«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАНЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәсіби сарапшылар биыл­ғы экономикалық ахуалға қатыс­ты болжамдарын жария етті. Олардың меңзеуінше, биыл был­тырға қарағанда даму үдерісі біршама өспек.

2023 жылдың қорытындысы бо­йынша Қазақстан экономикасы тәуір өсім – 5,1 пайыз көр­сетті. Экономиканы қолдан­­ба­лы зерттеулер орталығы (AERC) эко­но­мика 2024 жылы да ілгері­лей­ді деп күтеді. Олардың болжамын­ша, биылғы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 4,6 пайызды құрауы мүмкін. Сонымен қатар AERC орташа жылдық инфляция деңгейі 8,8 пайыз болады дейді. Бұл Ұлттық банк межелеп отырған деңгейден жоғарырақ.

“Brent” маркілі мұнай бағасы биыл барреліне 85 доллар деңгейін­де тұ­рақ­тауы мүмкін. Бұл болжам ал­дың­ғы қазан айындағы шолумен салыс­тырғанда түзетілді (ол кезде бар­реліне 88 доллар деп айтылған). Бол­жамның төмендеуі мұнай өнімдеріне сұраныстың тұрақсыз болып қалуына байланысты. 2023 жылға арналған шикі мұнай фьючерстері құбылмалы сауда жағдайында өз құнының 10 пайыздан астамын жоғалтты және 2020 жылдан бергі ең үлкен жылдық төмендеуін тіркеді. Бұл кезең Таяу Шығыстағы геосаяси қақтығыстар және бүкіл әлемдегі негізгі өндірушілердің мұнай өндіру деңгейіне қатысты алаңдаушылығы­мен тұспа-тұс келді. Мұнай нарығын­дағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары ретінде ОПЕК+ елдері 2024 жылғы бірінші тоқсанда мұнай өндіру көлемін қосымша қысқарту туралы келісімге қол жеткізген еді. Осы келісімнің аясында Сауд Арабиясы мұнай өндірісін төмендетуді тәулігіне 1 млн. баррельге дейін ұзартты. Бұл келісімнің Қазақстанға да қатысы бар. Біз өндірісті тәулігіне 82 мың баррельге дейін қысқартуға тиіспіз.

Сарапшылар серіктес-мем­лекеттер экономи­ка­сының өсім қарқыны 2024 жылы 1,7 пайыз болады деп күтеді.

AERC-тің қазандағы шолуында орташа айлық жалақының номиналды өсімі жылдық 17 па­йыз деп көрсетілген еді. Алайда бұл жолы 15,7 пайыз деп түзетіліпті. Деректің жа­ңаруы өткен жылы үй шаруа­шы­лықтары табысының салыстырмалы түрде жоғары өсу қар­қынына байланысты. Тиі­сінше, бұл 2024 жылы жылдық негізде жоғары база жасайды.

Орталық сарапшылары тұ­тыну­шылық инфляцияға қатыс­ты болжамдарын да жариялады. Орташа есептегенде был­­тыр инфляция 14,5 пайыз болды. Жоғарыда атап өткені­міз­дей, биылғы орташа инфляция деңгейі 8,8 пайыз болуы мүмкін. Қазан айында 8,6 па­йыз деген еді. Осы жолы оны жоғарылатуға себеп болған фактор – Ресейдегі жоғары инфляцияның күтілуі. Сондай-ақ желтоқсанда Қазақстанда ақша массасының өсу қарқы­нының күрт жеделдеуі де еске­ріл­ген. Былтыр соңғы айда ел­дегі ақша массасы айлық мәнде 7,4 пайызға өсіпті. “Өткен жылдың соңында ақша массасы өсімінің жоғары қар­қыны биылғы инфляцияға кейінге қалдырылған өсім әсе­рін тигізуі мүмкін, Қазақ­стан­дағы өнеркәсіптік инфляция 2024 жылы болжамға сәйкес 3,2 пайызды құрайды. 2023 жылғы орташа есеппен елде (-)1,1 пайыз деңгейінде өнер­кәсіптік дефляция тіркелді. Тұтыну және өнеркәсіптік инфляция болжамын ескере отырып, ІЖӨ-нің орташа жылдық дефляторы 2024 жылы 9,9 пайызды құрайды”, – делінеді шолуда.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp