«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР — ІЛГЕРІЛЕУ ТЕТІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент “Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары” Жолдауында еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар тапсырмалар беріп, Үкімет алдына ауқымды өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру міндетін қойды. Бүгінде еліміздің мықты өнеркәсіптік үрдісін қалыптастыру, осылайша экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету, оның ішінде өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру өте өзекті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткендей, жобаларды тиімді қолдану шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындаудың, әсіресе іске асыруға шетел инвесторлары мен жергілікті бизнес өкілдерін тартудың маңызы зор. Сонда барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып,  өнеркәсіп саясатының жаңаша даму үлгісіне көшудің тың мүмкіндіктері пайда болмақ. Президент “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек” сұхбатында экономика тақырыбын одан әрі өрбітіп, екі негізгі бағытқа тоқталды. Оның бірі және негізгісі – инвестиция тарту. Қомақты қаражат болса, экономика қарқыны үдей түсері сөзсіз. Арнайы Жарлықпен құрылған Инвестиция штабына инвестициялық ахуалды жақсарту, озық жобаларды сапалы түрде іске асыру сияқты ауқымды өкілеттіктің берілуі сенімімізді нығайта түседі. Петропавл ауыр машина жасау зауыты “Қазақстан инжирингі ҰҚ” АҚ-ның құрамына кіреді. Өткен жыл акционерлік қоғам үшін кірістердің айтарлықтай өсуімен және негізгі бағдарламалардың ойдағыдай орындалуымен сипатталады. Атап айтқанда, қаржылық көрсеткіштер – 69,4 млрд., өнімдер мен қызметтерді сатудан түскен табыс – 59,6 млрд., арнайы өнімдер – 50,9 млрд., азаматтық өнімдер 8,7 млрд. теңгені құрады. Ал біздің кәсіпорын инновациялық жобалар мен өндірісті кешенді дамытуға ерекше екпін беріп,  тапсырыстарға уақытылы қолдау көрсетілді. Мәселен, азаматтық сала бойынша экспортқа бағдарланған маятниктік аспалардың рекордтық саны жасалып,   тапсырыс берушілердің өтінішімен өнімдер тізімі кеңейтілді. Қосалқы бөлшектер төрт ості жүк вагондарына арналып,  тартқыш қысқыштар автомобиль тіркемелеріне ыңғайланды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын дамыту инновациялық технологиялар аясында дрондар жеткізуге шарт түзіліп, әскери және азаматтық қажеттіліктерге, мұнай құбырлары, энергетика және іздеу-құтқару жұмыстары үшін қолданылады. Сондай-ақ мұнай-газ құбырларын, электр беру белгілерін бақылауға, барлау мақсаттарына, іздеу-құтқару операцияларына, байланыс және басқару құралдарына пайдаланылады. Осылайша компания құрамында машина жасау және қорғаныс салаларындағы негізгі қатысушының бірі ретінде рөлімізді нығайтып, инновация мен сапаны терең игерудегі бай тәжірибемізді көрсетті.

Мемлекет басшысы жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы кезеңнің басты басымдықтарын белгілеп берді. 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 млрд. долларға жеткізу, жалпы ішкі өнімді жыл сайын кемінде 6 пайызға өсіру талабын қойды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударып, өндірістің ілгерілеуіне серпін беретін жобалар, экономика құрылымын өзгертуге бағытталған бастамалар әркез қолдау табатынын айтты.  Біздің басты мақсатымыз – тұтынушылардың сұранысы мен қажеттілігін қамтамасыз ету.

Тарихы 1961 жылдан басталатын өндіріс ошағының өткеніне көз жүгіртсек, үнемі уәде үдесінен көрініп келе жатқанын байқау қиын емес. Қазір негізгі басымдық шығарылатын өнімнің сапасына аударылып отыр. Тапсырыс берушілермен тығыз қарым-қатынасты одан әрі үйлесімді әрі кідіріссіз жүргізу мақсатымен цехтарға білікті мамандар тартылып, қызметкерлер құрамының үштен бірі жаңартылды. Мұндай қадамның алдымызға қойылған міндеттер мен жоспарларды орындауға игі әсері мол. Қабылдаған жаңа тапсырыстар нәтижесінде ондаған жылдар бойы қордаланып қалған қарыз өтеліп, серіктестіктермен ескі байланыстар қалпына келтірілді, жаңа келісімшарттар жасалды. Жұмысшы-қызметкерлерді тұрақты жұмыспен, лайықты жалақымен қамтамасыз ету жөніндегі қостараптық шарт-келісім ойдағыдай орындалып келеді. Соңғы жылдары тапсырыстар саны 10 есеге өсіп, бюджеттік салық түсімдері едәуір ұлғайды.   Ерекше атап өтетіні, мұнай-газ секторына арналған машиналарды шығару қайта жаңғыртылып, жылжымалы бұрғылау және көтеру қондырғылары сапасымен ерекшеленеді. Темір жол бөлшектерін құрастыру өндірісі жолға қойылып, алғашқы партия жөнелтілді. Азаматтық және ауыл шаруашылығы секторының өнімдерін өндіруге мол тапсырыс берілді. Барлық бөлімшелердің үйлесімді жұмысының арқасында бізбен ынтымақтасуға дайын серіктестіктер саны арта түсті.  “KERUI GROUP” және “ТРАНКО” сияқты компаниялармен мәмілеге келуіміз – мұнай және газ жабдықтарын шығаруға әбден төселгеніміздің бір мысалы. Басты шарт – өндірілген өнімдердің халықаралық стандарттар талаптарына жауап беруі, мерзімінде дайындалуы. Заманауи және жақсы жабдықталған зауыттарда азаматтық өнімдерден бастап әскери жабдықтардың кез келген түрін өндіруге болады. Мұны біздің тәжірибе айқын аңғартады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының кейбір бөлшектері 3D принтер нұсқасында дайындалып, жаңа буын дрондарының өзгеше модельдері құрастырылды.

Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі – азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін “креативті өндіріс” салаларын шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзіне айналдыру. Президент Қазақстанда бұл саланың әлі дамымағанына, ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейтініне, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен екеніне алаңдаушылық білдіріп, еңбек нарығында белсенді жұмыс істеп тұрған табысты орта кәсіпорындарға қолдау көрсету керектігін алға тартты. Бәсекелестікті өрістетудің бір жолы ұжымның қалыпты жұмыс істеуіне толыққанды жағдай жасау болып табылады.  Бүгінгі таңда кадр тапшылығы өзекті жайт болып тұрған кезде жан-жақты әлеуметтік қолдау шараларын ұйымдастыру өте маңызды. Біз Резаевтар, Қарабықовтар, Павлухиндер, Фащуктар, тағы басқаларының ерлі-зайыпты, әкелі-балалы, аталы-немерелі отбасылық еңбек әулеттерін мақтан етеміз. Бұлар – адами капиталымыз, рухани үлгі тұтар көшбасшымыз. Зауыт әкімшілігі кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, санаторий-курорттық емдеуді ұйымдастыру туралы ереже қабылдады. Оның негізінде “Щучье” санаторийіне өндірістік жұмыс өтілі көп, зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жүрген 12 қызметкерге жолдама беріледі. Ерікті медициналық сақтандыру туралы шарт бойынша мекеме есебінен ақылы клиникаларда тегін ем-дом алады. Оған стоматология, емдік массаж, физиотерапия, тағы басқа медициналық қызметтер кіреді. Мұндай жеңілдіктерді отбасы мүшелері де пайдаланады. Ауыр материалдық жағдайға душар болғандар да назардан тыс қалмайды. Кәсіпорын аумағында орналасқан асхана мен буфеттің ас мәзірі қызметкерлер үшін тегін. Жыл сайын жалғызілікті аналарға, бірінші сынып оқушыларына және мүгедек балалары бар отбасыларға арналған “Мектепке жол” акциясы ұйымдастырылып,  оның шеңберінде кеңсе және мектеп құралдары сатып әперіледі. Кез келген мереке атаусыз қалмайды.

“Тәні саудың – жаны сау” деп бекерге айтылмаған. Саламатты өмір салтын белсенді түрде қолдап келеміз. Футбол және волейбол алаңы ретке келтірілді. Спортзалда теннис, басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Жұмысқа велосипедпен келетіндер үшін арнайы орын жабдықталған. Спортшыларымыз Астана қаласында өткен салалық республикалық спартакиадаға қатысып, жүлдегер атанды. 17 команданың арасынан жалпы командалық 3 орынды иеленді.

Президент халыққа арнаған Жолдауында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру айрықша маңызды екенін алға тартып, жас буынға үлкен үміт артты. Әрбір азаматты ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге, отаншыл, білімпаз, еңбекққор, тәртіпті болуға үндеді. Абайдың “Толық адам” ілімінен бастау алатын “Адал азамат” тұжырымдамасының да түпкі мәні осыған саяды. Біз облыс орталығындағы жоғары және арнаулы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, қатарымызды жастармен толықтырып отырамыз. Былтыр 30-дан астам студент өндірістік тәжірибеден өтіп, көпшілігі жұмысқа орналасты. Бүгінгі таңда слесарь, электрик, электр газбен дәнекерлеуші тапшы. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бір топ студенті теориялық білімдерін тәжірибемен шыңдауға келді. Біліктілерін араларынан таңдап аламыз. Оларға саналы ғұмырын зауыт қабырғасында өткерген тәлімгерлеріміз жетекшілік етеді, білмегенін үйретеді, мамандығының қыр-сырына баулиды. 40 жылдан астам жұмыс өтілі бар Юрий Гаврилов – өз кәсібінің білгірі, “Жастардың үздік тәлімгері” аталымының жүлдегері. Зауытта 25 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Владимир Батура, Александр Чищенко, Қуаныш Дәулетов, Артем Щукин,  Степан Квасов, тағы басқалары– жастардың ақылшысы, ұстазы. Сергей Суслов осыдан 15 жыл бұрын электрогазбен дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасқан. Қазір – білікті мамандарымыздың бірі. Электрогазбен дәнекерлеушілер, фрезерлеушілер мен токарьлар арасында шеберлігін дамыту және сыныптарын арттыру мақсатында кәсіби шеберлік байқаулары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Темір жонушы Виталий Мылников қалалық сайыста бірінші орыннан көрінді. 2-сынып шебері Әлібек Уатаев “Өндірістің үздік жас қызметкері” аталымында дара озып келді.

Кәсіпорынның даму болашағы жоғары. Әлем бойынша озық технологияларға негізделген заманауи жабдықтар шығару сериясын одан әрі жетілдіре түсетін боламыз. Былтыр ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығару жобасы іске қосылса, енді кең спектрлі аппараттардың алғашқы 4 түрі жиналып, сынақтан ойдағыдай өтті.

Арман ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ,

Петропавл ауыр машина жасау  зауытының бас директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp