“Жастар рухы” жастар қанатының өкілдері қаладағы студенттік жатақханаларда рейд жүргізді. Мониторингтік топ алдымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 10-шы корпусындағы 200 адам тұрып жатқан жатақханада болды. Бір бөлмеде 2-3 студент тұрады. Белсенділер жатақханадағы жағдайды жастардың өзінен сұрады.
Мұндағы кір жуатын және жуынатын бөлме белгілі бір кесте бойынша жұмыс істейді. Кітапхана бар. Тазалық ережелері сақталған. Нысанға шағын жөндеу жұмысы жыл сайын жүргізіліп отырады.
Бұдан кейін мониторингтік топ 3-ші студенттер үйіне барды. Жатақхана 360 орынға шақталған. Онда бүгінде 330 адам тұрып жатыр.
– Кішігірім мәселелер болып тұрады. Оны университет басшылығы шешеді. Студенттер бізге шағымдарын айта алады. Біз оны жоғары оқу орнының басшылығымен бірлесе отырып қараймыз. Қазір жаңа жатақхана салынып жатыр. Онымен қоса 244 орындық тағы да бір студенттер үйінің құрылысы жүргізілуде, – дейді ұйым жетекшісі Біржан Құдайберген.
Жатақханаларды тексеру барысында әттеген-ай дейтін тұстары да табылып жатты. Бір бөлменің есігі дұрыс құлыпталмаса, екінші бөлменің терезесінен ақау табылды. Жатақхана қызметкерлері мұны жаз айында ретке келтіруге болады деп сендірді.
– Қыркүйек айында 420 орынға тапшылық болды. Бұл мәселені шештік. Биыл біз 10-шы жатақханаға жөндеу жұмысын жүргіздік. Осы жылы 1200 орынға шақталған 2 жатақхана қолданысқа беріледі. Сондықтан жатақхана тапшылығы жойылады деген ойдамын, – дейді университеттің басқарма мүшесі Ақмарал Тұрғалеева.
Гүлден СЕМБАЕВА.