«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұрпаққа пайдалы ұлттық тағам

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ұлттық салауатты тамақтану” орталығы­ның зерттеуі бойынша елдегі бірнеше аймақ­та­ғы мектептегі ас мәзірлерінің тағамдық құндылығы қа­зіргі ғылыми ұсыныстарға сай емес көрінеді. Мә­се­лен, көмірсулар мен қаныққан майлардың мөл­шері артық, қант пен тұз көп қосылады. Тіпті Дүние­жүзілік ден­саулық сақтау ұйымы ұсынған норма­лардан бірне­ше есе артық екені дәлелденіп отыр. Бұған бекі­тілген стандартқа сай келмейтін асханаларды, сапа­сы күмәнді ас мәзірін, буфетте сатылатын өнім­дер­ді, тыйым салынған су­сындар, май мен қант мөл­­шері шектен тыс тағамдарды қоссақ, ба­ланың денсаулығына алаң­дауға себеп бар екенін тү­сінеміз.

Білім ордаларындағы асха­на­лар­дың бүгінгі жай-күйі, та­мақтану мәселесі туралы айты­лып та, жазылып та жүр. Мұндай оқылықтарға жол бермеу үшін Оқу-ағарту министрлігінің бас­тамасымен білім ордаларында тамақтанудың жаңа моделі әзірленіп, ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізіледі деп жоспар­ланған.

Былтыр Қырғызстан астана­сы Бішкек қаласында өткен “Мектептегі тамақтану – жалпы дамудың бағыты” тақыры­бын­дағы бірінші халықаралық форумда еліміздің Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұ­ма­діл­дае­ва сөз сөйлеп, өңір­лерде шыға­рылған отандық өнім­дерді пай­да­лана отырып, мектепке ұлттық тағамдарды ен­гізу – балалар денсаулығын сақ­тау­дағы маңызды қадам­дардың бірі екенін атап өткен еді.

– Әрбір білім ошағы “сала­уат­ты өмір салтын ұстанатын мектепке” айналуға тиіс. Мек­теп­тің кез келген қызметі са­уық­тыру-педагогикалық ба­ғыт­та болады. “Ұлттық мектеп ас­ха­насы” жобасы ұлттық тағам мә­дениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүм­кіндік бе­реді. Бұл – көп­ға­сырлық дәстүр бойынша жа­сал­ған мәзір, ежел­ден келе жат­қан тәжірибенің нәтижесі, – деген еді сол кезде Наталья Жұмаділдаева.

Болашақта оқушылар білім ордала­рында құрт, жент, кө­жемен тамақтанады, яғни, мек­теп асха­насының ас мәзіріне 50 ұлттық тағам енеді деп жоспар­лануда. Бұл өзгеріс “Ұлттық мектеп асханасы” жобасы арқы­лы жү­зеге аспақ.

Ұлттық тағамдарды енгізу мектеп асханасына қатысты түйінді мәселелерді шеше ала ма? Облыстық білім басқармасы­ баспасөз қызметінің мәлі­метін­ше, өңірдегі 443 білім ор­дасы ыстық тамақпен қамтыл­ған. Бү­гінде теріскейлік 37410 бала тегін тамақтанып жүр. Олардың арасында 1-4-ші сы­ныптың 26 587 оқушысы бар. Ол үшін жер­гілікті бюд­жеттен 2024 жылға 2,8 млрд. тең­ге қаражат бөлінген. Ал ұлттық тағам ас мәзіріне қа­шан енгізі­летіні бел­гісіз.

Мамандардың айтуынша, оқушылардың дұрыс тамақ­тануы – олардың денсаулығы мен оқу қа­­бі­­летін арттыруға септігін тигізе­тін маңызды шарт­тардың бірі. Сон­дықтан кез кел­ген мектеп жа­сындағы баланың та­мағы дәру­м­енге бай, дәмді болуға тиіс. Ал баланың дені сау болып өсуі үшін ашытылған сүт өнім­де­рі, тез қорытылатын ет, көкөністер мен жемістер қажет.

– Ұлттық тағам бірінші қанға, жүрекке, ми жұмысына жақсы әсер етеді. Олар­дың барлығы денсаулығымызға пайдалы. Ұлттық тағамдар негі­зінен 4 түрлі азықтан жасалады. Атап айт­сақ, ұннан, дәнді да­қыл­дар­дан, сүт өнімдерінен және еттен әзірленеді. Әсіресе қол­дан жа­салған құрттың пайдасы орасан зор. Құрт – сиыр сүтінен жаса­латын нағыз дәрілік тағам. Қытай және жа­пон халықтары негізі­нен көзіл­дірік тағады. Ол – қат­ты тағам жемегеннің салда­ры. Қазақ пен қырғыздарда және моңғол­дарда көзілдірік таға­тын­дар аз. Құрт қатты бол­ған­дықтан, оны мүжіп жеу көзге пай­далы екен. Со­нымен қатар онда кальций мол болғандық­тан, сү­йектің қалыптасуына, тіс­тің мық­ты бо­луына және асқа­зан­ның дұрыс жұмыс істеуіне ықпа­лы зор. Күнделікті құрт жеп жүр­ген адам­ның буын, омыртқа ауру­ларына аз шалдығатыны белгі­лі. Құрт – әсіресе балалар үшін, олардың дене бітімі сау бо­лып жетілуі үшін ерекше маңыз­ға ие. Жас балалардың көзінің жақ­сы көруі, тісінің мықты, бойы­ның ұзын болуы үшін құрт жегені дұрыс, – дейді эндо­кринолог Самира Нұркеева.

Жалпы қазақтың тұтынатын ұлттық тағамдарының қайсы­сын алсақ та, денсаулыққа пайдасы зор. Бабаларымыздан қалған ұлттық тағамдары­мыз­ды бағалай білсек, ұтпасақ, ұтыл­­масымыз анық.

Денсаулыққа пайдасы зор ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды мектеп асха­на­сының ас мәзіріне енгізу арқы­лы келешек ұрпаққа таныс­тырып, табыстырарымыз анық. Себебі қазір жастар ұлттық та­ғамды тек Нау­рыз мерекесін­де ғана жеу ке­ректей қабылдай­ды.

Ата-аналар тарапынан да бұл өзге­ріс­­терге қар­сылық жоқ. Оқушыларға жеңіл-желпі та­мақ­тан гөрі өзіміздің ұлттық та­мақтарды, ет, құрт, жент, көже бергенге не жетсін?

Сонымен өңірлерде өнді­рілген отандық өнімдерді пай­да­лана отырып, мектеп ас мә­зіріне ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтау­дағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ұлттық тағамды енгізіп қана қоймай, ұлттық тағам мәдение­тін қалыптастыруға мүмкіндік беретін қанатқақты жоба елор­даның алты мекте­бін­де жүзеге асып жатыр екен. Көп ұзамай біз­дің өңірде де іске асып, са­пасы мен пайдасы қа­тар жү­ретін қазақтың мол дас­тарқаны білім ордаларында на­сихат­талады деген үміт зор.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp