Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының оқу залында жерлесіміз, қазақтың көрнекті жазушысы, драматуруг, аудармашы Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай “Біздің Сәкен сері ” кітап бұрышы ашылды.
Кітап бұрышы негізі төрт бөлімнен тұрады. “Сайына қарай – саласы, Әкесіне қарай – баласы” атты бірінші бөлімінде Сәкен Жүнісовтің отбасы, сонымен қатар әкесі Нұрмақ Жүнісовтің елі үшін атқарған еңбектері, отбасылық фотолар, библиографиялық анықтамалар, мерзімді басылымдар қойылды. “Қос жанрдың жүйрігі” атты екінші бөлімді жазушының өмірі мен қызметі туралы материалдар, энциклопедиялар, библиографиялық мақалалар және ол туралы әдебиеттер құрайды.
“Сарыарқаның серісі” атты үшінші бөлімде Сәкен Жүнісовтің шығармашылық мұрасы, еңбектері ұсынылған. “Архивтер сөйлейді” атты төртінші бөлім көрменің негізгі құнды бөлігі болып табылды. Арнайы Уәлиханов аудандық мұрағатынан әкеліп қойылған Сәкен Жүнісовтің мектеп кезіндегі күнделігі, Кішкенекөл №2 мектебінде қызмет атқарған жылдары қабылданғаны және босатылғаны жөніндегі бұйрықтары, үй құжаттарының актісі қойылған.
Уәлиханов ауданының құрметті азаматы Сансызбай Қалиев Сәкен Жүнісов жайлы тың деректерді келтірді. Кітап бұрышының ашылуына ерекше үлес қосқан аудандық мұрағат басшысы Дулат Сұлтанов мұрағат та сақталған материалдарды оқырмандарға таныстырып өтті. Іс-шара соңында жазушының келіні Бәтима Мұхаметалина ризашылығын білдіріп, Сәкен Жүнісовтің қолтаңбасы бар кітапты көрмеге тапсырды.
Жанаргүл МҮШЕЛБАЙ,
Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы.