Кәсіби сарапшылар биылғы экономикалық ахуалға қатысты болжамдарын жария етті. Олардың меңзеуінше, биыл былтырға қарағанда даму үдерісі біршама өспек.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы тәуір өсім – 5,1 пайыз көрсетті. Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы (AERC) экономика 2024 жылы да ілгерілейді деп күтеді. Олардың болжамынша, биылғы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 4,6 пайызды құрауы мүмкін. Сонымен қатар AERC орташа жылдық инфляция деңгейі 8,8 пайыз болады дейді. Бұл Ұлттық банк межелеп отырған деңгейден жоғарырақ.
“Brent” маркілі мұнай бағасы биыл барреліне 85 доллар деңгейінде тұрақтауы мүмкін. Бұл болжам алдыңғы қазан айындағы шолумен салыстырғанда түзетілді (ол кезде барреліне 88 доллар деп айтылған). Болжамның төмендеуі мұнай өнімдеріне сұраныстың тұрақсыз болып қалуына байланысты. 2023 жылға арналған шикі мұнай фьючерстері құбылмалы сауда жағдайында өз құнының 10 пайыздан астамын жоғалтты және 2020 жылдан бергі ең үлкен жылдық төмендеуін тіркеді. Бұл кезең Таяу Шығыстағы геосаяси қақтығыстар және бүкіл әлемдегі негізгі өндірушілердің мұнай өндіру деңгейіне қатысты алаңдаушылығымен тұспа-тұс келді. Мұнай нарығындағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары ретінде ОПЕК+ елдері 2024 жылғы бірінші тоқсанда мұнай өндіру көлемін қосымша қысқарту туралы келісімге қол жеткізген еді. Осы келісімнің аясында Сауд Арабиясы мұнай өндірісін төмендетуді тәулігіне 1 млн. баррельге дейін ұзартты. Бұл келісімнің Қазақстанға да қатысы бар. Біз өндірісті тәулігіне 82 мың баррельге дейін қысқартуға тиіспіз.
Сарапшылар серіктес-мемлекеттер экономикасының өсім қарқыны 2024 жылы 1,7 пайыз болады деп күтеді.
AERC-тің қазандағы шолуында орташа айлық жалақының номиналды өсімі жылдық 17 пайыз деп көрсетілген еді. Алайда бұл жолы 15,7 пайыз деп түзетіліпті. Деректің жаңаруы өткен жылы үй шаруашылықтары табысының салыстырмалы түрде жоғары өсу қарқынына байланысты. Тиісінше, бұл 2024 жылы жылдық негізде жоғары база жасайды.
Орталық сарапшылары тұтынушылық инфляцияға қатысты болжамдарын да жариялады. Орташа есептегенде былтыр инфляция 14,5 пайыз болды. Жоғарыда атап өткеніміздей, биылғы орташа инфляция деңгейі 8,8 пайыз болуы мүмкін. Қазан айында 8,6 пайыз деген еді. Осы жолы оны жоғарылатуға себеп болған фактор – Ресейдегі жоғары инфляцияның күтілуі. Сондай-ақ желтоқсанда Қазақстанда ақша массасының өсу қарқынының күрт жеделдеуі де ескерілген. Былтыр соңғы айда елдегі ақша массасы айлық мәнде 7,4 пайызға өсіпті. “Өткен жылдың соңында ақша массасы өсімінің жоғары қарқыны биылғы инфляцияға кейінге қалдырылған өсім әсерін тигізуі мүмкін, Қазақстандағы өнеркәсіптік инфляция 2024 жылы болжамға сәйкес 3,2 пайызды құрайды. 2023 жылғы орташа есеппен елде (-)1,1 пайыз деңгейінде өнеркәсіптік дефляция тіркелді. Тұтыну және өнеркәсіптік инфляция болжамын ескере отырып, ІЖӨ-нің орташа жылдық дефляторы 2024 жылы 9,9 пайызды құрайды”, – делінеді шолуда.
Әсет ҚАНАФИН.