«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒАЛАЙ БІЛМЕГЕНГЕ БАҚ ҚОНБАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайғағы көп тарихтың тар жолында менің қазағым не көрмеді?! Осыншама ұлан-ғайыр жерге ие болу, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бізге табыстау, бабала­рымызға оңай болмағаны анық. Атақонысын білектің кү­шімен, найзаның ұшымен қорғаған бабаларымыздың арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүріп жатырмыз.

Халқымыз азаттықты аңсап, аттың жалында, түйенің қомын­да күн кешкелі қай заман. Сонау 646-731 жылдар арасында өмір сүрген Тоныкөк бабамыз: “Күндіз отырмадым, түнде ұйықтама­дым!” – деген екен. Оның арманы халқының еркіндігі еді. Осындай асыл бабаларымыздың арманы бүгін ғана орындалып, Тәуелсіз­дікке қолымыз жетті.

Қазаққа егемендік аспаннан түсе қалды деп әсте айта алмай­мыз. Ұлтымыздың осы жолда көр­ген қиындығы мен қорлығын ай­тып тауысуға болмас. 300 жылға созылған жоңғармен жауласу, орыс отаршылдарының езгісі, әділетсіздігі, Патша үкіметі мен Ке­ңес заманындағы 300-ден ас­там ұлтазаттық көтерілістер – мұ­ның бәрі сол замандағы шерлі тарихымыздың басы ғана. Ал 1918-1919, 1921, 1931-1933 жыл­да­ры бірінен соң бірі болған ашаршылықта 5 млн. қазақтың қырылуын мүлде ұмыта алмай­мыз.

Қуғын-сүргін зұлматынан бет­ке ұстар белсенді қоғам қайрат­керлері жазықсыздан халық жауы атанды. Арыстарымыздың саналы ғұмырлары қамауда, абақтыда, айдауда өтіп, қорлық­пен, азаппен, адам төзгісіз жағ­дайда өмірден озды. Олардың көбі өмірден қызық көрмеген жас шағында бақиға аттанды.

1941-1945 жылдар арасын­дағы Ұлы Отан соғысында ал­дыңғы қатарда болған, жаяу әс­керді құраған да менің халқым еді. Сол жылдары елде соғыс­тың зардабын көрмеген қайғы-қа­сі­ретін тартпаған бірде-бір ша­ңырақ қалмады. Әжелеріміз, ана­ларымыз, әпке, жеңгелеріміз, ұзақ күнге, таңның бозарып атқа­нынан, күннің үлкен қызыл шарға айналып батқанына дейін кол­хоздың жұмысында болып, түн­де сығырайған шамның жары­ғымен соғыстағы жауынгерлерге бөкебай, шұлық, қолғап тоқыған. Күнұзаққа үйде қалған шиеттей балаларға қамқор болып, өздері жартылай аш жүріп, аз ғана мыз­ғып, үлкен ерлік жасаған да қай­ран қазақтың әйелдері.

Азаттық жолындағы ең соңғы қан­төгіс 1986 жылы желтоқсанда болды. Бұл – жай ғана оқиға емес, қазақ рухының серпілісі, дүмпуі еді. Осы уақытта да өрімдей қа­зақ жастары, студенттер жалын­дап тұрған жастық шақтарымен, арманға толы өмірлерімен қош­тас­ты. Жастардың қаны судай ақты, итке таланды, аяусыз соқ­қыға жығылды, тепкіленді, зор­лық-зомбылық көрді, жазықсыз жала жабылды. Қаншама жас отаудың шаңырағы көтерілмеді. Шамы жанбады. Қаншама сәби-нәресте жарық дүние есігін аша алмады. Жас Әлихан, жас Ах­мет, жас Міржақып, жас Мағжан, жас Сәкендер қазақ еліне ең­бегін сіңіріп, қызмет ете алмай кетті. Сол кездері Жұбан Молда­ға­лиев: “Қақаған қыста қызда­рым­ның бұрымы қиылып, ұлда­рымның алаңда қан жоса болып жатқанын көргенше, соғыс даласында өліп кеткенім дұрыс еді!” – деп көзіне жас алыпты.

Өскелең жас ұрпақ Желтоқ­сан көтерілісінің мәнін, маңызын, қасиетін де, қасіретін де, Тәуел­сіз­дігіміздің бастауы екенін білулері керек. Желтоқсан көтерілі­сінің көптеген елдерге, азаттық алу жолында, үлгі-өнеге болған­дығын біліп, қадірлеп, қастер­леп, мақтан етіп жүрулері керек. Қалмақтың қылышына туралып, отарлау саясатының отына күйіп, аштықта қынадай қыры­лып, сталиндік репрессия зама­нында қуғын-сүргіндерді басы­нан өткерген, қаншама зұлмат-зобалаңдардың куәсі болған ме­нің халқымның тартпаған азабы, көрмеген зорлық-зомбылық пен қорлығы жоқ екен.

