Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің дипломын алған күні достарым: “Сен екі бірдей университетті тамамдадың. Біріншісі – мемлекеттік, екіншісі – Хамза Абдуллиннің университеті”, – деп құттықтаған еді.
Өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Алматыға алғаш барған жылдары ақын-жазушылармен кездесулерді босатпауға тырысатынбыз. Әдеттегідей кездесулердің бірінде ҚазМУ-дің түлегі, әдебиетші Нәби Жүнісбаев бұрын біз естімеген өлең жолдарын оқыды:
“Жасаушы ием, кең әлемді
Құдіретіңмен бір өзіңнің,
Жерге рухтан ұрық септің
Күшіменен күн көзіңнің”.
Өлеңнің үйлесімді ұйқасы, әуезділігі, мазмұны өн бойымды балқытып, терең иірімге тарта жөнелді. Кездесу соңында Нәби ағадан: “Бұл кімнің өлеңі?” – деп сұраған едім, ол жымиып:
– Сен грузиннің атақты ақыны Шота Руставелиді білмейсің бе? – деді сынай қарап.
– Естуім бар, – дедім мен.
– Шота Руставелидің атақты “Витязь в тигровой шкуре” атты поэмасының қазақша аудармасы. Оны тәржімалаған кім? – деп қарсы сұрақ қойды.
Мен ыңғайсызданып қалдым. Шынымды айтсам, поэманы оқымаған едім. “Оқымадым”, десем: “Білдей университеттің журналистика факультетінде жүріп, әлемдік деңгейдегі грузин ақынының шығармасынынан неге хабарсызсың?” – дегенді айта ма деп, қысылғаннан өзімді қоярға жер таппадым.
Алайда Нәби аға мені тығырықтан өзі шығарды.
– Оны Мағжан Жұмабаевтың шәкірті Хамза Абдуллин аударды. Қайбір білгіштер “Жаһанкез” деген сөзден үріксе керек, “батыр, ер” деген баламаларды тықпалаған ғой. Бірақ бірбеткей Хамзекең бірде-біреуінің ұсынысын қабылдамай тастапты. “Жаһанкез” батыр деген ұғымды бермейді деп бір жағынан әдебиет сыншылары атойлағанымен, оларға сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің өзі тоқтау салыпты. Сөйтіп, бұл кітап Ғабит Мүсіреповтің алғысөзімен жарық көрген, – деп Нәби аға бірталай әңгіменің басын қайырды.
– Хамза Абдуллиннің жасы нешеде? – деймін мен енді қызығушылығым оянып.
– 60-тың жуан ортасында. Екі баласы бар. Ұлының есімі – Шота. Ал қызына осы поэмадағы Тинатин ханшайымның атын берді.
– Олар ендігі үйлі-баранды шығар, – деймін мен тықақтап.
– Жоқ. Ұлы мен қызы – мектеп жасында. Талайлы тағдырды бастан кешкен адам ғой. Өмірінің саналы ғұмыры түрмеде өткен. Ақын Мағжан Жұмабаевты естуің барма? – деді ол бүкіл денесімен маған бұрылып.
– Иа, – дедім мен.
– Ендеше, Мағжан Жұмабаев – Хамзекеңнің туысы. Студент кезінде Мағжанның үйіне барып жүрген. Хамза Абдуллин – тағдыр тауқыметін бір кісідей басынан кешкен жан. Егер оның өмірбаянын өз аузынан естігің келсе, таныстырайын, – деді Нәби аға.
Келесі аптада Хамза Абдуллиннің үйінде жолығатын болып келістік.
Маған Шота Руставелидің “Жолбарыс тонды жаһанкезінің” қазақша аудармасына Ғабит Мүсірепов алғысөз жазды деген сөз ерекше әсер етті. Ертеңіне университеттің кітапханасына барып, поэманың қазақша нұсқасын сұрастырдым. Міне, мұқабасы сұр түсті қалың кітап та қолыма тиді. Беттерін парақтап, Ғабит Мүсіреповтің алғысөзін тауып алдым. Акедемик-жазушы көлемі шағын лебізінде тәржіменің жоғары деңгейде жасалғанын жеріне жеткізіп айтып, еңбекке үлкен баға беріпті. Осыдан кейін Хамза ағамен жолығуға дайындалдым.
Ақынның үйі “Таугүл” шағынауданында екен. Есікті ол кісінің өзі ашты. Бойы ортадан сәл жоғары, қара торы, жүрісі ширақ кария бізді жылы жүзбен қарсы алды.
– Дария қызыңыз – Кереку өңірінің тумасы. Сізбен арнайы жүздесуге келді, – деп Нәби аға таныстыруды ұмытпады.
– А-аа, Арқаның қызымын де. Бәсентиін Малайсарының елінен екенсің ғой.
“Жиылдың өңшең ноян ығай-сығай,
Бажігіт, Тасболат пен би Толыбай,
Ту баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры Қарауылдың шешен нардай”, – деп Хамза ата Мағжанның жырларын асқақтата оқи жөнелді.
Ақының жұмыс бөлмесі кең екен. Жазу үстелінің тұсында кекіл шашы бұйраланып маңдайына түскен аққұба өңді сұлу келіншектің портреті тұр. Үлкен көздері күлімсіреп қарайды. Бір қарағанда бұлбұл әнші Бибігүл Төлегеновадан аумайды.
– Менің алғашқы жарым – Бақыт. Еуропа, Ресей түрмелерін адақтап келген соң, Бақытқа қосылдым. Мамандығы мұғалім еді. Әдебиетті бір кісідей жақсы көретін. Менің өлеңдерімді тегіс жатқа біледі екен. Екеуімізді поэзияға деген құштарлық жарастырды. Алайда жұбайлық өміріміз ұзаққа бармады. 32 жасында құрт ауруынан қайтыс болды, – деді Хамзекең әңгімесін одан әрі жалғастырып. – Оның сұлулығына бәрі тамсанатын. Маңдайымның соры бес елі ғой. Алла маған қалған өмірімнің мәніне айналған Бақытты да көп көрді.
Шай үстінде ақсақал бізге қазақ халқының ұлы перзенттері Мұстафа мен Мағжан жайлы ел әлі де біле бермейтін тың деректерді, Мюнхендегі “Азаттық” радиосы қазақ редакциясының редакторы Хасен Оралтай туралы толымды әңгіме шертті. Кеңестік өкімет дәуірінде өмір сүріп жатқан біз үшін жоғарыда есімдері аталған Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтардың есімдері беймәлім еді.
Ақынмен кездесу журналистік салаға енді қадам басқан менің өміріме айтарлықтай өзгеріс әкелді. Кейін Хамзекеңнің үйіне жиі баратын болдым. Ол кісінің пәтеріне журналистика факультетіндегі орыс бөлімшесінің, өзге де жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінің студенттері жиі бас сұғатын. Қайсы бірі ақын – аудармашы туралы жазған әңгіме-очерктерін көрсетіп, қарияның батасын алатын еді.
Уақыт өте келе Хамза Абдуллиннің отбасына кәдімгідей бауыр басып кеттім. Жатақханада тұру мерзімім аяқталғанда, қарт ақын сөзге келместен маған өз пәтерінің бір бөлмесін босатып берді. Кейін мені туған қызындай көрді.
Хамза атамыз әр таңертеңгілікте асқа отырар алдында міндетті түрде Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқитын еді.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда Ер Түрігім туып өскен.
Тұранның тарихы бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Абай мен Сәкеннің өлеңдерін жаттап өскен маған оның бұл әрекеті бір түрлі тосын көрінетін. Бірақ Мағжан өлеңдері күн сайын құран сөзіндей санамызға құйылатындықтан ба, кейін оның отты шумақтарын бесік жырындай аузымыздан тастамайтын едік.
Университет корпусындағы үлкен кабинетте әріп теретін машинкалар тізіліп тұратын. Аудандық газетте жұмыс істеп қолым жаттыққан мен бос уақытымда Хамза Абдуллиннің қолжазбаларын машинкаға басып беретін едім. (Кейбір қолжазбалар бертінге дейін менде сақталды. Мақала жазу барысында қайсы бір деректерді осы қолжазбалардан пайдаландым).
Хамза Абдуллин Солтүстік Қазақстан облысының Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданында туған. Өзінің айтуынша, Мағжан олардың отбасына құда бала болып келеді екен. Ақынның атасы Жұмабай қажы мен Хамзаның атасы Жақып қажы балалары бесікте жатқанда құдаласқан. Жұмабайдың Рәзия атты қызы әкесі Жармұхамедтің інісі Тұрашқа кішкентай күнінен атастырылған екен. Ақынның әкесі Бекен болыс болған кезде Жармұхамед би болыпты.
“Мағжанды мен алғаш рет 1927 жылы тамыз айының соңғы күндерінде көрдім. Ұлы ақынның сүйген халқының алдында тағзым етіп, кешірім сұрап тұрған “Тоқсанның тобыры” атты өлеңмен жазған өтініші жауапсыз қалды. Осыдан соң әкем Жармұхамед Мағжан тағдырының түзелмейтінін білген соң, ақынды туысқандарымен қосып қонаққа шақырады. Мақаң өзінің көптеген туыстарымен би үйіне келеді. Ақынға үлкен құрмет жасалады. Мағжан Жұмабаев мені бауырына басып, маңдайымнан иіскеді. Қолтаңбасын жазып, кітабын сыйға тартты (Мағжанның өз қолтаңбасын жазып, сыйлаған кітабы шыны шкафтың ішінде тұратын. Қарт ақын оны аялап, құлыпқа салып ұстаушы еді).
1929 жылдың жазында күллі Алашорда мүшелерін ұстап, түрмеге жабу науқаны басталды. Мағжанды Қызылжар қаласында тұтқындады. 1930 жылы он жылға сотталды. Барлық алашордашыларды Мәскеу қаласындағы Бутырка түрмесіне қамады. Мағжан 1936 жылдың басында М.Горькийдің жәрдемімен түрмеден босап, Қызылжар қаласында тұрды. А.С.Пушкин атындағы жеті жылдық орыс мектебінде орыс тілінен сабақ берді. 1937 жылы мен Алматыдағы Коммунистік журналистика институтына түстім. Мағжанның Алматы қаласына көшіп келген беті. Араға екі, кейде үш күн салып Лесная көшесі, 89-шы үйдегі ақынның пәтеріне барып тұратынмын. Мені көргенде Мақаң қуанып қалады. Ол кезде ақынның үйіне ешкім де бас сұқпайтын. Тіпті Жамал, Зыхатай, София, Мәрзия сияқты жиендері де, Жақия деген жездесі де есігін ашпайды. Өйткені қыркүйек айында Жамалдың ері Тауфық Бердіғожинді, Зықатайдың күйеуі Жанғабыл Көтібаровты “Халық жауы” деп ұстап әкеткен. Ал Софияның күйеуі Хамза Есенжановта “Аждаһаның” аузына қашан түсерін білмей, қалшылдап отырған кезі болатын.
Дария ЕРҒАЗИНА,
журналист.