Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі студенттер арасында зияткерлік ойын өтті. Ұйымдастырушылар – “Amanat” партиясының облыстық филиалы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігі. “Кедергісіз келешек” партиялық жобасы аясында өткен іс-шарада ерекше қажеттіліктері бар жастар білімдерін сынға салды.
– Біздің ұйымның құрылғанына 10 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыттың ішінде көптеген жобаларды іске асырдық. Одан бөлек мүгедектігі бар жандардың арасында түрлі іс-шаралар өткіздік. Негізгі мақсатымыз – олардың белсенділіктерін арттырып, қоғаммен байланыс аясын кеңейту. Жыл сайын шығармашыл жандарға арналған байқаулар ұйымдастырылады, – деді “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” ЗТБ директоры Ақжан Кәрім.
Зияткерлік ойынға жергілікті жоғары оқу орнының және Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері қатысты. Колледждің 2-курс студенті Динара Тайманованың айтуынша, осындай ойындар арқылы жастар білімін дамытып қана қоймай, жаңа адамдармен танысады, өмірге деген құлшынысы оянады.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.