып, жағдаймен танысты.
“Жауапты кәсіпорын өкілдеріне жөндеу жұмыстарын шұғыл түрде аяқтау туралы тапсырма бердім. Қазір “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жөндеу бригадасы тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Мамандар жөндеуді қысқа мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда”, – деді өңір басшысы.
Мамандардың айтуынша, жарылған жылу құбыры 1970-80 жылдары пайдалануға берілген. Жалпы Петропавл қаласы бойынша 230 километр жылу желісі бар, соның 72 пайызы ескірген. Былтыр 8 шақырым құбыр жөнделіпті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.