Электромобильдерді сән емес, қажеттілік үшін пайдаланатын күн алыс емес. Экология үшін тиімді, әрі үнемді көліктер жанар-жағармаймен жүретін машиналарды нарықтан ығыстыра бастаған сыңайлы. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, біздің елімізде электр қозғалтқышпен жүретін көліктердің саны 7,7 мыңға жетіп, бір жылдың ішінде 9,5 есе өскен. Қазіргі уақытта теріскейде 15-ші нөмірлік белгісі осындай 43 электромобильге тағылыпты.
Петропавл қаласының тұрғыны Алексей – (есімін толық атамауымызды сұрады) Zeekr 001 маркалы электромобильдің иегері. Ол біздің облыс үшін әзірге таңсық көлікті былтыр Қытайдан тапсырыспен алдырған.
“Аспан асты елінен тапсырыспен әкелгендіктен, брокерлерге және шетелден жеткізілген бұрын қолданыста болған көлік құралының қауіпсіздігін дәлелдейтін сертификат үшін ғана ақша төледім. Басқа ешқандай алым болған жоқ. Жалпы бұл көліктің ұтымды тұстары көп. Бензинмен жүретін көліктермен салыстырсақ, бұрын жанармайға кететін шығыным 70 пайызға азайды. Мен көлігімді қуаттау үшін аптасына 2800 теңге ғана жұмсаймын. Бұрынғыдай түрлі май, антифриз ауыстырудың қажеті жоқ”, – дейді ол.
Ол – Петропавлдағы электр көліктерін қуаттайтын жалғыз орталықтың иесі. Айтуынша, 5-6 тұрақты клиенті бар. Өңірге электромобильмен сапар шеккендер, көбінесе астаналықтар және ресейліктер жиі келіп, орталықтың қызметіне жүгінеді екен.
“Әр электр көлігінің стандартты қуаттаушы құралы болады. Егер көлік иесі жеке үйде тұрса, еш қиындықсыз өз баспанасында-ақ қуаттап алады. Үй жағдайында толық қуаттауға 9-12 сағат уақыт қажет. Біздің орталықта 1,5-2 сағаттың ішінде тез қуаттап алуға мүмкіндік жасалған”, – дейді Алексей.
Облысқа алғашқы электромобиль 2022 жылы әкелініп, “Tesla” маркалы көлік тамыз айында тіркеуден өткен. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыс жолдарында “Toyota”, “Volkswagen”, “Honda”, “Tesla”, “Zeekr”, “Mercedes-Benz” маркалы 43 көлік жүр. Оның 35-і былтыр есепке алыныпты.
“Ел аумағына электромобильдерді әкелу үшін жеңілдетілген тариф белгіленген. Қазақстан Республикасының азаматына кедендік баж және өзге де салықтарды төлеуден босатыла отырып, 1 электромобильді жеке пайдалануы үшін әкелуге рұқсат берілген. Яғни утилизациялық алым да төленбейді. Автокөлік иесіне көлік құралын мемлекеттік тіркеу үшін ғана қаржы жұмсайды. Әкелінген көліктің шығарылған мерзімі 3 жылдан асқан жағдайда бұл сома 250 АЕК мөлшерінде болмақ”, – дейді облыстық полиция департаменті процессингтік орталықтың бастығы Әсет Мәтен.
Петропавл тұрғыны Алексей электромобиль сатып алғанына өкінген емес.
“Электромобильдің ең үлкен кемшілігі – бағасының қымбаттығы. Бұрын қолданыста болғанының өзін ең кемінде 18 млн. теңгеге сатып алуға болады. Құны маркасына, қозғалтқышының қуатына қарай әрі қарай өсе береді. Екіншісі – әзірге алыс жолға шығу қауіпті. Өйткені электромобильдерді қуаттайтын станциялар жол бойында жоқ. Петропавлдан шыққаннан кейін ең жақыны Щучьеде, ал Ресейге баратын болсаң – Омбыда орналасқан. Петропавлдың өзінде бір ғана орталық жұмыс істейді”, – дейді электромобиль иесі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.