Сәттібек Елубаев – Мағжан Жұмабаев аудандық мәслихатының депутаты, әлеуметтік саясат, заңдылық, құқықтық тәртіп және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, Надежка орта мектебінің директоры.
Не үшін депутат болдым?
Алаш арысы Міржақып Дулатұлының “Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт”, деген сөзі әлі де өзекті. Бұл түрлі деңгейдегі депутаттардың санасында сайрап тұруы тиіс. Себебі депутаттық – өз құлқынын ойлағанның емес, халық мүддесін қорғағанның атқарар қызметі. Маған сайлауға қатысу туралы ұсыныс түскенде қатты ойландым. Туыс-туғаныммен, ұжымыммен, ақыл айтар ағалармен ақылдастым. Себебі депутат болу – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершіліктің жүгін лайықты көтере білу керек. Туған еліме қызмет етсем деген ниет шешім қабылдауға себепші болды. Сонымен қатар әріптестерім, ауылдастарым да: “Сайлауға қатысыңыз, мәселелерді көтеріңіз”, – деп өтініштерін айтты. Қабырғаммен ақылдаса келе, көптің ұсынысын жерге тастамайын деп сайлауға қатыстым. Маған сенім артқан сайлаушылардың арқасында көп дауыс жинап, депутат болып сайландым.
Жергілікті тұрғындар мені жақсы таниды. Надежка орта мектебінде еңбек жолымды бастадым. Аталған білім ордасында қызмет етіп жатқаныма да 23 жылдай болды. Менің атам Жаныбай Елубаев – Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ол кісі де білім саласында еңбек етті, мұғалім болды, мектеп директоры қызметін атқарды. Ауылнай болған екен. “Болмасаң да ұқсап бақ”, – дейді ғой, сол кісінің ізіп басып келе жатырмын.
Мен тұрғындарды не толғандыратынын жақсы білемін. Олардың басындағы мәселе – маған да ортақ. Алдымен ауылдастарымның жағдайын жақсартуға үлесімді қосқым келеді, қалғанын кейін көре жатармыз.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай би, Чистов және Бастомар ауылдық округтеріне қарасты Надежка, Қарағанды, Писаревка, Чистовское, Урожайное, Тыщенка, Украинка ауылдарының атынан сайландым. Жеті ауылда 3500-ден астам тұрғын бар. Мен сайлаушыларыма адал қызмет етуге, туындаған мәселелерді шешуге және қолымнан келмейтіндерін мәслихат сессиясында көтеріп, мемлекеттік органдардың назарын аудартуға уәде бердім. Сонымен қатар сайлауға түсер алдында осы ауылдардың әлеуметтік жағдайын сараладым. Осыдан бес жыл бұрын ауыл тұрғындарын сапалы ауызсу, жол, көшелерді жарықтандыру, интернеттің сапасы толғандырса, қазіргі таңда көп ауылдарда бұл мәселелер өзектілігін жойды. Сайлаушыларым тұрып жатқан ауылдардың денінде су үйге тартылған, жылына ауылдардағы 1-2 көше жөнделеді әрі жарықтандырылады. Ірі ауылдарда жұмыс орындары ашылып жатыр. Мәселен, Надежка ауылында соңғы жылдары бес тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Алдағы уақытта тағы екеуі өз жұмысын бастайды. Яғни тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмыссызық – шағын ауылдарға тән мәселе. Сондықтан көрші елді мекендерге барып, еңбек ету белең алып тұр. Мәселен, Бастомар ауылдық округі құрамындағы Писаревка ауылында 300-ден астам адам тұрады. Ауылда жеке кәсіпкерліктер бар, тұрғындар мал өсіріп, күндерін көріп жатыр. Ал тұрақты жұмыс жоқ. Сондықтан көрші ауылға барып жұмыс істеуге мәжбүр. Көшесін жарықтандырып, жолдарын жөндеу керек. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың берекесі кетіп, тұрғындары жайлы қоныс іздеп, көшіп жатыр. Жалпы ауылда халық саны азайса, бұл бірден мектептерге қауіп төндіреді. Тұрғындармен бірге бала саны да кеміп, көптеген білім ошақтары жабылу алдында тұр. Әзірге Писаревка ауылындағы мектеп жұмыс істеп тұр. Егер ол жабылса, тұрғындарды ұстап тұру қиын. Мектепсіз ауылдың сәні де, мәні де кетеді. Бұл – депутаттардың ғана емес, ауылдық округ әкімдерінің, аудандық білім бөлімінің де алдына зор міндеттер қойып отыр.
Сондықтан ауылдарды сақтау үшін әр елді мекеннің иесі болуы қажет. Бұл жерде ие деп ауылға әлеуметтік жауапкершілікпен қарайтын, қолдау көрсететін инвесторларды айтып отырмын. Былтыр Писаревка ауылына осындай ірі инвестор келді. Алдағы уақытта ауылдың тіршілігіне қан жүгіре ме деген үміт бар. Егер тұрақты жұмыс орны, лайықты еңбекақы болса, ауылдағы ағайын жылы орнынан қозғалмайды.
Сонымен қатар біздің жақта шекара бекеті салынып жатыр. Жоспарға сәйкес биыл ашылуы тиіс. Үстіміздегі жылы жаңа амбулатория бой көтермек. Бұлардың барлығы іске қосылса, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыс орындарымен қамтылады. Көшіп келетін қандастарға арнап жаңа 10 үй салынды. Соңғы кезде Надежка ауылынан көшіп кетушілер сиреп, керісінше бізге қоныс аударатындардың саны артты.
Қай уәдемді орындадым?
Ертеректе үлкендер “Уәде – құдай сөзі” дейтін. Намысты қамшылайтын сөз ғой. Осы сөздің мағынасы терең, жауапкершілігі зор екенін жастайымнан санама сіңіріп өскендіктен, сайлаушыларыма берген уәдемді орындауға асықпын. Ауылды жер болған соң, жол жөндеуге қатысты сұрақтар көп туындайды. Мысалы, Надежка – Қарағанды ауылдарының ортасындағы жолмен күз бен көктемде жүріп-тұру өте қиын. Асфальт төселмегендіктен жауын-шашыннан езіліп кетеді. Тұрғындардың осы мәселесін шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, мәслихаттың кезекті сессиясында қаралатын болды. Келешекте екі ауылдың ортасын жалғастыратын жолға асфальт төселеді.
Одан бөлек, сайлаушылар жеке мәселелері бойынша да хабарласады. Көпбалалы аналарды, жалғыз ілікті қарттарды отын, көмірмен қамтамасыз ету сынды тіршілік түйткілдерін жеделдетіп шешуге тырысамын. Себебі бұлар – уақыт созбай лезде шешілуі тиіс мәселелер.
Халық маған сене ме?
Халықтың сенімі – үлкен күш. Қанаттандырады. Еліне, туған халқына қалтқысыз қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған азаматты алға жетелейтін де осы күш екені даусыз. Адам болған соң бәрінің көзқарасы бірдей емес, пікірлері де әр алуан. Маған сайлаушыларымның барлығы сенеді деп айтудан аулақпын. Дегенмен, көбі қолдайды деп ойлаймын. Сол жердің тумасы болғандықтан тұрғындар мені жақсы біледі.
Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Кейде мәселесін айтып келген жандар сұрақтың тез шешілгенін қалайды. Бірақ мәселе тек депутатқа ғана байланысты емес қой. Біз жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істегендіктен, үшінші, төртінші тараптың да жұмысына тәуелдіміз. Бірақ көтерген мәселені үнемі бақылауда ұстаймын. Қазір расымен де халықтың талабы жоғары. Менің ойымша, депутат халық алдына шығып, өз ой-пікірлерін, өздерінің не істеп жатқанын дұрыс түсіндірсе, көп нәрсенің күрмеуі тарқатылады. Президентіміз ести білетін билік құрамыз деп айтып жатыр. Расымен де билік ести білуі керек және айта білетін, түсіндіре білетін жағдайға жету керек. Сонда халық та жұмыс істеп жатқаныңды көріп, қолдау танытады. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Тіл табыса білсең, бірлесе жұмыс істей алсаң, халық та түртпектемейді, депутат та тындырымды жұмыс істейді.
Мен тұрғындарды қабылдауды демалыс күндері, не болмаса кешкі уақытта өткіземін. Себебі адамдардың басқа уақытта қолдары тимейді. Айына бір рет аудан орталығында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылады. Сонымен қатар ауылдарда бір рет тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаймын. Тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін телефон арқылы да айтып жатады. Менің байланыс телефонымның нөмірі әр ауылдағы мектепте, дүкенде ілулі тұр. Аудандық газетте, әлеуметтік желілер арқылы қай күні қабылдау өткізетінімді де хабарлап отырамын.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.