«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шығыны аз, бағасы қымбат электрлі көліктерге сұраныс артып келеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Электромобильдерді сән емес, қажеттілік үшін пайдала­натын күн алыс емес. Экология үшін тиімді, әрі үнемді көліктер жанар-жағармаймен жүретін машиналарды нарықтан ығыстыра бастаған сыңайлы. Соң­ғы мәліметтерге сүйенсек, біз­дің елімізде электр қозғалтқыш­пен жүретін көліктердің саны 7,7 мың­ға жетіп, бір жылдың ішінде 9,5 есе өскен. Қазіргі уақытта теріскейде 15-ші нөмірлік белгісі осындай 43 электромобильге тағылыпты.

Петропавл қаласының тұр­ғы­ны Алексей – (есімін толық ата­мауымызды сұрады) Zeekr 001 маркалы электромобильдің иегері. Ол біздің облыс үшін әзір­ге таңсық көлікті былтыр Қы­тайдан тапсырыспен алдырған.

“Аспан асты елінен тапсы­рыспен әкелгендіктен, брокер­лерге және шетелден жеткізілген бұрын қолданыста болған кө­лік құралының қауіпсіздігін дә­лелдейтін сертификат үшін ғана ақша төледім. Басқа ешқандай алым болған жоқ. Жалпы бұл кө­ліктің ұтымды тұстары көп. Бен­зинмен жүретін көліктермен са­лыстырсақ, бұрын жанармайға кететін шығыным 70 пайызға азайды. Мен көлігімді қуат­­тау үшін аптасына 2800 теңге ғана жұмсаймын. Бұрын­ғыдай түрлі май, антиф­риз ауыс­тырудың қажеті жоқ”, – дей­ді ол.

Ол – Петропавлдағы электр кө­ліктерін қуаттайтын жалғыз ор­талықтың иесі. Айтуынша, 5-6 тұрақты клиенті бар. Өңірге электромобильмен са­пар шек­кендер, көбінесе аста­налықтар және ресейліктер жиі келіп, ор­талықтың қызметіне жү­гінеді екен.

“Әр электр көлігінің стан­дартты қуаттаушы құралы бо­лады. Егер көлік иесі жеке үйде тұрса, еш қиындықсыз өз бас­панасында-ақ қуаттап алады. Үй жағдайында толық қуаттауға 9-12 сағат уақыт қажет. Біздің орталықта 1,5-2 сағаттың ішін­де тез қуаттап алуға мүмкіндік жасалған”, – дейді Алексей.

Облысқа алғашқы электро­мобиль 2022 жылы әкелініп, “Tesla” маркалы көлік тамыз айында тіркеуден өткен. Об­лыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліме­тін­ше, қазіргі уақытта облыс жол­дарында “Toyota”, “Volkswagen”, “Honda”, “Tesla”, “Zeekr”, “Mercedes-Benz” маркалы 43 көлік жүр. Оның 35-і былтыр есепке алы­ныпты.

“Ел аумағына электромо­бильдерді әкелу үшін жеңілде­тілген тариф белгіленген. Қа­зақ­стан Республикасының аза­матына кедендік баж және өзге де салықтарды төлеуден боса­тыла отырып, 1 электромо­бильді жеке пайдалануы үшін әкелуге рұқсат берілген. Яғни утилизациялық алым да төлен­бейді. Автокөлік иесіне көлік құ­ралын мемлекеттік тіркеу үшін ғана қаржы жұмсайды. Әке­лін­ген көліктің шығарылған мерзімі 3 жылдан асқан жағдайда бұл сома 250 АЕК мөлшерінде бол­мақ”, – дейді облыстық полиция департаменті процессингтік ор­талықтың бастығы Әсет Мәтен.

Петропавл тұрғыны Алек­сей электромобиль сатып алғаны­на өкінген емес.

“Электромобильдің ең үл­кен кемшілігі – бағасының қым­баттығы. Бұрын қолданыста болғанының өзін ең кемінде 18 млн. теңгеге сатып алуға бола­ды. Құны маркасына, қозғалт­қышының қуатына қарай әрі қа­рай өсе береді. Екіншісі – әзірге алыс жолға шығу қауіпті. Өйт­кені электромобильдерді қуат­тайтын станциялар жол бойында жоқ. Петропавл­дан шыққаннан кейін ең жақыны Щучьеде, ал Ресейге баратын бол­саң – Омбыда орналасқан. Петропавлдың өзінде бір ғана орталық жұмыс істейді”, – дейді электромобиль иесі.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp