«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ – ИГІЛІКТІ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдіктің кезекті жиынында жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүк­телген міндеттерді жүзеге асыру жоспары, өткен жылы атқарылған жұмыс­тардың қорытындысы талқыланды. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысы еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсу міндетін қойғанын, облыстың одан арғы дамыту перспективаларын белгі­леудің маңызына тоқталды.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзел­баев­тың баяндамасы тың­далды. Өте өзекті санала­тын 10 мәселе бойынша ин­вес­тициялар тартудың, өнді­ріс­тің дамуына тың серпін бе­рудің, коммунал­дық-энергетикалық сектор­ды жаңғыр­тудың, экономи­каны цифр­ландырудың, әлеуметтік са­ланы ре­фор­малаудың ба­сым бағыт­тары белгіленді. Ны­саналы ша­ралардың бірі өнеркә­сіптік кәсіпорындар­дың өндірістік қуатын толық пайдалану бо­лып табы­лады. Тау-кен өнер­кәсібінде та­биғи құрылыс материалда­рының, яғни құм мен саздың мол қоры жинақ­талған. 286 кен орны барланған. Тау-кен өн­діру секто­рының әле­уетін құ­ры­лыс индустриясына пай­да­лану арқылы бұл салада­ғы ЖІӨ көлемін 25 млрд. тең­геге дейін жеткізуге бола­ды. Имантау-Шалқар курорт­тық аймағында, Сергеев су қоймасы маңында туристік инфра­құрылымды ілгеріле­тудің жолдары белгіленген.

Бұдан бөлек, тұрақты жұ­мыс орындарын құра оты­рып, қолданыстағы өндіріс­тер мен жаңа жобаларды ке­ңейтуге, экономиканың нақ­ты секторына инвестиция құюға, мемлекеттік бағдар­ла­малардың есебінен жал­пы табысты және әлеуметтік салық кірістерін ұлғайтуға, маңызды стратегиялық са­лаларды қаржыландыруға баса назар аударылмақ.

Баяндамашы обьектілер құрылысының кешеуілдеуі бюджеттің өнімсіз шығыста­рына, жобалардың қымбаттауына соқтыратынына мысалдар келтірді.

Петропавл қаласында олимпиадалық резервке мамандандырылған мектеп-интернат колледжі үшін 244 адамға арналған жатақхананың бастапқы жобалау-сметалық құны 865,7 млн. теңгеге бағаланған. Алайда жұмыс жүргізу кестесінен артта қалушылық салдарынан сметалық құжаттама түзетіліп, 1079,7 млн. теңгеге шарықтап шыға келген. Жамбыл ауданында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жағдайы да осыған ұқсас. Түзетуге дейін жоба құны 330,1 млн. теңге болса, мердігерлердің міндеттемелерді орындамауы салдарынан жобаны іске асыру мерзімі созылып, 178,5 млн. теңгеге қымбаттап кеткен.

Тұтастай алғанда, өңірдегі жобалардың қымбаттау көрсеткіші 23 млрд. теңгеден асып жығылады.

Инфрақұрылым обьектілерін болмаса халыққа сапалы қызметтер көрсету мақсатында ресурстарды біріктіруге және тәуекелдерді бөлуге негізделген мемлекеттік – жекешелік әріптестік негізінде 10,1 млрд. теңгенің 42 жобасына келісімшарт жасалған. Білім беру саласында 4,2 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асырылады.

Алайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді қолдану жайы әлі де қанағаттандырмайды. Кейбір басқармалардан ұсыныстардың түспеуіне байланысты келісімшарт түзілмеген. Балабақшалардағы орын тапшылығы, қатты қалдықтар сақтайтын полигон, лагерьлерді жаңарту, туристік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, ағынды суларды тазарту, энергияның баламалы көздерін табу сияқты мәселелер өз кезегін күтіп тұр. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру механизмі де өзгерістерді қажет етеді. Облыстың биылғы мемлекеттік сатып алу жоспары – 214,4 млрд. теңге, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 61 пайызға артық. Бүгінге дейін жоспардың 60 пайызы игерілген.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуын мал және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу есебінен ұйымдастыру шаралары туралы баяндады. Өсімдік шаруашылығында экспортқа бағдарланған дақылдарды көптеп өсіруге басымдық беріліп, егістік көлемі мен әртараптандыру одан әрі жалғасады. Жыл сайын машина-трактор паркінің кемі 8-10 пайызы жаңартылып отырады. Жаңбырлатып және тамшылатып суаруда су үнемдеу технологиясы енгізіліп, суармалы алқаптар көлемі 10,1 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Бекітілген “Жол картасы” шеңберінде 42 жоба іске асырылады. Қазір 18 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде өңірде ел бойынша сүттің бестен бірі өндіріледі. Соңғы үш жылдың ішінде сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаты 13,8 пайызға артып, жылдық сүт өндіру көрсеткіші 388,8 мың тоннадан 451,3 мың тоннаға дейін көбейді.

Десек те, шешімін тез арада табатын мәселелер жоқ емес. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы – АӨК жеткіліксіз қаржыландырылады. Берешек 2022 жылы – 25 млрд, 2023 жылы 29,7 млрд. теңгені құрады. Қарызды жаба отырып, жаңа тапсырмалар қабылдау үшін республикалық бюджеттен 48 млрд. теңге мөлшерінде қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. 2024 жылға ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау 60,8 млрд. теңге болып бекітілген. Бұл – 2023 жылға қарағанда 23,1 пайызға аз.

Президент тапсырмасына орай қаражат республикалық, жергілікті маңызы бар жолдардың сапалы болуына бағытталады. Өңірдегі жолдардың жалпы ұзындығы – 8416,2 шақырым, оның ішінде республикалық – 1970, жергілікті – 6446,2 шақырым. Былтыр бұл мақсатқа 40 млрд. теңге бөлініп, 770 шақырым жол қалпына келтірілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нормативтік жағдайға сәйкес келетін жолдардың үлесі 72 пайызға жетті. Биыл қарастырылған қаражат – 47,4 млрд. теңге, 826 шақырым жол жөнделеді.

Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов экономикаға инвестиция тартуға байланысты атқарылып жатқан шараларды баяндады.

Басты назар “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар үшін ішкі және сыртқы инвестцияның айтарлықтай көбеюіне аударылады. Бүгінгі таңда 20 қатысушы қызығушылық танытып отыр. 300 млрд. теңге қаражат орнымен ұқсатылса, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазір 4 жоба бойынша жұмыс басталып кеткен.

Баяндамашы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілгенін айта келіп, денсаулық сақтау жүйесіне де тоқталды.

“Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” бағдарламасы аясында 46 медициналық нысан тұрғызылады. Оның 8-і жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі.

Облыстық әкімдік отырысын қорытындылаған өңір басшысы өз ойын қолдағы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, шұғыл түрде шешімдер қабылдаудың барлық жолдарын қарастыру қажет деген міндеттермен түйіндеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp