Өңір прокурорлары мүгедектігі бар адамдар мен олардың заңды өкілдерінің құқығын қорғады. Облыстық прокуратураның мәліметінше, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау бойынша қадағалау жұмыстары аясында осы санатқа жататын адамдардан жеке табыс салығын және басқа да төлемдерді негізсіз ұстап қалу түрінде өрескел заң бұзушылық деректері анықталған. Мәселен, Мамлют, Шал ақын, Тайынша аудандарында жұмыс берушілер “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодекстің 346-бабын бұзған. 2022-2023 жылдары олар мүгедектігі бар балалардың 74 заңды өкілінен жалпы сомасы 6,6 млн. теңге жеке табыс салығын ұстаған. Ал Ақжар ауданында мүмкіндігі шектеулі 19 адамнан көлік салығы мен мемлекеттік баж салығы заңсыз ұсталған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекеттік кіріс органдары тұрғындарға 2,3 млн. теңгені қайтаруға көмектесті. Қалған соманы қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.