2021 жылы Мемлекет басшысының “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деген мақаласы “Egemen Qazaqstan” газетінде басылып және қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде үндеу жариялады, халық бұл үндеуді толықтай қолдап, жер-жерде қуғын-сүргін көргендерді, жазықсыз жазаланғандарды ақтауға үн қосып кірісіп кетті. Мемлекет тарапынан бұл жұмысты жан-жақты тексеріп қарау үшін арнайы комиссия да құрылды.
Осы тұста Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Сарапхана елді мекенінің тұсындағы биік жота басында Шымкент – Ташкент күре жолының бойында орналасқан тарихи-этнографиялық “Мәңгілік ел” саябағына “Алаш арыстарына” арналған көрнекті 9 тұлғаның ескерткіші орнатылды. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арнап “Анаға тағзым” ескерткіші және атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арнап биік тұғырлы ескерткіш бой көтерді. Бұл ескерткіштердің ашылу салтанаты “пандемия” сырқатының кең тарауына байланысты 2021 жылы 30-31 қазан күндеріне белгіленіп, республикалық ғылыми конференция өткізіліп, конференцияға елімізге танымал тарихшылар мен ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оңтүстік өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Осы жиынға тарихшы-академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, тарихшы Талас Омарбековтермен қатар тарихшы генерал-лейтенант Абай Тасболатов, жазушылар Сауытбек Әбдірахманов, Қали Сәрсенбай, ақын Маралтай Райымбекұлы тағы басқа ғалымдар мен мәжіліс депутаттары келді. Сол жолы Созақ ауылында “Созақ қасірет мемориалы” ашылып, жоғарыда айтылған зиялы қауым өкілдері оған түгелдей қатысты. Осы өткен ғылыми конференция жайлы республикалық баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жазылып, тарихи-этнографиялық “Мәңгілік ел” саябағы жайлы жылы лебіздер айтылды.
Аталған жиынның қонағы болып келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал ақын Маралтай Райымбекұлы сол “Мәңгілік ел” саябағында орналасқан Бекет ата Мырзағұлұлының 270 жылдығына арнайы орнатылған киелілер кешенінің ішін аралап көріп, “Бекет ағам әйелі мен екеуіне болашақта жататын орын дайындап қойыпты, адам жүрегі шошитын қандай дайындық о дүниеге”, – деп қол телефонына өз даусымен жазып алып кетеді. Бекет ата кешенінің мазмұн-мақсатын анықтап білмей, өзінің ойына келген ұшқары пікірін 2022 жылы 17 сәуірде елімізге танымал журналист, блогер Арман Шораевқа өзінің жолдастары арқылы тапсырыс беріп, әлеуметтік желіде желдей ескен көпшіліктің теріс пікірлер айтуына мұрындық болды. Осы жариялымнан кейін Бекет Тұрғараев әлеуметтік желіде орынсыз теріс пікірлер таратқан Маралтай Райымбекұлына жолығып, қате пікірді таратқанына реніш білдіріп, кешірім сұрауды талап етті, бірақ Маралтай: “Басымды кесіп алсаң да кешірім сұрамаймын”, – деп қарсылық ойын айтқан. Бекет аға: “Мен баскесер емеспін, әділдікті, шындықты талап етемін, ар-ұжданның тазалығын қорғау үшін, бұл мәселені соттың қарауына ұсынамын”, – деп, “әлі де ойлан, “жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды” деген сөз бар, қателікті мойындау да, ерлікке пара-пар”, – деп ойлануына уақыт берді және Арман Шораевқа Астана қаласында жолығып, оған да жалған ақпаратты әлеуметтік желіде таратып, азаматтарға кешен жайлы теріс пікір туғызғаны үшін, қателігін түзетіп, әлеуметтік желіде пікір айтуын талап етті. Өз кезегінде Арман Шораев та бұл талапты аяқсыз қалдырды. Содан кейін Бекет Тұрғараев ар-намысты аяққа басып, жұртқа жалған ақпарат таратқандары үшін Маралтай Райымбекұлы мен Арман Шораевтың үстінен Алматы қалалық сотының азаматтық істер қарайтын алқасына талап-арыз түсірді.
Алматы қалалық сотының аза маттық істер бойынша алқасы 2024 жылы 9 қаңтар күні Бекет Тұрғараевтың талабын қанағаттандырып, Маралтай Райымбекұлы мен Арман Шораевтың әлеуметтік желіде жазған пікірлері шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпарат деп тану туралы талап-арызды қанағаттандырып, қаулы шығарды. Арман Шораевтың әлеуметтік желідегі парақшасында жалған ақпарат таратылған соң, лезде журналист Әсет Әссанди де жалған сөзге сөз қосып жалаулатты, бірақ артынша телеэкранға шығып кешірім сұрап, тәубесіне келді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, Жанарбек Берістен “Дат” газетінде жариялаған мақаласы үшін қателігін мойындап, “Айып бізден” деп кешірім сұрады.
Оқырман назарына осы мақаланы ұсына отырып, Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Сарапхана ауылындағы “Мәңгілік ел” саябағында орналасқан “Киелілер кешені” нысаны Түркістан облысының аймақтық маңызы бар “киелі нысаны” деп танылғанын еске сала кетуді орынды деп есептедік.
Қ.ДҮЙСЕНОВ,
Жеті жарғы және Қожаберген жырау халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры кеңсесінің бас хатшысы.