Тәуелсіздік – осы қиындық­тардың өтеуі сияқты көрінеді. Осы бақытты бастан ұшырып алмасақ екен. Тәуелсіздігімізді баянды ету, оны нығайту еркіндік алудан да қиын.

Рақымшылық, мейірімділік, қа­нағатшылдық тегінде бар қа­зақ­пыз ғой. Сондықтан да елі­міздегі атқарылып жатқан жақсы істерді дұрыс түсініп, ақылға са­лып, санамызға түйіп, қол жеткі­зіп жатқан жетістіктерімізді бір-бірімізге айта жүрейік. Көпке жа­нашыр болайық.

Егемендігімізді баянды етуде аға буынның да арқалар жүгі ауыр. Біз, қариялар, шетелдерге еліктеп, ашық-шашық киінуге, құ­мар ойынға қызыққандарға, әл­сіздерге әлімжеттілік көрсететін­дерге, өз елінің ортақ мүлкін қи­ра­туға әуестенген жастарға жа­нашырлықпен қарап, оларды өмірден алған тә­жірибемізбен, ақыл-кеңесімізбен дұрыс жолға салуымыз керек. Кей­бір психологтар жастарға: “Ал­дымен өзіңді сыйла, сен өзін­ді сыйламасаң, сені ешкім сый­ламайды!” – деп, бағыт береді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Мұндай кеңестен өзімшіл жастар өсіп шы­ғады. Бала өсе келе өзімен шек­теліп қалады. Оған ата-әже, әке-шеше, аға-іні, көрші де, ағайын да қажет болмайды. Осылай қа­лыптасқан мінез қатыгездікке, мейірімсіздікке әкеліп соғады. Бұл қазаққа жат нәрсе. Кешегі өз тәрбиемізді еске алып көрейікші. Сиыр бұзауласа анамыз уыз пісі­ріп “Көршілерге апар! – деп, бізді жұмсайды. Құймақ құйса да, бауырсақ пісірсе де, бір уысқа са­лып: “Бар атаңа, әжеңе апар. Ыстықтай жесін!” – деуші еді. Біз қуана-қуана жүгіре жө­нелетінбіз. Одан кем болған жоқ­пыз. Бөліскен жерде ысырап бол­майды. Әрі қарым-қатынас жақ­сарады. Жанашырлық, үлкенге деген құрмет солай дариды.

Кеше ғана “Домбыра – ха­рам!” деп ылаң салғандарды да көрдік. Мен бұл хабарға қын­жылып қалдым. Ондай аранда­туға мүлдем көңіл аудармай, ұлт­тық құндылықтарымызды, бол­мысымызды сақтауымыз керек. Қазақ халқы аман тұрғанда дом­бырамның қоңыр үні, қобызым­ның мұңды сазы жүрегімізді тебі­рентіп, бойымызды балқытып, ешқашан үзілмейді.

Жиренше шешен: “Қайран да менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!” – деп, керілгенде аяғы сыртта жатады екен. Қалай бол­ған күнде де, біз өз үйіміздеміз, өз мемлекетіміздеміз, өз Отаны­мыздамыз, өз Қазақстанымыз­дамыз! Сондықтан да өз үйімізді аялап, күтіп ұстайық.

Осы жасқа келгенде біздерді мазалайтын, жүрегімізді ауырта­тын мәселелер аз емес. Осы күні шаңырақтың шайқалуы азай­май-ақ қойды. Біз осындай ұлт па едік? Ұлы дала елінде бір­де-бір түрме, бірде-бір жетімдер немесе тастанды балалар үйі болмаған қазақ едік қой! Еркіндік деген сайын мүлде бетімізбен кетіп бара жатқандаймыз. Хал­қы­мыз: “Әке үйдің тірегі, ал ана – үйдің жүрегі!” – дейді. Шаңырақ шайқалса, қарттар күтімсіз, ба­лалар жетім қалады. Ұл туса, ұр­пағымыз, әулетіміз көбейетінін, ал қыз туса ұлтымыз көбейіп, мем­лекетіміз көркейетінін жақсы білеміз. Ендеше ұлдарымызға әкеден өсиет, қыздарымызға ана­дан қасиет берілетінін ұмыт­пайық.

