Өткен жылы “Өрлеу” БАҰО” АҚ-ның облыстық кәсіби даму институты М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесе отырып, профессорлық-оқытушылық кадрларды даярлауда “Педагогикалық білім берудегі жаңа өлшем: үздіксіз даму жолы” ғылыми жобасын іске қосты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылған бұл жоба білім берудегі қазіргі тенденцияларды анықтап қана қоймай, педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуының жаңа талаптарын белгілейді.
Жыл басында өткен жиында академиялық қауым өкілдері, оқытушылар мен әдіскерлер жобаның негізгі аспектілерін талқылады. “TeechMeet” аясында зерттеу тобы болашақ педагогтарды оқыту мен дамытудағы кешенді тәсілдің маңыздылығын көрсете отырып, өз жұмысының алғашқы нәтижелерін ұсынды. Профессор, жоба жетекшісі Алма Мұрзалинова жобаның мақсаты тек білім беру ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағдыларды, жеке қасиеттерді және үздіксіз даму құндылықтарын біріктіретін құзыреттіліктер жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті. Жоба педагогтарды күрделі және үнемі өзгеріп отыратын қоғамда жұмыс істеуге дайындауға, өздігінен білім алудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған.
Мәселен, “Педагогтік кәсіпке апаратын жол: оқуды үйрен” Profit-ресурсы ерекше назар аударуға лайық. Ол педагогтар арасында үздіксіз кәсіби дамуды қолдауға арналған кешенді құрал болып табылады. Жоба сонымен қатар, үздіксіз кәсіби дамуды жетілдіру үшін қосымша ресурс қызметін атқаратын білім беру “Telegram” арнасын қамтиды.
№8 эстетикалық тәрбие беру орта мектеп-кешенінің директоры Әйгерім Уалиева мен Қызылжар аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Меңсұлу Төребекова ұсынған сараптамалық бағалар жобаның өзектілігі мен маңыздылығын дәлелдейді. Әсіресе жас педагогтар үшін үздіксіз білім беру және кәсіби даму идеялары аса пайдалы.
Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба “Нені және қалай оқыту керек?” – деген сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, педагогикалық ғылым мен тәжірибенің дамуындағы жаңа бағыттарды белгілейді.
Айнагүл ҚАБДИРОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ-ның облыстық кәсіби даму институты директорының орынбасары.