– Жомарт Жақсылықұлы, сіздің есіміңіз өңір жұртшылығына жақсы таныс. Жерді несібе көзіне айналдырған диқансыз. Бұл саланы таңдауыңыздың сыры неде?
– Диқан боламын деп еш ойламаған едім. Бұл кәсіпті тағдырдың сыйы деп білемін. Әкем Жақсылық – жер төсін емген шаруа адамы. Еңбек Қызыл Ту орденін иеленген, адал еңбекті өмірінің мәніне айналдырған. Келмеске кеткен кеңес өкіметі құрамында болған он бес республиканың диқандары арасында үздік атанған.
Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары еңбек адамына деген құрмет ерекше болды ғой. Сауыншы, малшы, диқан, жүргізуші, механизаторлар сый-құрметке бөленіп, қашан да төрден орын алатын. Ес білгелі естіген әңгімем, үйде дастарқан басында отырғанда айтылатын басты тақырып егіншілік болатын. Мысалы, Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқан атақты механизатор, тың игеруші, еңбек ардагері Кәмшат Дөненбаева, еңбек жолын Жамбыл ауданындағы “Баян” ұжымшарынан бастаған комбайншы Құрманғали Сұрағанов, “Благовещенка” кеңшарында тракторшы болған Төлебай Мұстафин, “Заградов”, “Тораңғұл”, “Киров” кеңшарларын басқарған Есім Шайкин Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұл – атақ-дәрежеңді көтермесе де, мақсат-мүддеге жетелемесе де, жұмысқа деген құштарлығыңды оятатын мотивация, ынталандыратын марапат.
Біз бәріміз бірдей ғалым, математик, физик болмаймыз, барлығынан академик шықпайды. Есекті құйрық-жалы бар екен деп бәйгеге қоспайсың ғой. Сол сияқты әрбір адам өзінің қабілетіне сай мамандықты таңдап, соған бейімделуі керек.
Мен егіншілікті жайдан-жай таңдағаным жоқ. Осы кәсіпті игерсем деген ұмтылыс пен сүйіспеншілік мені осы салаға алып келді. Бала кезімізден кезекпен қой бағып, қолымызға шалғы алып, шөп шауып өскен ұрпақ өкілі болғандықтан, салық органынан жан рахатын таппай, ауыл шаруашылығына бет бұрдым. Қазір қырда жүріп, көңілім сүйсінеді, кәсібімнен ләззат аламын. Өз ісіңді сүйіп атқарғаннан асқан бақыт жоқ екен.
– Ғалымдардың айтуынша, егіннің бітік шығуына әсер ететін фактор көп. Соның бірі – жердің құнарлы болуы. Жер құнарынан айырылмау үшін не істеу қажет?
– Жерді тек қана табыс көзі деп ойлаған диқан ерте ме, кеш пе, міндетті түрде күйзеліске ұшырайды. Банкрот болады. Жер мен диқан қарым-қатынасы ана мен баланың байланысындай болуы шарт. Жерге ана деп қарауға міндеттіміз. Анаңа құрмет көрсеткендей жерді аялай алсаң, Жер-Ананың баласына деген мейірімі ешқашан сарқылмайды. Бала махаббатың болмаса, саған жемісін бермейді.
Мен жермен тілдесемін. Егістік басында отырып, топырақпен сөйлесемін, мұңымды шағамын. “Жер-Ана, Алла разы болсын саған. Жемісіңді бердің, рақмет. Міне, тынысыңды ашу үшін жыртып тастадым. Екі өкпең ашылып, дем алып жатсың. Дем ал. Ылғалмен қанық. Алла жазса, келесі жылы тағы да жылы қойнауыңа дән түседі”, – деп балаша еркелеймін.
Қызылжар – әлемдік нарықта сапалы бидайымен атағы шыққан өңір. Аграрлық ғылыммен, терминология ілімімен сөйлер болсақ, әр диқан өзіне тиесілі жерді ғылыми түрде зерттеп, сол жерге сай келетін, сол жердің өнімін арттыратын дүниелерді таба білуі керек.
Қазір ғылым дамыған. Әкем жұмыс істеген кезде егіннің сапалы шығуына кері әсерін тигізетін арамшөпті өсірмеуге арналған дәріні арнайы парашют шашса, қазірде химиялық заттардың бірнеше түрі пайда болды. Тыңайтқыштардың түр-түрі шығып жатыр. Егіншілікті дамытып, өніміміз әлемдік нарықта бәсекеге түсу үшін шығынын аз шығарып, бағасын бір қалыпта ұстап, көлемін арттырып, сапасын биік қылуымыз керек. Топырақтың құрамын зерттейтін технология да бар. Бұрынғыдай жаңбырдың жауатынын, жаумайтынын бұлтқа қарап болжамайсың, алдағы ауа райының қалай болатынын 5-7 күн бұрын білуге болады.
– “Алдымен экономика, содан кейін саясат”, деген қағида бар. Бұл тұжырыммен келіспейтін жандардың дені “ең алдымен мәдениет дамуы керек”, – деген пікір айтады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл сөздің синонимі – адамзаттың екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі”, – деген нақылы ғой.
Журналист үшін журналистика, диқан үшін ауыл шаруашылығы, яғни, әркім қызмет ететін өз саласын өмір мәніне айналдыруға тырысып бағады. Менің түсінігімше, кез келген сала маңызды рөл атқарады.
“Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек”, – деп жырлаған асыл Абайдың өлеңін сараласақ, мәдениет – жүрек, экономика – ақыл, саясат – қайрат болып тұр ғой. “Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, ғылым сол үшеуінің жөнін білмек”. Сондықтан үшеуін бір-бірінен бөліп-жармауымыз керек.
– Шекараның шебінде орналасқан өңірімізде көптеген ауылдар жойылып, жұрты ғана қалуда. Шаңырағы ортасына түскен елді мекендердің қатарында біздің туған жеріміз Амангелді ауылы да бар. Ата-бабаларыңызға құтты қоныс болған жердің төмпешікке айналғанына жаныңыз сыздайтын болар?
– Қазақта “бос жер жау шақырады”, деген сөз бар. “Шекарашы” елді мекендердің жойылғанына қарсымын. Сәл кейінге шегінсем, кеңес үкіметінің келеңсіз тұстары өте көп болды. Ұлтқа да, мәдениетке де зиян келтірді. 1931 жылы Амангелді ауылы құрылды. 1931 жылға дейін ол жерді қалың қазақ құтты мекеніне айналдырған еді.
1928 жылдары аштықты қолдан жасап, халықты қинағанда ата-бабамыз Омар, Көбен, Байсымақ қыстауларында тұрып, өз әлінше ғұмыр кешті. Қыстау-қыстауда тұрған халықты ұжымдастыру саясаты жүріп, кеңес үкіметі шаруа жүргізудің жаңа жүйесін реттеп, жаңа ауылдар құрды. Сонда атамыз “Шіркін-ай, Омар қыстауында кеңдікте жатушы едік. Ауыл деп тап-тар жерге тықты”, – деп туып-өскен жерін аңсайтын. Біз ата-бабамыздың қыстау мен жайлауда тұрғанына қайран қаламыз?
“Ауыл құрыды. Енді не болдық?” – деп емес, “Заманға сай қалай дамимыз? Елдікті, мемлекетті қалай сақтаймыз?” – деп ойлануымыз керек. Әрине, Амангелдінің, сол сияқты талай елді мекеннің құрығанына жан ауырады.
2022 жылдың күзінде жазушы Сафуан Шәймерденовтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға қатысу үшін өңірімізге Тұрсын Жұртбай, Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Жақып сияқты әдебиеттің бүгінгі алыптары келді. Олар Амангелді ауылын аралап көрді. Сафекеңнің ауылының мүшкіл халге түскеніне алаңдады.
– Адамзат баласының дамуы үшін сын қажет. Шәкәрім ақын бір туындысында: “Сөккенің болсын – сүйгенің, достығың болсын – күйгенің, ащы тілмен тигенің, жоғалсын деп міндері”, – дейді ғой. Бірақ қазақ қоғамы сын естуге әлі де даяр емес сияқты көрінеді маған?
– Бұл – өте терең сұрақ. Тұңғиық, түбі жоқ. Жауабын философиядан іздейміз. Бұл сауалға жауап беру үшін тағы да Абай атамызға жүгінеміз.
“Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек”, – дейді данышпан.
“Санасыз, ойсыз, жарым ес, өз ойында ар емес” деген ойын отыз жетінші қара сөзінде сабақтап: “Көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал”, – дейді.
“Мініңді тапса кім сынап,
Аяғына, бар, жығыл.
Қап, бəлем деп кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл!”, – деп
Шәкәрім атамыз Абайдың сөз астарына сүңги түседі.
Психологиялық құлдықтан шыға алмағандар сын естігенде терілеріне сыймай шатынап шыға келеді. Сынағанға өшігіп, тұла бойындағы құлдық синдромдар қалдығын сөзімен жоққа шығаруға тырысып бақса да, ісімен қалай көрсеткенін аңғармай қалады.
