Өңір басшысы облыс орталығының көктемгі су тасқынына дайындық барысын тексеру мақсатымен су басу ықтималдығы жоғары Ойқала, Былғары зауыты шағынаудандарында, Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное елді мекендерінде болып, жағдаймен танысты.
“Көктемгі ағынды суларға қарсы кешенді түрде іс-әрекет ететін үйлесімді жоспар болуы тиіс. Ол бойынша қанша техника, адам күші жұмылдырылатыны айқындалып, инертті және құрылыс материалдарының жеткілікті қоры жинақталуы қажет. Өткен жылдың қараша айынан бері қаладан 550 мың текше метр қар сыртқа тасылған. Өкінішке қарай, бұл қарқын қанағаттандырмайды. Жұмысты екі ауысымда ұйымдастыру қажет. Әсіресе жеке аулалардағы жағдай көңіл көншітпейді”, – деген Ғауез Торсанұлы қар шығару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.