Облыс мектептері ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында аптаның бір күнін қазақтың өнері мен салтына арнап, жұмада ұлттық киім киюді дәстүрге айналдыра бастады.
Петропавлдағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектеп ұстаздары мен оқушылары алғашқылардың бірі болып бұл бастаманы қолға алды. Білім ордасындағы барлық сынып оқушылары әр аптаның жұма күні қазақша киініп жүруге әдеттенбек. Балалар ғана емес, мұғалімдер де бұл күні заманауи этностильде киініп, әшекейлер тағады.
“Біз бұл игі бастаманы “Біртұтас тәрбие бағдарламасы” аясында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында қолға алдық. Президентіміз: “Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді” деді. Біз мектеп болып “Ұлттық киім кию” күнін өткізетін болдық. Бүгін оқушыларымызбен үзіліс уақытында қазақтың ұлттық ойындары “Ләңгі тебу”, “Арқан тартыс”, “Асық ату”, “Бес асық” ойнатылды. Балалардың ой-өрісін дамыту мақсатында “1 мақал – 1 бауырсақ”, “Қызықты викторина” ойындары өткізілді”, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Зұлқарнаева.
Мектептің 1-сынып оқушыларының ата-аналары балаларына қазақша стильде тапсырыспен арнайы киім тіктірген.
Ұстаздардың пікірінше, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттау мектептен басталуы тиіс. Қазіргі уақытта білім ордасында 60-қа жуық мұғалім еңбек етеді. 630-дан астам оқушы оқиды.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық киім кию күнін басқа мектептер де енгізіп жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.