Жабайы аң мен құстың өзі баласы үшін шырпыр болады. Ал біз адамбыз ғой. Біз анамыз ғой! Неге жүрегіміз ауырмайды? Менің ойымша, әйел рақым­шыл, ақылды, қанағатшыл бол­са, шай­қалған шаңырақтар саны азаяр еді. Әйел дана бо­луы керек!

Ана тілі, қазақ тілі мәселесі де біз сияқты қарттарға түнде ұйқы бермейді. Менің ойым: қа­зақ тілін үйренуге, мұқтаждық бо­луы шарт және балалар бақ­ша­сын сапалы, жүйелі қазақ тілі­не ауыстыру, қазақ тілді таза мек­тептерді көбейту керек. Дағыс­тан халқының ақыны – Расул Ғам­затов: “Ана тілін білмеуің, ананың ақ сүтін ақтамауың!” – деп, өсиет қалдырған. Бұдан артық не дей аламыз.

Ендігі ең өзекті мәселе – жас­тар тәрбиесі. Шығыс ойшылда­ры­ның бірі: “Сен маған жаста­рың­ды көрсет, мен еліңнің ертеңі қандай болатынын айтып бе­рейін!” – депті. Жастар – ел бо­ла­шағы. Тәуелсіздігіміздің ны­ғаюы алдымен жастарға байла­нысты. Сондықтан әр отбасын­да ұлттық тәрбие орнықса игі. Әр ата-ана жарық дүниеге әкел­ген баласына қамқор болулары керек. Бала­мен сырлас болу, әңгімелесу, өңіл бөлу, құ­шақтау, бауы­рына басу, еңбекке баулу қажет. Балада бос уа­қыт болмауы ке­рек.

Ал мектеп, патриоттық тәр­бие арқылы Қазақстаным, менің Отаным, елім, халқым деген ұлы сөздерді жаттанды емес, біздің кезіміздегідей, жүрегімен ұғына­тындай етіп үйретулері ке­рек. Ақиқат, ар, намыс, адамгер­шілік, қайырымдылық, әділдік, ер­кіндік – осы қасиеттердің бәрі жастар­дың бойына сіңуі қажет. Халқым: “Әкенің баласына жақ­сы тәрбие­ден артық берері бол­майды”, – деп бекер айтпаған.

Жас ұрпаққа білім мен тәр­бие беретін мұғалім, міндетті түрде аз пәнінің маманы, педа­гогика мен методиканы жақсы мең­гер­ген, мейірімді, ұлтжанды – жақсы маман болуы керек. Мектептің мұғалімдерін даяр­лайтын, жоға­ры оқу орындары­ның оқытушы­лары да жан-жақты білімді, ұлт­тық болмысы қа­лыптасқан, ұлт­тық идеямен қа­ру­ланған болула­ры міндетті. Мемлекетіміздің бо­лашағы, Қа­зақстанымыздың қан­дай болуы – жастардың тәрбие­сіне тікелей байланысты. Тәуел­сіздікті сақтау үшін әр адам өз ісінің білгір маманы, адал еңбек ада­мы бо­луы тиіс. Қоғамдық сананы оя­та­тын, халықты жақсы іске бас­тайтын, жақсы тірлік әре­кетіне жетелейтін, рухтандыра­тын, жігерлендіретін, мемлекет­тік мүддеге ұйыстыратын, ұлттық мақсатқа, бірлікке ұйымдасты­ратын ұлттық идеология қажет. Әйт­песе заман ыңғайы қиын бо­лайын деп тұр.

“Бағалай білмесек бақ қон­байды, құрметтей білмесек, құт қонбайды”, – деген халық даналы­ғын жадымыздан шығармайық. Нендей жағдай болса да бірлі­гіміз бытырамасын, ыры­сымыз ыдырамасын.

Жастарымыз бабалары те­рін, қанын төгіп, боздақтардан, қо­­ғам қайраткерлерінен, Алаш аза­маттарынан айырылып, қа­лың қазақ азап шегіп, қорлық, зорлық-зомбылық көріп, тәуел­сіздікке ауыр жолмен жеткенін ұмытпай, намысты, рухты болса екен.

Ойымды көк түрік дәуірінің кө­­семі – Тоныкөк бабамның “Жауыңды басындырма, Хал­қын­ды ашындырма”, – деген сөзімен аяқ­тағанды жөн санадым. Бұл сөз­дер еліміздің әр азаматының ұс­танымына айналуы тиіс.

Қымбат ИСМАНОВА,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp