«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БӘРІНІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒУ МҮМКІН ЕМЕС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәттібек Елубаев – Мағжан Жұмабаев аудандық мәс­лихатының депутаты, әлеуметтік саясат, заңдылық, құ­қықтық тәртіп және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, Надежка орта мектебінің директоры.

Не үшін депутат болдым?

Алаш арысы Міржақып Ду­лат­ұлының “Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депу­тат болу үшін жақсы болу шарт”, деген сөзі әлі де өзекті. Бұл түр­лі деңгейдегі депутаттардың са­насында сайрап тұруы тиіс. Се­бебі депутаттық – өз құлқынын ойлағанның емес, халық мүдде­сін қорғағанның атқарар қызме­ті. Маған сайлауға қатысу тура­лы ұсыныс түскенде қатты ойландым. Туыс-туғаныммен, ұжы­мыммен, ақыл айтар ағалармен ақылдастым. Себебі депутат болу – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершіліктің жүгін лайықты көтере білу керек. Туған еліме қызмет етсем деген ниет шешім қабылдауға себепші болды. Со­нымен қатар әріптестерім, ауыл­дастарым да: “Сайлауға қатысыңыз, мәселелерді көте­ріңіз”, – деп өтініштерін айтты. Қабырғаммен ақылдаса келе, көптің ұсынысын жерге таста­майын деп сайлауға қатыстым. Маған сенім артқан сайлаушы­лардың арқасында көп дауыс жинап, депутат болып сайлан­дым.

Жергілікті тұрғындар мені жақсы таниды. Надежка орта мек­тебінде еңбек жолымды бас­тадым. Аталған білім ордасында қызмет етіп жатқаныма да 23 жылдай болды. Менің атам Жа­ныбай Елубаев – Ұлы Отан со­ғысының ардагері еді. Ол кісі де білім саласында еңбек етті, мұ­ғалім болды, мектеп директоры қызметін атқарды. Ауылнай бол­ған екен. “Болмасаң да ұқсап бақ”, – дейді ғой, сол кісінің ізіп басып келе жатырмын.

Мен тұрғындарды не толған­дыратынын жақсы білемін. Олардың басындағы мәселе – маған да ортақ. Алдымен ауыл­дастарымның жағдайын жақсартуға үлесімді қосқым келеді, қалғанын кейін көре жатармыз.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай би, Чис­тов және Бастомар ауылдық ок­ругтеріне қарасты Надежка, Қа­рағанды, Писаревка, Чистов­ское, Урожайное, Тыщенка, Ук­раинка ауылдарының атынан сайландым. Жеті ауылда 3500-ден астам тұрғын бар. Мен сай­лаушыларыма адал қызмет ету­ге, туындаған мәселелерді ше­шуге және қолымнан келмей­тіндерін мәслихат сессиясында көтеріп, мемлекеттік органдардың назарын аудартуға уәде бердім. Сонымен қатар сай­лауға түсер алдында осы ауылдардың әлеуметтік жағ­дайын сараладым. Осыдан бес жыл бұрын ауыл тұрғындарын сапалы ауызсу, жол, көшелерді жарықтандыру, интернеттің са­пасы толғандырса, қазіргі таңда көп ауылдарда бұл мәселелер өзектілігін жойды. Сайлаушы­ларым тұрып жатқан ауылдар­дың денінде су үйге тартылған, жылына ауылдардағы 1-2 көше жөнделеді әрі жарықтандыры­лады. Ірі ауылдарда жұмыс орындары ашылып жатыр. Мә­селен, Надежка ауылында соңғы жылдары бес тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Алдағы уа­қытта тағы екеуі өз жұмысын бастайды. Яғни тұрғындар тұ­рақ­ты жұмыспен қамтылған. Жұ­мыссызық – шағын ауыл­дар­ға тән мәселе. Сондықтан көрші елді мекендерге барып, еңбек ету бе­лең алып тұр. Мәселен, Басто­мар ауылдық округі құра­мында­ғы Писаревка ауылында 300-ден астам адам тұрады. Ауыл­да жеке кәсіпкерліктер бар, тұр­ғындар мал өсіріп, күндерін кө­ріп жатыр. Ал тұрақты жұмыс жоқ. Сондықтан көрші ауылға ба­рып жұмыс істеуге мәжбүр. Кө­шесін жарықтандырып, жолда­рын жөндеу керек. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың берекесі кетіп, тұрғындары жайлы қоныс іздеп, көшіп жатыр. Жалпы ауылда халық саны азайса, бұл бірден мектептерге қауіп төнді­реді. Тұрғындармен бірге бала саны да кеміп, көптеген білім ошақтары жабылу алдында тұр. Әзірге Писаревка ауылындағы мектеп жұмыс істеп тұр. Егер ол жабылса, тұрғындарды ұстап тұру қиын. Мектепсіз ауылдың сәні де, мәні де кетеді. Бұл – де­путаттардың ғана емес, ауыл­дық округ әкімдерінің, аудандық білім бөлімінің де алдына зор міндеттер қойып отыр.

