Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының құрылғанына үш жылдың жүзі болған. Осы уақыт ішінде бірталай жұмыстың басы қайырылған. Былтырдың өзінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау бойынша жүздеген арыз қаралыпты. Өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылаған облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бердібек Мұстафинның айтуынша, ең көп қаралатын даулардың бірі – жерге қатысты мәселелер. Сонымен қатар тұрғын үй бағытындағы түсінбестіктер, салық саласындағы келіспеушіліктер бойынша істер де жиі кездеседі.
– Жалпы 144 шешім шығарылды. Оның ішінде 99 талап арыз қанағаттандырылды, 45 талап арыз бойынша қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімдер шығарылды. Яғни 68,7 пайызы қанағаттандырылды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, – дейді Бердібек Мұстафин.
Сот мемлекеттік органдарға орын алған заң бұзушылық фактілерін болашақта қайталамас үшін жеке ұйғарымдар да жібере алады. Былтыр мұндай 30 құжат жолданыпты. Әкімшілік істерді қарау кезінде тараптарға ақшалай өндіру шарасы да қолданылады. Мәселен, қаралған істер бойынша 32 ақшалай өндіру шарасы қолданылған. Оның ішінде 4 әкім, 6 мемлекеттік орган басшысы, 3 жеке сот орындаушысы бар. Оларға заң шеңберінде 10 және 20 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіру шарасы қолданылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.