“Ұлттық салауатты тамақтану” орталығының зерттеуі бойынша елдегі бірнеше аймақтағы мектептегі ас мәзірлерінің тағамдық құндылығы қазіргі ғылыми ұсыныстарға сай емес көрінеді. Мәселен, көмірсулар мен қаныққан майлардың мөлшері артық, қант пен тұз көп қосылады. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормалардан бірнеше есе артық екені дәлелденіп отыр. Бұған бекітілген стандартқа сай келмейтін асханаларды, сапасы күмәнді ас мәзірін, буфетте сатылатын өнімдерді, тыйым салынған сусындар, май мен қант мөлшері шектен тыс тағамдарды қоссақ, баланың денсаулығына алаңдауға себеп бар екенін түсінеміз.
Білім ордаларындағы асханалардың бүгінгі жай-күйі, тамақтану мәселесі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Мұндай оқылықтарға жол бермеу үшін Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен білім ордаларында тамақтанудың жаңа моделі әзірленіп, ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізіледі деп жоспарланған.
Былтыр Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен “Мектептегі тамақтану – жалпы дамудың бағыты” тақырыбындағы бірінші халықаралық форумда еліміздің Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева сөз сөйлеп, өңірлерде шығарылған отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектепке ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі екенін атап өткен еді.
– Әрбір білім ошағы “салауатты өмір салтын ұстанатын мектепке” айналуға тиіс. Мектептің кез келген қызметі сауықтыру-педагогикалық бағытта болады. “Ұлттық мектеп асханасы” жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – көпғасырлық дәстүр бойынша жасалған мәзір, ежелден келе жатқан тәжірибенің нәтижесі, – деген еді сол кезде Наталья Жұмаділдаева.
Болашақта оқушылар білім ордаларында құрт, жент, көжемен тамақтанады, яғни, мектеп асханасының ас мәзіріне 50 ұлттық тағам енеді деп жоспарлануда. Бұл өзгеріс “Ұлттық мектеп асханасы” жобасы арқылы жүзеге аспақ.
Ұлттық тағамдарды енгізу мектеп асханасына қатысты түйінді мәселелерді шеше ала ма? Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі 443 білім ордасы ыстық тамақпен қамтылған. Бүгінде теріскейлік 37410 бала тегін тамақтанып жүр. Олардың арасында 1-4-ші сыныптың 26 587 оқушысы бар. Ол үшін жергілікті бюджеттен 2024 жылға 2,8 млрд. теңге қаражат бөлінген. Ал ұлттық тағам ас мәзіріне қашан енгізілетіні белгісіз.
Мамандардың айтуынша, оқушылардың дұрыс тамақтануы – олардың денсаулығы мен оқу қабілетін арттыруға септігін тигізетін маңызды шарттардың бірі. Сондықтан кез келген мектеп жасындағы баланың тамағы дәруменге бай, дәмді болуға тиіс. Ал баланың дені сау болып өсуі үшін ашытылған сүт өнімдері, тез қорытылатын ет, көкөністер мен жемістер қажет.
– Ұлттық тағам бірінші қанға, жүрекке, ми жұмысына жақсы әсер етеді. Олардың барлығы денсаулығымызға пайдалы. Ұлттық тағамдар негізінен 4 түрлі азықтан жасалады. Атап айтсақ, ұннан, дәнді дақылдардан, сүт өнімдерінен және еттен әзірленеді. Әсіресе қолдан жасалған құрттың пайдасы орасан зор. Құрт – сиыр сүтінен жасалатын нағыз дәрілік тағам. Қытай және жапон халықтары негізінен көзілдірік тағады. Ол – қатты тағам жемегеннің салдары. Қазақ пен қырғыздарда және моңғолдарда көзілдірік тағатындар аз. Құрт қатты болғандықтан, оны мүжіп жеу көзге пайдалы екен. Сонымен қатар онда кальций мол болғандықтан, сүйектің қалыптасуына, тістің мықты болуына және асқазанның дұрыс жұмыс істеуіне ықпалы зор. Күнделікті құрт жеп жүрген адамның буын, омыртқа ауруларына аз шалдығатыны белгілі. Құрт – әсіресе балалар үшін, олардың дене бітімі сау болып жетілуі үшін ерекше маңызға ие. Жас балалардың көзінің жақсы көруі, тісінің мықты, бойының ұзын болуы үшін құрт жегені дұрыс, – дейді эндокринолог Самира Нұркеева.
Жалпы қазақтың тұтынатын ұлттық тағамдарының қайсысын алсақ та, денсаулыққа пайдасы зор. Бабаларымыздан қалған ұлттық тағамдарымызды бағалай білсек, ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Денсаулыққа пайдасы зор ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды мектеп асханасының ас мәзіріне енгізу арқылы келешек ұрпаққа таныстырып, табыстырарымыз анық. Себебі қазір жастар ұлттық тағамды тек Наурыз мерекесінде ғана жеу керектей қабылдайды.
Ата-аналар тарапынан да бұл өзгерістерге қарсылық жоқ. Оқушыларға жеңіл-желпі тамақтан гөрі өзіміздің ұлттық тамақтарды, ет, құрт, жент, көже бергенге не жетсін?
Сонымен өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектеп ас мәзіріне ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Ұлттық тағамды енгізіп қана қоймай, ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін қанатқақты жоба елорданың алты мектебінде жүзеге асып жатыр екен. Көп ұзамай біздің өңірде де іске асып, сапасы мен пайдасы қатар жүретін қазақтың мол дастарқаны білім ордаларында насихатталады деген үміт зор.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.