Сондықтан ауылдарды сақ­тау үшін әр елді мекеннің иесі болуы қажет. Бұл жерде ие деп ауылға әлеуметтік жауапкерші­лікпен қарайтын, қолдау көрсе­тетін инвесторларды айтып отыр­мын. Былтыр Писаревка ауылына осындай ірі инвестор келді. Алдағы уақытта ауылдың тіршілігіне қан жүгіре ме деген үміт бар. Егер тұрақты жұмыс орны, лайықты еңбекақы болса, ауылдағы ағайын жылы орны­нан қозғалмайды.

Сонымен қатар біздің жақта шекара бекеті салынып жатыр. Жоспарға сәйкес биыл ашылуы тиіс. Үстіміздегі жылы жаңа ам­булатория бой көтермек. Бұлардың барлығы іске қосылса, жер­гілікті тұрғындар тұрақты жұмыс орындарымен қамтылады. Кө­шіп келетін қандастарға арнап жаңа 10 үй салынды. Соңғы кез­де Надежка ауылынан көшіп кетушілер сиреп, керісінше бізге қоныс аударатындардың саны артты.

Қай уәдемді орындадым?

Ертеректе үлкендер “Уәде – құдай сөзі” дейтін. Намысты қам­шылайтын сөз ғой. Осы сөздің мағынасы терең, жауапкерші­лігі зор екенін жастайымнан са­нама сіңіріп өскендіктен, сай­лаушыларыма берген уәдемді орындауға асықпын. Ауылды жер болған соң, жол жөндеуге қа­тысты сұрақтар көп туындайды. Мысалы, Надежка – Қарағанды ауылдарының ортасындағы жолмен күз бен көктемде жүріп-тұру өте қиын. Асфальт төсел­мегендіктен жауын-шашыннан езіліп кетеді. Тұрғындардың осы мәселесін шешу үшін тиісті жұ­мыстар атқарылып жатыр, мәс­лихаттың кезекті сессиясында қаралатын болды. Келешекте екі ауылдың ортасын жалғасты­ратын жолға асфальт төселеді.

Одан бөлек, сайлаушылар жеке мәселелері бойынша да ха­барласады. Көпбалалы аналар­ды, жалғыз ілікті қарттарды отын, көмірмен қамтамасыз ету сынды тіршілік түйткілдерін же­делдетіп шешуге тырысамын. Себебі бұлар – уақыт созбай лезде шешілуі тиіс мәселелер.

Халық маған сене ме?

Халықтың сенімі – үлкен күш. Қанаттандырады. Еліне, ту­ған халқына қалтқысыз қызмет етуді өмірлік мұратына айнал­дырған азаматты алға жетелейтін де осы күш екені даусыз. Адам болған соң бәрінің көзқа­расы бірдей емес, пікірлері де әр алуан. Маған сайлаушыларымның барлығы сенеді деп айтудан аулақпын. Дегенмен, көбі қолдайды деп ойлаймын. Сол жердің тумасы бо­л­ғандықтан тұрғындар мені жақсы біледі.

Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Кейде мәселесін айтып келген жандар сұрақтың тез шешілгенін қалайды. Бірақ мә­селе тек депутатқа ғана байланысты емес қой. Біз жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істе­гендіктен, үшінші, төртінші та­раптың да жұмысына тәуел­діміз. Бірақ көтерген мәселені үнемі бақылауда ұстаймын. Қа­зір расымен де халықтың талабы жоғары. Менің ойымша, депу­тат халық алдына шығып, өз ой-пікірлерін, өздерінің не істеп жатқанын дұрыс түсіндірсе, көп нәрсенің күрмеуі тарқатылады. Президентіміз ести білетін билік құрамыз деп айтып жатыр. Ра­сымен де билік ести білуі керек және айта білетін, түсіндіре бі­летін жағдайға жету керек. Сонда халық та жұмыс істеп жатқаныңды көріп, қолдау таныта­ды. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Тіл табыса білсең, бірлесе жұмыс істей алсаң, халық та түртпектемейді, депутат та тындырымды жұмыс істейді.

Мен тұрғындарды қабыл­дауды демалыс күндері, не бол­маса кешкі уақытта өткіземін. Себебі адамдардың басқа уа­қытта қолдары тимейді. Айына бір рет аудан орталығында қо­ғамдық қабылдау ұйымдасты­рылады. Сонымен қатар ауылдарда бір рет тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабыл­даймын. Тұрғындар өздерін тол­ғандырып жүрген мәселелерін телефон арқылы да айтып жатады. Менің байланыс телефонымның нөмірі әр ауылдағы мектепте, дүкенде ілулі тұр. Аудандық газетте, әлеуметтік же­лілер арқылы қай күні қабылдау өткізетінімді де хабарлап отырамын.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp