Биыл қамшының сабындай қысқа өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі үшін құрбан еткен ержүрек бабамыз – Баян батырдың туғанына 310 жыл толады. Осы айтулы датаға орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Батыр Баян – ел тарихындағы ұлы тұлға” атты тарихи кеш ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен батырдың ұрпақтары асыл тұлғаның өмірі, көрсеткен ерлігі туралы баян етті.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зылыйқа Бимақанова “Батыр Баянның тарих сахнасындағы ерліктері” тақырыбында баяндама жасады. Ол батырдың ХVIII ғасырда қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшін көрсеткен ерліктеріне жан-жақты тоқталып, Абылай ханның сенімді серігі әрі бас батырларының бірі болғанын айтты. Тіл және әдебиет институты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Жазира Көкбастың “Батыр Баян бейнесі көркем әдебиетте” тақырыбындағы баяндамасын жиналғандар ерекше ықыласпен тыңдады. Ол – ақын Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасын мазмұндық жағынан талдады. Әнші, телеарна адагері Кәмила Әлібаева Баян батырға арнаған өлеңін оқып берді.
“Батыр Баян” поэмасында адам жанының құпия сырларына терең үңіліп, оның өмірдегі орнына нәзік талдаулар жасалынған. Мінез – адамның тағдырын анықтайтын басты категория. Батырлық мінез Баянның өміріне тікелей әсер етіп, оны халық қаһарманы дәрежесіне дейін көтерді. Сонымен бірге шарықтау шегінде тұрған батыр тұлғасын күл-талқан етті. Соңғы рет ерлік пен ездік, өлім мен өмір айқасқа түскенде, жарқ етіп көрінген намысқа толы батырлық мінез Баянның тұлғасын тағы да биікке бір-ақ шығарып, кейінгі ұрпақтың үлгі тұтар мақтанышына айналдырды. Батыр Баян бізге елін сүйген, қорған болған батырлығымен бірге адамшылық, азаматтық, адалдық, өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қоюшылық, гуманистік, сезімталдық, табандылық сияқты қасиеттерімен де қымбат”, – деді Жазира Көкбас.
Баян батырдың ұрпақтарының бірі – еңбек ардагері Зейнолла Олжабаев. Ол батырдың Бұлан атты баласынан тараған. Ал Аманжол Баймұратов – Батыр Баянның 7-ші ұрпағы. Кеш барысында сөз алған олар Баян батыр есімінің ұмытылмайтынын, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында жерлесіміздің есімімен аталатын білім ұясы бар екенін айтты. Кешке қатысушылар “Өр тұлғалы Батыр Баян” атты кітап көрмесін тамашалады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.