Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары түйінделіп, 2024 жылға арналған жоспарлар бекітілді.
Алқалы басқосуда баяндама жасаған экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов жеке салаларға тоқталып, тұтастай алғанда, негізгі көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер қалыптасқанын жеткізді.
Ауыл шаруашылығында 851,5 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Мал шаруашылығында ет өндірісі – 1,2, сүт 3,3 пайызға ұлғайып, жұмыртқа өндіру 3,7 пайызға кеміген. Өнеркәсіпте 519,7 млрд. теңгенің тауарлары өндірілген. Оның 69 пайызы Петропавл қаласы есебінен қамтамасыз етілген. Жалпы өнімнің негізгі үлесі өңдеу кәсіпорындарына тиесілі (83,1 пайыз.) “ЗИКСТО”, “Масло-Дел”, “Евразиан Милк”, “Радуга”, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖСШ-ның көрсеткіштері атап өтуге тұрарлық.
Баяндамашы өз сөзінде аудан, қала әкімдері мен тиісті ведомство жетекшілері өнеркәсіп өндірісінің қарқынын арттыру үшін кәсіпкерлермен бірлесіп, жергілікті нарықта қандай өнімдер қажет екеніне талдау жасап, өткізу әлеуетін анықтаудың маңызын атап өтті. Бұдан бөлек, табиғи қазбалардың мол қорын ескере отырып, жаңа өндіріс орындарын ашу ұсынысы айтылды.
Осы мерзім ішінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 445 млрд. теңгеге жуықтаған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне қаржы молырақ құйылған. Құрылыс саласында орындалған жұмыстардың көлемі – 25,6 пайызға, оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстары – 22,1, күрделі жөндеу – 49,3, ағымдық жөндеу 24,2 пайызға ұлғайған. Жалпы ауданы 305953 шаршы метр тұрғын үй ғимараттары пайдалануға берілген.
25556 адам жұмысқа орналастырылған, 10667 тұрақты жұмыс орны құрылған. Алдағы уақытта да халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан кешенді іс-шаралар жұмыссыздық деңгейінің өсуін тежейтін фактор ретінде басты назарда болуы тиіс.
2024 жылдың жоспары өте ауқымды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін 1466 млрд., осы салаға тартылатын инвестициялар мөлшерін 281,5 млрд. теңгеге, елді мекен тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін 93,3 пайызға жеткізу, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыздан асырмау міндеті тұр.
Бұдан кейін төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаевтың есебі тыңдалды. Ол су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары жайлы әңгімеледі. Былтыр облыс орталығында орналасқан Жұмысшы кенті мен кей шағынаудан аумақтарында, аудандарда су деңгейінің жоғарылау фактілері тіркелген. Жедел көмектің арқасында орын алған қиын жағдайлар еңсерілген. Десек те, көшелердегі арықтар мен су өткізетін құбырларды қоқыстардан, қардан тазарту, мұздан аршу ісі әлі де көңіл көншітпейді.
Бүгінде 87 елді мекен (1729 үй, 5 мыңнан астам тұрғын) су тасқыны қаупі өте жоғары аумақтарда орналасқан. Өзен арналары суға толса, 30 ауылға қатер төнуі мүмкін. Көктемгі тасқынға қарсы жүргізілетін маңызды іс-шаралардың бірі – қарды уақытылы шығару, инертті материалдармен толық қамтамасыз ету, ауыр инженерлік техникаларды жалға алу тәжірибесін жалғастыру, су айдау жабдықтарын әзірлікке келтіру, мұз жару жұмыстарын алдын ала жоспарлау. Осыған орай 475 адамнан және 135 техника бірлігінен тұратын күштік топтар құрылған. Олар су тасқынына осал учаскелерге шоғырландырылады. Сондай-ақ азаматтық қорғау, жол-құрылыс техникаларын, жанар-жағармай, инертті және құрылыс материалдарын дайындап, жеткізетін қызметтер, күрделі учаскелерде жедел көшіру жылжымалы-инженерлік бекеттер жасақталады.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев туберкулезбен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін баяндады. Былтыр 2022 жылмен салыстырғанда індет 3,9 пайызға өскен, жаңадан 216 факт тіркелген. Бұл көрсеткіш Тимирязев, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Шал ақын аудандарында, Петропавл қаласында жоғары. Туберкулезге қарсы және балалар арасында вакцинациялаудың үлесі – 92,7 пайыз. Өкінішке қарай, жаңа туған нәрестелерге туберкулезге қарсы екпе егуден бас тартқан жағдайлар кездесіп қалады. Былтыр қызылшамен ауырғандардың – 241, биыл 65 фактісі тіркелсе, 87 пайызы – екпе салдырмағандар. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысы негізінде қосымша иммундау жүргізілуде.
Облыс әкімі тиісті басқармаларға өткен жылдарға талдау жасай отырып, әр ауданның мүмкіндігі мен әлеуетін саралауды, сөйтіп биылғы жылға арналған даму іс-қимыл жоспарларын бекітуді тапсырды.
“Биыл ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін ұлғайтып, тұрғын үйлерді іске қосу жоспарының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге ауылдық жерлерде баспана тұрғызу бағдарламасына қатысу үшін шаруалар пулын анықтау, оның негізінде бюджет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуын бақылауда ұстау керек”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өңір басшысы инвестиция экономика дамуының драйвері екенін атап көрсетті. Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына, аудандар мен қала әкімдеріне инвестиция тарту жоспарының орындалуын бақылауға алуды және биыл жүзеге асатын инвестжобаларды анықтауды міндеттеді.
“2024 жылы инвестиция тарту бойынша жоспар 557 млрд. теңгені құрайды. Осы салаға айрықша басымдықтар беріледі”, – деген Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекеттік сатып алулардың орындалу барысын, маңызды инвестициялық жобалардың жүзеге асуын, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.