Петропавл қалалық соты 53 елікті атқан төрт браконьерге үкім шығарды. Оларға қылмыстық топ құрып, заңсыз аңшылықпен айналысты деген айып тағылған еді.
Гр. деген қылмыстық топ құрып, оның құрамындағы Гн., Ж., З. 2022 жылдың күзінен 2023 жылдың 27 ақпанына дейін қару-жарақ пен автокөлікті пайдаланып, Петропавлдың маңында заңсыз аң аулаған. Осылайша 53 сібір елігін атып алған. Салдарынан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына 68 млн. теңгеден астам шығын келген. Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
Алайда З. өз кінәсін мойындамай, ақтауды, Гр., Гн., Ж.-де кінәсін мойындамай, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Петропавл қалалық соты Гн., Ж., З.-ның кішкентай балалары барын жазаны жеңілдететін жағдай деп қарады. Гр.-дың қылмысты бірнеше рет жасауы, қылмыстық топ құруы – оның жазасын ауырлатты.
Нәтижесінде Гр. 11 жылға сотталды, ол қылмыстық атқару жүйесінің максималды қауіпсіздік мекемесіне орналастырылады, қалған үшеуі – Гн., Ж., З. 8 жылға бас бостандығынан айырылды, олар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ сотталғандар аңшылықпен айналысу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.