Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленетінін айтқан болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру бойынша мынадай шаралар жүзеге асырылуда: біріншіден, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлемдер енгізу; екіншіден, жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру; үшіншіден, зардап шеккен жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту қарастырылған.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зиянды жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге және “Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы” Заң қайта қаралды.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
Жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.
Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен екі ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан (бұдан әрі – ӨСК) бір ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен бір ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және міндетті зейнетақы жарналары есебінен. 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 43407 теңгені құрады.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер зиянды жұмыстармен айналысатын жұмысшылардың, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады.
Арнайы әлеуметтік төлем қызметкер зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда беріледі.
Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемі оны алушы “Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы” Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем Еңбек кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Еңбек кодексінің 127-3-бабына сәйкес зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде олар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем жүзеге асырылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 желтоқсандағы №526 бұйрығымен бекітілген жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидаларына сәйкес кәсіптік төлем құқық туындағаннан кейін порталда ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі тіркелген кезде проактивті қызмет арқылы жүзеге асырылады. Проактивті қызмет арқылы кәсіби төлемді жүзеге асыруға өтініш беру талап етілмейді.
Кәсіптік төлем алуға құқығы бар жұмыскер жұмыс берушіге қағиданың 1-қосымшасына сәйкес жұмыс берушімен еңбек шартын бұзуға немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысуға өтініш береді.
Жұмыс беруші жұмыскердің өтініші негізінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінен жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісінің болуы туралы мәліметтерді алады, еңбек шарты тоқтатылған немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде еңбек шарттарын тіркеудің біркелкі электрондық жүйесінде еңбек шартының тоқтатылуы немесе еңбек шарты талаптарының өзгеруі туралы ақпарат енгізеді.
Жұмыс берушінің еңбек қызметін тоқтату немесе басқа жұмысқа ауыстыру туралы актісі шығарылған күн жұмыскердің еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда еңбек қызметін тоқтату немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысу күні болып есептеледі.
Жұмыс беруші жұмыскермен еңбек шарты бұзылғаннан немесе оны жеңіл еңбекке ауыстырғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде қолданыстағы қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты бар өмірді сақтандыру жөніндегі компанияға (әрі қарай ӨСК) сақтандыру төлеміне өтініш жазады.
Кәсіптік төлемді жүзеге асыру үшін қажетті дербес деректерді жинауға және өңдеуге жұмыскердің келіскен күні проактивті қызмет арқылы кәсіптік төлемді жүзеге асыру күні болып есептеледі.
Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді ұйымдастыру және жүзеге асыру “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізіледі.
Жұмыс істемейтіндер 55 жасқа толған кезде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істемейтін, бірақ жеті жыл ішінде міндетті кәсіби зейнетақы жарналары аударылған адамдар екі қаржыландыру көзінен: республикалық бюджеттен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан арнайы әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Олар тұрғылықты жері бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ филиалына жүгінуі керек. Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне сәйкес арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалады. Жұмыскер арнаулы әлеуметтік төлемдерді зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады.
Сонымен қатар, арнайы әлеуметтік төлемдер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді қорғау құралдарының бірі болып табылады. Төлем алушы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істей алмайды. Осылайша, егер адам төлем алу құқығын іске асырса және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға орналастырылса, онда барлық көздерден төлемдер автоматты түрде тоқтатылады.
Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру шеңберінде сақтанушыға, яғни жұмыс берушіге сақтандыру сыйлықақысының алты пайызынан аспайтын мөлшерде алдын алу шараларын жүргізуге арналған шығындарды өтеу, сондай-ақ сақтанушыға сақтандыру сыйлықақысының алты пайызынан аспайтын мөлшерде оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу көзделген.
Зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде жазатайым оқиға салдарынан қызметкердің кінәсін болдырмау қарастырылған.
Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан шаралар кешені жұмыскерлердің зиянды өндірістік факторлардың әсерінен шығуын ынталандыруға және елімізде еңбек ресурстарын үнемдеуге бағытталған.
Марат ОМАРОВ,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті облыстық департаментінің басшысы.