Ұлттық бірыңғай тестілеуде талапкер өзінің нәтижесімен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға бере алады. Өйткені тестілеу бұрынғы қағаз нұсқадан электронды форматқа ауыстырылғаннан бері емтихан нәтижесін бірден көру мүмкіндігі пайда болды.
Қазіргі электронды тестілеуде талапкерлердің жинаған ұпайлары тестілеу соңында экранға шығарылады. Сонда көрсетілген қорытындысымен келіспеген жағдайда сол мезетте апелляцияға бере алады. Апелляцияға беруге тест нəтижелеріндегі сұрақтардың мазмұнына немесе техникалық кемшіліктерге қатысты мəселелер себеп болуы мүмкін.
Сұрақтардың мазмұны бойынша апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі. Апелляция дəлелді түсініктемемен негізделуі керек. Ал егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін тапсырма шарттарында фрагменттің (мəтін, схема, сызбалар, кестелер) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға беруі қажет.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев аталған мəселеге қатысты: “Апелляцияны тек қызық көріп немесе қосымша ұпайларға үміттеніп, тиісті негіздемесіз беруге болмайтынын атап өткен жөн. Апелляция сұрақтардың немесе жауаптардың сəйкес келмеуі, сондай-ақ техникалық себептер бойынша ғана берілуі керек. Апелляциялық сұрақтардың барлығын республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды”, – деп түсініктеме берді.
Тестіленуші сертификатын апелляциялық шағым туралы шешім қабылданғаннан кейін жеке кабинетінен көре алады. Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 53 мыңнан аса адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 73,6 пайызы қазақ тілінде, 26,3 пайызы орыс тілінде, 35 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Шекті ұпайды 73 пайызға жуық талапкер жинады. Орташа ұпай 65-ті, ең жоғары ұпай 134-ті құрады. Тестке қатысушылардың басым бөлігі “Математика-Физика” жəне “Биология-Химия”, “Математика-Информатика” бағытын таңдаған. Ең аз таңдалғаны “Химия-Физика” бағыты болып тұр.
Орталық басшысы Руслан Емелбаевтың айтуынша, 63 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 43 талапкер смартфон, шпаргалка жəне басқа да тыйым салынған заттарды алып өту əрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 20 адам шығарылып, олардың нəтижелері жойылды. Айтпақшы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де тестілеуді өзге замандастарымен бірдей тапсыруға жағдай жасалған. Мысалы, қаңтардағы ҰБТ-ны дəл осындай 158 талапкер тапсырыпты.
2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін биылғы қазан айының соңына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нəтижелері жойылатынын атап өткен жөн.
Әсет ҚАНАФИН.