«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛДЫҚ АДАСТЫРМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызметші азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы, өзіне жүктелген міндеттемелерді адал орындауы тиіс. Сонымен қатар әріптестерімен қызметтік қарым-қатынас барысында олардың ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуы, меритократия қағидаттарын сақтауы, кадр мәселесінде туыстық, жерлестік, жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуі шарт. Әдеп кодексінің талаптары бойынша өзгелермен жақсы қарым-қатынаста болуы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын сақтамаудың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың алдын алу, жұмыстан тыс кезде заң бұзушылықтарға жол бермеу басты парыз саналады. Осылайша қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану секілді алты қағидатқа негізделеді. Қызметтен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмауы тиіс. Парасаттылық, адалдық сияқты тәртіптік әдеп стандарттарын сақтай отырып, әрекеттері, қылықтары, жүріс-тұрысы арқылы мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмеуі, үлгілі мінез-құлқы ізеттілік пен адалдықтың маңызды көрінісі болып табылады. Оны мүлтіксіз орындау әрбір қызметкердің қоғамдағы жауапкершілігін күшейте түседі.

Қызметтік әдеп стандарттарының бірі – қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну. Құмар ойындарға шамадан тыс әуестік мемлекеттік қызметшілерді басқа заңсыз табыс көздерін (сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беру және басқа да оңай ақша табуға бағытталған әрекеттерге бару) іздеуге итермелеуі, тура жолдан тайдыруы мүмкін. Мемлекет басшысының 2023 жылғы 2 қарашадағы № 396 Жарлығымен Әдеп кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметшілерге қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне баруға тыйым салынған.

Ата-бабаларымыз ар-абыройын баға жетпес құндылыққа балаған. “Пайда ойлама, ар ойла” деп текке айтпаған,  “Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық…” деп хакім Абай атамыз айтып кеткендей, адам үшін ар-ұждан бәрінен қымбат. Осы нақыл сөздерді әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, жадына тоқып, өмірлік ұстанымына айналдырса, құба-құп болар еді.

Өзекті тақырыпты қозғай отырып, мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарып жүргенін атап өткім келеді. Солардың кейбіріне тоқталып өткенді жөн көрдім.

Шал ақын ауданында дүниеге келген Гүлден Қазбекова жоғары білім алған соң еңбек жолын Баян орта мектебінде тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі болып бастаған. 2005 жылдан мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүр. Бүгінде кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы. Адал еңбегі мен мінсіз қызметі үшін Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен, “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл” мерейтойлық медалімен марапатталған.

Елена Ереженова 1963 жылы Атырау қаласында туған. Тарих пәнінің мұғалімі, заң бакалавры. Петропавл қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің бас маманы, бөлім жетекшісі, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндеттерін атқарған. Қазіргі уақытта облыс әкімі аппаратының әлеуметтік-экономикалық даму бөлімінің бас инспекторы. Марапаттары аз емес.

Ернияз Сұлтан да – тәжірибелі мемлекеттік қызметшілердің бірі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін “қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімі” мамандығы бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы жалпы білім беретін мектеп-интернатында қазақ тілі мұғалімі болып бастаған. Қазір облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы. Жалпы жұмыс өтілі – 15 жыл. Облыс әкімінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын иеленген.

Азамат Байтеміровтің білімі жоғары, математик, заңгер. 2001 жылы өңірлік жаңа технологиялар және білім беру орталығына жұмысқа орналасқан. Кейін білім департаментінің жетекші маманы, облыс әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарған. 2021 жылдан цифрлық технологиялар басқармасының басшысы.

Аталған мемлекеттік қызметшілердің жалпы сипаттамалары олардың жоғары беделін, өзі ісіне адалдығын, кәсіби шеберлігі мен сауаттылығын, әріптестерімен және азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылығы мен жауапкершілігін айғақтайды.

Сейілхан СЕРІКБАЕВ,

облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp