“Көк түріктің семсері” атанған Күлтегін бабамыздың “халқын жұтатпайтын қаған бақытты” деген сөзі әр қазақтың шаңырағының төрінде ілулі тұрса, еш артықтық етпес еді. Бабаларымыз егемендікті сан ғасырлар армандап, сол үшін қанын төгіп, жанын пида етіп, аманаттаған мемлекеттің иесі – бүгінгі ұрпақ “мың өліп, мың тірілген” шексіз құрбандықтың қиямет зардабын ұмытпаса, жадынан шығармаса, жан жүрегімен сезінсе екен дейсің. Жаратқан иеміздің берген “сыйын” көздің қарашығындай сақтап, әрі қарай дамыту бәріміздің – абзал борышымыз, перзенттік парызымыз.
Бұл тұрғыдан зерделесек, бірінші кезекте қазақстандықтарды “бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай” ұйыстырып, өрелі мақсаттарға жетелеп келе жатқан Мемлекет басшысына түсетін салмақ та, жауапкершілік те ауыр. Президенттің жаңа әділетті Қазақстан құру жолындағы ізгілікті қадамдары мен ауқымды реформалары көңілге сенім ұялатады, ертеңге деген үкілі үмітімізді оятады. “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек” сұхбатында “күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор. Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатымызды сарп етеміз. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз” деуінен озық ойлы ұлт, нағыз отаншыл азамат жалпыұлттық құндылықтарды бәрінен жоғары қоюы керек деген талабын анық бағамдауға болады. Мен өзіме сыралғы, етене жақын тақырып аясында толғана отырып, екінің бірі қалам тарта бермейтін мәдени-рухани байлығымыздың бірегейі – музыка төңірегіндегі мәселелерді газеттің оқырмандар қауымының назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы “музыка” сөзіне “әуез” деген айрықша реңк беріп, ұлттық мағынасын аша түскен. Құлаққа қандай жағымды, көкейге сондай қонымды. Грек тілінен аударғанда “музалар өнері” дегенді білдіреді. Әсем әуен ой-қиялыңа қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгеді, ол – жүрек тілі, сезімдер әлемі, өзгеше ғажайып жан сарайы. Ұлтқа бөлінбейтіні сондықтан. Десек те, ұлттық музыканың орны бөлек. Қазақ халқының мәдени-рухани болмысының жаңаша қырынан танылуына зор үлес қосқан орыстың этнограф ғалымы Григорий Потанин “Маған барша қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді”,–деуі содан болар. “Қазақтың отаншылдық жігеріне толы халық музыкасының ешкімге, ештеңеге ұқсамайтын ерекше тартымдылығы сондай, қазақ әнін тыңдағанда күллі дала көз алдыңнан өткендей болады” Ромен Роллан. Шетсіз-шексіз дала төсінде жыл құсындай көшіп-қонып, ғұмыр кешкен қазақтың керуен-көшін домбырасыз, қобызсыз көзге елестету мүмкін емес. Академик Ахмет Жұбанов қазақтың 10 мың дәстүрлі әні мен 5 мың күйін картотекаға енгізіп, әлемдік өркениеттегі баға жетпес байлыққа айналдырды. Күй атасы Құрманғазының теңдесі жоқ туындыларының бірегейі – “Сарыарқа” күйі ұшса – құстың қанаты, жүгірсе – аңның тұяғы талатын Ұлы Даланың иесі мен киесі кім екенін паш етіп тұрған жоқ па! Осынау баға жетпес рухани байлықтан нәр алып, шығармашылықтың өзегі еткен ата, аға, бүгінгі буын композиторлары тыңдарман-көрермендерге тамаша туындылар ұсынып, “Қазақтың композиторлық мектебін” қалыптастырды. Еліміз басынан кешкен небір қилы да қиын жылдары “Қыз Жібек” (Е.Брусиловский, Ғ.Мүсірепов, 1934 ж.) “Абай” (А.Жұбанов – Л.Хамиди, М.Әуезов, 1944 ж.), “Біржан – Сара” (М.Төлебаев, Қ.Жұмалиев, 1946 ж.) опералары жазылды. Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, сол кезде өнерге, оның ішінде музыкаға ден қоятындай мүмкіндік болмағандай көрінеді. Ойлап қараңызшы, 30-шы жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін нәубеттері, оған жалғасқан ит қорлық, азаптау, ату, абақтыға қамау… Соның аса қайғылы көрінісінің бірі – тұңғыш филология ғылымдарының докторы, профессор, тіл білімінің негізін қалаушы, әлемнің 16 тілін еркін меңгерген, “ән”, “би”, “бақсы”, “жыр”, “домбыра”, “күй”, “қобыз”, “сыбызғы”, “толғау” атауларының этимологиясын талдап берген Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың (Ахмет Жұбановтың інісі) қасіретті өмірі. Ол 1937 жылы 23 желтоқсанда ату жазасына кесілгенде соңғы сөзінде былай деген екен: “…Байство – цвет и сила казахского народа, давали государству скот, мясо, шесть, кожу и хлеб. Когда конфисковали байство, пустили по ветру нечислимые богатство страны, развалили веками сложившееся хозяйство, оставшись у “разбитого корыта”, начали кричать о перегибах. Эта значит – смерть значительной части казахского народа, и только казахского народа. Русские в Казахстане не голодали и не умирали. Казахский народ стал жертвой социализма. Надо освободить его от этого социализма; а это мы можем добиться только путем создания независимого буржуазно – демократического государства”.
Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын гобой аспабы бойынша және музыка тарихы мен теориясы факультетін үздік бітірген ағамыз 1932 жылы аспирантурада оқып жүргенде тосын шешім қабылдайды. Қазақстанды жайлаған ашаршылық алапатын естіп, қолынан келгенше халқының еңсесін көтеріп, залалын жеңілдетуге үлес қосу үшін елге жол тартады. Келе салысымен музыка техникумын ашып, кәсіби ұлттық мамандарды даярлауға білек сыбана кірісіп кетеді. Ленинград консерваториясының түлегі, еврей Евгений Брусиловскийді, Мәскеу консерваториясының опера студиясын бітірген татар Латиф Хамидиді Алматыға арнайы шақыртады. 1939 жылы Мұқан Төлебаев, Құддыс Қожамияровтармен бірлесіп, Қазақ композиторлар одағының шаңырағын көтеріседі.
1936 жылы Мәскеу қаласында қазақ өнерінің бірінші онкүндігінің аса жоғары деңгейде өткені мәлім. Бұл шараны ғаламат ұйымдастырған (осында Күләш Байсейітованы Иосиф Сталин “Қазақ бұлбұлы” деп атап, оны бірінші рет тағайындалған КСРО халық артисі атағымен марапаттады) талантты драматург, режиссер Жұмат Шанин да “халық жауы” атанып кете барды. Арада он жыл өткен соң “Қыз Жібек”, кейін “Абай”, іле-шала “Біржан – Сара” опералары ұлттық опера өнеріміздің алтын қазынасы, қайнар бұлағы, классикасы болды. Осы феноменнің сыры неде деген сұраққа жауап іздей келіп, сол кездегі ел басқарған азаматтардың елдік, ерлік ұстамымен, шынайы жасампаздық ісімен, биік ұлттық сана-сезімімен, адамгершілік парасатымен тығыз сабақтас, бөліп-жару мүмкін емес екенін аңғарамыз. 1950-1990 жылдары Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Базарбай Жұманиязов, Анатолий Бычков, Мансұр Сағатов, Алмас Серкебаев, Тілес Қажығалиев, Балнұр Қыдырбек, Серік Еркімбеков сынды композиторлардың опера, балет, мюзикл жанрларындағы музыкалық-сахналық туындылары көрермендердің құлақ құрышын қандырғанын қалай ұмытамыз?
Ал тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған шағымызда, яғни 33 жыл ішінде, бірде-бір отандық музыкалық жаңа туындының сахналанбауы қалай? Ел тарихындағы бұрын айта да, жаза да, маңайына жолай да алмайтын қаншама тақырыптар қойылымдарға сұранып тұр десеңізші. Бұрын опера және балет театры Алматы қаласында ғана болса, енді Астана және және Шымкент қалаларында шаңырақ көтерді. “Астана Опера” театры техникалық, шығармашылық әлеуеті жағынан дүниежүзілік стандарттар талабына сай, ХХІ ғасырдың ғажайып архитектуралық үлгісі деп таңдай қаққанымызбен, жергілікті композиторлардың тұпнұсқалы туындыларына бірде-бір арнайы тапсырыс түскен емес. “Неге олай?” – деген сауалымызға салаға жауапты шенеуніктер қаржы көзі қарастырылмағанын алға тартып, әңгімені қысқа қайырады.
Отандық кәсіби музыка саласындағы көкейкесті мәселенің бірі – балалар музыкасына тікелей қатысты. Адам бойындағы барша ұлттық құндылықтар балабақша мен мектепте қалыптасатынын ескерсек, бұл мәселе де дереу шешімін табуы қажет. Әлі есімде, кеңес одағы ыдырап, еліміз тілмен айтып жеткісіз экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезеңде ұлтымыздың рухани жанашырларының бірі, бірегейі, Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков қажетті қаржыны тауып, қазақ композиторларына тапсырыс арқылы балабақша сәбилеріне, мектеп оқушыларына әндер жазғызған болатын. Бүгінгі мәдениет басшыларының құлағына – алтын сырға!
1976-2010 жылдары Қазақ теледидары мен радиосы комитетінде, “Өнер” баспасында, Мәдениет министрлігінде жауапты қызметтер атқардым. Осы себепті лауазымды тұлғалардың мемлекет қаржысын жымқыру, оңды-солды шашу сияқты істерін жақсы білемін. Сол басшылар қазір БАҚ беттерінде, интернет чаттарында “сүттен – ақ, судан – таза ғажап мемлекет қайраткерлері” болып жүр. Мәселен, Лейла Бекетова-Храпунова (қашқын ұры-қылмыскер В.Храпуновтың зайыбы) теледидар мен радио корпорациясының президенті болған кезде Д.Қонаевтың тікелей қолдауымен 1969 жылы өз алдына отау құрып, ХХ ғасырдағы қазақ өнері мен әдебиетінің, мәдениетінің шежіресін жасаған “Қазақтелефильм” студиясын жекеге сатып, су түбі құрдымға жіберді. Небір керемет шығармашылық өнімдер қажетсіз деп табылып, қоқысқа тасталды. Қазақ композиторларының, оның ішінде Нұрғисаның, Әблахаттың, Шәмшінің, Әсеттің, Ескендірдің әндерін алғаш орындап, тыңдарманның жан азығына айналдырған қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрі таратылып тынды. Корпорацияның бай кітапханасы тоналды. “СоюзГосциркке” қарасты қазақ циркі 1991 жылы сол кездегі Мәдениет министрлігінің меншігіне өтіп, өнімді еңбек етті. Көп кешікпей оның негізін қалаушылардың бірі, мықты менеджер, ұжым директоры, қазақ циркінің ардагері Қалдық Бегеновтың басына қара бұлт үйірілді. “Таң” телеарнасында (басшысы – Лейла Бекетова-Храпунова), “Қараван” газетінде қазақ циркі, оның директоры туралы лас, жалған ақпараттар үзбей беріліп, халық санасына теріс пейіл туғызды. 1997 жылы “Астана-Холдинг” компаниясының президенті Мұхтар Әблязов Қазақстан үкіметіне Қазмемциркті “құтқару” жөнінде ұсыныс беріп, бұл мәселе премьер-министр Әкежан Қажыгелдин тарапынан қолдау тапты. 20 жыл бойы түскен табыстың 90 пайызын иемденген Әблязов 5 жыл ішінде циркке 1,5 млн. доллардан астам қаржы құямын деген сөзінен тайқып шыға келді. Оның Смирнов деген жандайшабы Қалдық Бегеновті қызметінен қуып, шығармашылық топтар қаңғып қалды. Хайуанаттар аштан қырылды. Жаңа басшылық тек қана шетелдік цирк топтарымен жұмыс істеді. Қалдық Бегеновтің жан айқайына ешкім құлақ аспады.
Ал Әблязовтің тобы болса, цирк ғимаратының маңдайшасына “Мужской клуб Арлекино” деген жазу іліп, жертөле қабатында алақандай ашылмалы терезелері бар кішкене-кішкене кабиналар тұрғызды. Ол біз кинода ғана көретін “голубойлардың” мекеніне айналды. Оған циркті қайтарып алу комиссиясының мүшесі болғанда куә болғаным бар.
Қазақ теледидарының 1958-1990 жылдар аралығындағы алтын қорға енген телеөнімдері цифрландырылып, жинақталып қойылған еді. Қанды қаңтар оқиғасы кезінде теледидар ғимаратына басып кірген лаңкестер қойған оттан бірі қалмай өртеніп кетті.
“Бір адам – самал, екі адам – амал, үш адам – жамал, төрт адам – қамал!” – дейді дана халқымыз. Жоғарыда Күлтегін бабамыздың есті адамның ойын онға, санасын сан-саққа бөлетін ғибратты пайымын текке келтірген жоқпын. Президентіміздің айналасына топталып, ауызбірлікте, туысқандықта, имандылықта қызмет етсек, өркениетті елдер қатарына қосыларымыз айдан анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа жыл алдындағы сұхбатында атап көрсеткендей, дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды.
Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,
композитор.