Ауыл – қазақтың алтын кіндігі. Барлық салт-дәстүр, ұлттық құндылық, тәлім-тәрбие – бәрі ауылда. Ал ауыл мектебі – тек білім ордасы ғана емес, үлкен мәдениет орны, рухани орталығы, ел бірлігінің алтын қазығы.
Қай қоғамда да халық қамын өз мүддесінен жоғары қойып, бақай есеппен емес, жанашырлықпен еңбек етіп, мектепке қамқорлық танытқан жандар аз болған жоқ. Осындай жандардың бірі – ұзақ жылғы ұстаздық еңбек жолын абыроймен атқара жүріп, Жамбыл (Мырзағұл) ауылындағы қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы, талапшыл ұстаз, білікті басшы бола білген Қайролла Адыкенов.
Сонау тоқырау кезінде ең бірінші болып ауылдар зардап шекті. Әсіресе мектептерге оңай тиген жоқ. Осы қиын-қыстау кезеңде қарашаңырақты аман алып қалу үшін бар күш-жігерін, қаржысын аямаған Қайролла Адыкеновке ауылдағы ағайынның алғысы шексіз. Бүгінде Жамбыл орта мектебінің директоры қызметін атқарып отырған жанашыр азамат осы білім ордасында еңбек жолын бастаған. Алдымен дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, әскери дайындық жетекшісі, оқу ісі бойынша меңгеруші қызметін атқарып, 1998 жылы мектеп директоры қызметіне тағайындалды. Сол жылдардан бастап қазіргі уақыт аралығында Жамбыл орта мектебін басқарып келеді.
Тоқырау заманында жарығы да, жылуы да жоқ мектепке ауылдың тұрғындарын жинап, жөндеу жұмыстарын жасатты. Өскелең ұрпақ оқысын, сапалы білім алсын деген ниетінен бір айнымаған жанның ауылдың тыныс-тіршілігі үшін атқарған істері де жетерлік.
Осы уақыт ішінде жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолында көптеген қиындықтар кездесті. Қайролла Мешелұлы өзінің кәсіби шеберлігінің арқасында ұжымның, ауылдастарының және оқушылардың құрметіне бөленіп жүр. Ол шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие, адамгершілік, адалдық тәрізді ізгі қасиеттерді бойларына дарытып, дұрыс бағыт-бағдар бере білді. Білім саласында ұзақ жыл қызмет еткен үлкен жүректі абзал жан облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін бірнеше мәрте Құрмет грамоталары, дипломдармен және “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл” мерекелік медалімен марапатталды.
Қайролла Мешелұлы – Уәлиханов ауданындағы тәжірибелі мектеп директорларының бірі. Қажырлы еңбегінің арқасында елге сыйлы, ұжымға қадірлі. Көптеген шәкірттерді оқытып, жас мамандарға көшбасшы бола білген ардақты азамат қоғамдық жұмыстың да бел ортасында жүреді. Осы жанашырлығының арқасында ынтымағы мен бірлігі жарасқан Жамбыл (Мырзағұл) ауылының бетке ұстар азаматы, ел ағасы атанды. Елін, жерін, ұрпағының болашағын ойлайтын нағыз қазақтың азаматтары осындай болуы керек қой деп ойлаймын.
Райгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Жамбыл орта мектебі директорының орынбасары.
Уәлиханов ауданы.