Сыртқы сөзiң шын болса,
Iшiң толған жын болса,
Жүрегiңде мiн болса,
Айтқан сөзiң ем емес!” – деп Құдайбердінің баласы айтқандай қоғамды мен жаратқан жоқпын, сен де жаратқан жоқсың. Жаның ашып, ішің жылып, сынын айтып, мінін түзетуге ниеттенгеніңді көбі түсіне бермеген соң айтқан сөзіңнің салмағы болмайды екен.
Шәкәрімнің: “Біреудің мінін көргенше, Жамандығын тергенше, Өз ойыңды мазалап, Өз бойыңды тазалап, Өзіңмен күрес өлгенше!” – деген сөзін көкейге түйіп, ғибрат алатындар некен-саяқ. Айналаңдағыларды сынамас бұрын, кінәні өзінен іздемейтіндер көп қазіргі қоғамда мін мен сын төңірегінде әңгіме қозғағанымыздың өзі қателік.
Басшылыққа – ақыл, жолдастыққа – терең ой серік болғанда ғана адам өзіне өзі сыншы болады екен. Өзін жаттай сынаған адамның биіктерден көрінетінін өмір өткелдері дәлелдейді емес пе?
– Сіз өлеңдері мен қара сөздерін саралап, талдап-талқылап жүрген Абай атамыздың көтерген келелі мәселелері әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Данышпан қазақ жастарын орыс тілін меңгеруге үндеді. Ұлы тұлғаның бұл үндеуін тура мағынасында түсініп, тілі мен тегінен қағынан безген құландай жеріп жүргендер бар. Бұған не дейсіз?
– Абайдың айтуынша, орыс тілінің пайдасын көруге тиіспіз. Егер ХХІ ғасырға қайта оралып келсе, ағылшын тілін меңгеруімізді талап етер еді.
Ғұламаның сол заманда орысша оқыған қазаққа берген кеңесі мынадай: “Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, барша қазаққа соны үйретейік!”, “Орысша оқығандардың жәрдемімен орыстың озық жұмыс тәсілдерін түсініп көргендер және оларды үйренушілер көбейсе”, “ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік”. Міне, қараңғы халық арасында өмір сүрген Абай ойшылдың арманы: қазаққа ұлық болып келгенде империяда бар заңды белінен басып, өз дегенін қалауынша жасай беретін отаршыл орыстың озбырлығына бас шұлғи бермеу, “ұлықсыған орысқа” емес, баршаға ортақ заңға ғана бағыну. Ал бұл үшін орыстың тілін білу қажет. Орыстың тілін “қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек”. Осындай пайымдарын тарқата келе, ақын ойын былай шегендейді: “Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!”
Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түспеді ме? А.С.Пушкин, И.А.Крылов, М.Лермонтовты қазақ тілінде сөйлетті. Гетені де Лермонтов арқылы қазақ қоғамына әкелді. “Желсіз түнде жарық ай”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Қараңғы түнде тау қалғып” қазаққа ауамен келмеген шығар. Орыс және Еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформаторға мін тағу ақылға сыймайды.
“Абай рентген сияқты, кеудеңе тоссаң бүкіл иттігің көрінеді”, – деп ақын Серік Ақсұңқарұлы айтқандай, “бір сөзі мың жыл жүрсе дәмі кетпес” тұлғаның кез келген шығармасы – өмірдегі айнаң. “Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме, ниетің қисық болса, ағайынға өкпелеме”, – дейді қазақ мақалы. Сондықтан сенің кемшілігіңді дөп басқан Абайды кінәлама. Ісіңнен сайқымазақтың әрекеті байқалмағанда досқа – таба, дұшпанға – күлкі болып, сен айтқан қоғамның мазағына қалмас едік. Өзің мінсіз болсаң, кімнің жала жапқысы келеді? “Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін өзінде күйе болу керек”, – дейді ғой жерлесіміз Ғабит Мүсірепов.
Абайды оқу – әр қазақтың борышы.
Бес жасынан екі көзі бірдей көрмей қалған нағашы атам – Ғабдолбәри Төлегенов жанына жайғасқан әр адамға Абайдың өлеңін оқытып қойып жаттап алатын еді жарықтық. “Бір өлеңін жаттасам, екіншісі шығады, одан әрі – үшіншісі, бірінен бірі өтеді, бәрін жаттап алғым келеді”, – дейтін көзі тірісінде. Екі көзі бола тұра көкірегінің соқырлығынан Абайды оқымаған адамдарға қарап, қара шалдың әр сөзін мүлкіне айналдырып, С.Мұқанов, Т.Ахтанов, Ғ.Құлахметов, Е.Раушановтарды таң қалдырған зағип жанның аруағынан ұяламын.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.